“Биыл біз тың эпопеясы басталуының 60 жылдығын атап өтеміз және елдің астық қамбасын құру үшін жұмыс істегендердің бәрін еске түсіреміз. Мен ауыр жағдайда тыңды көтеріп, ашық далада инфрақұрылым тұрғызғандардың бәрін құттықтаймын”.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында айтқан осы сөздері өткен тарихтың шежіресіне көз жіберіп, ой қозғауға түрткі болды.
Уақыт керуені күндерді, айларды, жылдарды, ғасырларды артқа тастап, алға жылжып келеді. Өткен уақыттың бедері, белгісі – шыққан Күн мен аспандағы Ай емес, ол – адам. Адам болғанда көп емес, жеке тұлға. Міне, біздің сөз етпек болып отырған кейіпкеріміз өткен ХХ ғасырдың ірі тұлғасы, тың игерудің аптабында күйіп, ызғарында тоңып, маңдай терін төгіп қызмет атқарған Мұзаппар Дайырұлы Дайыров туралы. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің жастарына үлгі болатын, олардың рухы мен санасына әсер ететін мұндай тұлға туралы кешегі бабаларының арда дәстүрін екі ғасырдың көзін көрген біздер жеткізбесек, айтпасақ, аманатқа қиянат болар еді.
Мұзаппар Дайырұлы 1914 жылы бұрынғы Бөкей ордасы, Астрахань аймағындағы Қарабайлы ауылында дүниеге келген. Отбасында он бала болыпты. Ағамыз жеті жасында анасынан айрылады. Әкесі Дайыр колхоздың қойын баққан. Он бір жасқа келгенде әкесіне қолқанат болуға жарап қалған бала Мұзаппар да қойшылық таяғын ұстайды. Сонан соң қой бағып жүріп, ой қуған жеткіншек жеті жылдық мектепті бітірген соң Саратов қаласының Қаржы-жоспарлау техникумына оқуға түседі. Кейін Астрахань қаласындағы Кеңестік партия мектебінен білім алады. 1939 жылы Оралдағы Комвузды бітіріп, еңбек ете жүріп, сырттай Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдайды.
Мұзаппар Дайырұлы өзінің еңбек жолын ұжымшар басқармасының хатшысы және комсомол ұйымының жетекшілігінен бастаған. Ол өзінің адами қасиетін жастай қалыптастырып, әр атқарған ісіне тиянақтылығымен, қиындықтан қамықпайтын қажырлылығымен, еңбек адамдарына адалдығымен ел аузына ерте ілігеді. Жауапкершіліктің ең қадірлісі – ел сенімі. Оның ел сеніміне адалдығын өмір және еңбек жолдарынан көреміз.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ел азаматтары соғысқа аттанды. Қазақстанның батыс өңіріне, атап айтқанда, Жәнібек ауданына да жау бомбалары түсіп, елдің үрей-құтын қашырды. Сол жылдарда Мұзаппар Дайырұлы Орал облысының Жаңақала ауданында, содан кейін Орда ауданында бірінші хатшы болып қызмет етті. Майданға киім-кешек, азық-түлік дайындау – партияның тапсырмасы. Ол мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оның үстіне Мұзекең басқарған аудандар Сталинград майданының тылы болып саналатын. Жаңақала облыс орталығынан шалғай орналасқан аудан, онда 47 ұжымшар, 2 машина-трактор стансасы болды. Сол соғыс жылдарының өзінде мал басын едәуір өсірді. Қияндағы еңбек адамдарының ерен еңбегін Мемлекеттік қорғаныс комитеті өте жоғары бағалап, Жаңақала ауданына бес рет Қызыл ту табыстады, соған қоса 100 000 сом ақша берді. Ауданның бірталай еңбеккерлері мемлекеттік наградалар алды, ал Мұзаппар Дайыров “Отан соғысы” орденімен марапатталды.
1945 жылы ол Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Оның себебі, соғыс жылдарында бұл ауданның шаруашылығы мүлдем құлдырап кеткен еді. Ауданның екі теміржол стансасы, бірнеше елді мекендері бомба астында қалып, көп қиындықты бастан өткерген болатын. Мұзаппар аға Жеңістің жақындап қалғанын, Кеңес әскерінің патриоттық ерліктерін айтып, еңбек адамдарын жарқын болашаққа сендірді, жұртты жұмылдырып, Жаңақаладағы тәжірибесін қолданып, екі жылдың ішінде Орда ауданын алдыңғы қатарға шығарды. Осы жылдарда бір ұжымшардың сегіз адамы Кеңес Одағының ең жоғары мараппаттарына қол жеткізді. Бес адам Социалистік Еңбек Ері атағын, үш адам Ленин орденін алды.
