“ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” акционерлік қоғамының (АҚ) еншілес компаниясы – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-да қолданыстағы заңнаманың өзгеруіне және жеңілдетілген несиелерге ауыл тұрғындарының қолжетімділігін кеңейту мақсатында бекітілген несиелеу талаптарына бірқатар өзгерістер енгізілді.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша шағын несиелеу” бағдарламасында мақсатты бағыттар мен мақсатты топтар кеңейтілді. Бұрын алынған несиелерді қайтарған клиенттер мен тірек ауылдарда жобаларды жүзеге асыратын қатысушылар үшін несие көлемі 5 млн. теңгеге дейін үлкейтілді. Сондай-ақ, “Жұмыспен қамту – 2020” бойынша ауыл тұрғындарын әрі қарай шағын несиелеу үшін шағын несие (шағын қаржы) ұйымдарын қаржыландыру бағдарламасы да өзгертілді.
“Кәсіпкер” бағдарламасында қызмет түрлері кеңейтілді: ауылды жерлерде ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылық емес бизнес түрлері қаржыландырылады. Әлеуетті қарыз алушылардың сұраныстарына байланысты несиенің ең төменгі сомасы 3 миллионнан 1 миллион теңгеге дейін азайтылып, қайта ашылатын (қайта ашылмайтын) несие желісін ашу мүмкіндігі енгізілді.
Ислам даму банкімен жасалған келісімшарттың аясындағы несиелеу бағдарламасы бойынша сұраныстың болмағанына байланысты “Салам” несие өнімі жабылды. Сондай-ақ, “Мурабаха” несие өнімі бойынша мүмкіндік кеңейтілді: несиенің ең жоғары сомасы 25 000 АҚШ долларынан 33 000 АҚШ долларына дейін көтерілді. Валюталық тәуекелдің өсуіне байланысты жылдық табыстылық үстемесі 9,5-тен 11%-ға дейін көбейтілді. Ал тиімді табыстылық үстемесі 11,3%-дан аспайды.
Шағын жылыжайларды дамытуға арналған несиелеу жөніндегі “Жылыжай” бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. Әлеуетті клиенттердің сұраныстары мен ұсыныстарына байланысты бір қарыз алушыға берілетін несие сомасы 3-тен 1,5 миллион теңгеге дейін төмендетілді.
– Қоғамның Директорлар кеңесі бекіткен өзгерістер ауыл тұрғындарын шағын несиелеу қызметтерімен кең қамтуға бағытталып отыр, – дейді “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ Несиелеу департаментінің директоры Аслан Қасенов. – Қоғамның алдына 2020 жылға қарай қарыз алушылардың санын 100 мыңға дейін жеткізу мақсаты қойылып тұр. Сонымен қатар, біз несие қоржынының сапасын да үнемі жақсартуымыз қажет.
“Ауыл шаруашылығын қаржылай
қолдау қоры” АҚ баспасөз қызметі.