1946 жылы Орда ауданында сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов болады. Облыстың бірінші басшысы Мінайдар Салин алыс ауданға оны апарғысы келмейді. “Онда баруға бір апта уақыт кетеді, тым алыс, жақын аудандарды аралағаныңыз жөн болар еді”, – деп кеңес береді. Оған Ж.Шаяхметов келіспей, үш күн жол жүріп, Ордаға келеді. Сол жолы Қазақстан басшысы Мұзаппар Дайыровтай тұлғаны таниды. Байсалды, сөзі ісіне сай, өрелі, көрегенді азамат екен деген ой түйеді. 1947 жылдың қысында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтеді. Мұзаппар Дайыров депутат болып сайланады. Сол жылы наурыз айындағы сессияда Мұзаппар Дайыров Жоғары Кеңес Төралқасының хатшысы болып сайланады. Елге тұтқа болар азаматты танып, облыс емес, аудандағы бірінші хатшыны астанаға шақыртып, үлкен қызметке тағайындаудың өзі, шындығында, өмірде сирек кездесетін жағдай болатын. Оны Мұзаппар Дайырұлының өзі кейін былай есіне алыпты: “Бұрын аудан шеңберінен шықпаған маған алғашқы кезде оңай болған жоқ. Республика деңгейі тым аумақты, бұрын кеңес жұмысында болмағандық та әсерін тигізді. Ал Жоғары Кеңес президиумының құзырында өте маңызды, күрделі мәселелер шешіледі. Ондағы басшылар Даниял Керімбаев, И.Лукьянец, Шекер Ермағамбетова, Әліби Жангелдин өте тәжірибелі адамдар болды, мені тез баулыды. Жұмысымды игеріп алдым, бар істі қарамағымдағылармен түсінісіп істедік. Үкімет адамдарымен, министрлермен, депутаттармен қарым-қатынастарымыз да айтарлықтай болды”.
1951 жылы оны Жұмабай Шаяхметов өзіне шақыртып: “Ақмола облыстық партия комитетіне басшы болып барасың. Ел көру керек, жер көру керек” деп, үлкен сенім артып, астықты өлкеге жібереді. Осы облыста үш жыл істеген соң, 1954 жылдың басында Дайыров Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші басшысы болып тағайындалады. Осы жылдың наурыз айында Қазақстан компартиясының кезектен тыс съезі өтеді де, онда тың жерлерді игерудің мәселесі қаралып, республика партия ұйымының басшылары жаңарады. Ресейден П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев келеді.
Мұзаппар Дайырұлы екі жыл Мәскеуде білімін жетілдіріп келгеннен кейін Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалып, төрт жыл еңбек етеді. Тың игерудің барлық қиыншылықтарының басықасында болады.
1961 жылы Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына сайланып, батыстан басталған ел басқару жұмысы Қазақстанның шығысына келіп тіреледі. Семей облысында жеті жыл қызмет атқарған оны тағы Алматыға шақыртып, Қазақстанның мол астығын қабылдап, тазартып, жоғары сапаға жеткізіп, КСРО-ның барлық түкпіріне, шетелдерге жіберіп отыратын министрлікті басқару тапсырылады. Мұзаппар Дайырұлы 15 жыл осы қызметте болды.
Мұзекең сол кездің өзінде жаңашылдыққа бет бұрады, кадрлар даярлау мәселесінде үлкен жұмыстар атқарады. Алматыдағы технологиялық университеттің негізгі оқу корпусын салуға қаражат бөлуге ықпал етеді. Сонымен бірге, ол Одақ көлеміндегі мамандардың басын қосып, іс-тәжірибелерімен бөлісетін ғылыми-практикалық конференцияларды да ұйымдастырып отырған. Сондай іс-шараның бірі, 1979 жылы Торғай облысында элеваторлардың техникалық жабдықталуын және астықты өңдеу мен сақтауды жетілдіру жөнінде бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Республиканың Астық дайындау министрлігі М.Дайыров басқарған жылдары шарықтап дамыды, материалдық-техникалық базасы өте нығайды. Атап айтқанда, 15 жылда 300 элеватор, 111 ұн, құрама азық зауыттары, 157 километр темір жол салынды. Бұларға 3 миллиардтан астам қаржы жұмсалды, ол сол кездің өлшемімен қыруар қаржы болатын.
Мұзекең министрмін деп кабинетінде отырып алмай, егіс және орақ науқандары кезінде шаруашылықтарды өзі аралап көріп, кемшіліктерін айтып, жетістікке жеткен жұмысшыларын мадақтап отырды. Міне, ұлтжанды азаматтың, іскер басшының бойындағы жауапкершілікті сезінудің үлгісі осы болар деп ойлаймыз. Кеңес заманының жақсы істері де жоқ емес. Әсіресе, адамдардың ары, ожданы және тазалығы басымдау еді.
Ел басшылығы Мұзаппар Дайыровтың адал еңбегін бағалады. Ол Ленин, Октябрь Революциясы ордендерімен, төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, екі рет “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына 8 рет, яғни 32 жыл бойы сайланды.
2004 жылы 5-6 ақпанда Тың игерудің 50 жылдық мерекесі Астана қаласында аталып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы салтанатта: “Осыдан 50 жыл бұрын Қазақстанда тың игерудің басталғанын кейінгі ұрпақтар білмейді де. Ол кезде Кеңес Одағындай үлкен елге нан керек болды. Бүгінгі қазақстандықтар нанның дәміне, түрі-түсіне қарап таңдап алып жатса – ол кешегі осыдан 50 жыл бұрынғы тың игеріп, тер төгіп, Отан қоймасына миллиардтаған астық өткізген еңбеккерлердің арқасы. Бүгінде Қазақстан өз елімізді ғана емес, көрші елдерді де нанмен қамтамасыз етіп, шетелдерге де экспортқа астық шығарып отыр. Алғашқы тың игерушілердің арқасында Қазақстан ірі астық өндіруші елге айналды. 50 жылда Қазақстан 640 миллион тонна бидай немесе жылына 13 млн. тонна астық өндіріп отырды. Бұл деген жылына жүз миллион адамды нанмен қамтамасыз етті деген сөз. Бұл – ерлік. Осындай ерлік үшін егін даласында тоңып, күн, түн демей жұмыс жасалды” деп, алғашқы жер жыртып, тың игерген азаматтарға шексіз алғысын білдірді. Елбасының осы алғыс сөзі Мұзаппар Дайыровтың атына да арналғаны анық.
Бір ғасырдың жүгін арқалаған азаматтың еңбегі қазақ баласының қай-қайсысына болсын, үлгі, өнеге болары хақ.
Иә, бұл Мұзаппар Дайырұлының азаматтық жолы – ар жолы.
Ал енді адами жолына келсек, оның да азаматтық жолымен бірге өрілгендігін көреміз. Өмірлік жары болған Тәрбияш Алдабергенқызымен 50 жылдан астам бірге өмір сүрді. Олардың отбасында 4 ұл, 3 қыз бала өсіп, ержетті. Балаларының, немерелерінің адал азаматтық келбеті, адамгершілік мәдениеті Мұзаппар аға мен Тәрбияш ананың арттарына қалдырған ұлы мұрасы іспетті.
Өмірде ізгілікті із қалдырған осынау ірі тұлға Мұзаппар Дайыровтың туғанына биылғы 2014 жылы 100 жыл толады. 80 жыл өмір сүріп, елінің Тәуелсіздігін көріп, өзінің жастық жалынымен, қажырлы қайратымен Отанына деген перзенттік парызын адал өтеп, кісілік, адамгершілік арына дақ түсірмеген мемлекет және қоғам қайраткері, жастардың тәлімгері болған ұстаз тұлға, көп бала тәрбиелеген абзал әке рухы ол дүниеде де Алла тағаланың рақым нұрына бөленсе екен дейміз.
Мәңгілік Ел боламыз деген қазақтың азаматтарына үлгі боларлық асылдар осындай даңқты еңбек жолынан өткен, өнегелі ғұмыр кешкен Мұзаппар Дайыровтай тұлғалар екені даусыз.
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
ұстаз, ғалым.