«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫДАН ҚАЛҒАН ЖАРҚЫН ІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің оқу-ағарту ісіне зор еңбек сіңірген жандардың бірі Теңдік Жұсыпова еді. Өкінішке қарай, сандаған шәкірттерінің жүрегінде терең із қалдырған парасатты да ұлағатты ұстаз бүгінде арамызда жоқ. Теңдік апай 1962 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Орман негізгі мектебінде бастауыш сыныптарда мұғалім болса, кейін музыка, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерінен сабақ берді. “Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды” демекші, ол қай кезде де мектептің – жүрегі, қоғамның тірегі бола білді.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, апайымыз бүгінде өзі жоқ болса да, артына жарқын із қалдырды. Әріптестері мен жора-жолдастары Теңдік апайдың адамгершілігін, қиын-қыстау жағдайда ақыл айтып, адамды жадырататын, мол өмір тәжірибесін ортаға салуға асығатын асыл қасиеттерін еске алса, шәкірттері оның білімдарлығын, ұстаздық өнегесін мақтан тұтады. Теңдік Шаймерденқызының алдынан ұшқан сандаған түлектердің бәрі де дүниенің бір-бір кірпіші болып қаланды. Құралай Асылбекова, Шолпан Қалиева, Шынар Баекина, Дәулет Үмітбаев, Ғалым Нұрғожин, тағы басқа да көптеген шәкірттері ұстаз жолын қуды, бүгінде олардың алды зейнет демалысында.

Теңдік Шаймерденқызы ұл-қыз тәрбиелеп, бала оқыта жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Мектепте өткізілген кез келген іс-шараның басы-қасында болып, ақыл-кеңесші бола білді. Жан Жак Руссоның “Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау” деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Ата-аналар жиналысында қыз балалар тәрбиесіне арнап “Қыз баланың тәрбиесі”, “Қызға – қырық үйден тыйым”, “Қыз – болашақ ана”, “Қыз өссе – елдің көркі” сияқты дәрістер оқып, көптеген ашық әңгімелер өткізді.  

Ол 1986 жылы Алматы қаласында өткен республикалық әйелдер съезіне делегат болып қатысты. Осы жылы “Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды.

Көркемөнерпаздар байқауына қатысып, оның да белсенді мүшесі де болды. Әлі күнге дейін тәтейдің әні құлағымыздан кетпейді. “Ағай екеуі домбырамен қосылып ән салғанда жұрт сүйсініп, тыңдаушы еді”, – деп шәкірттері еске алып отырады.

Оның жұбайы Елтай Әбушамаұлы ұзақ жылдар мектеп директоры болып қызмет атқарды. Ерлі-зайыпты ұстаздар 10 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де жоғары білімді әртүрлі мамандық иелері. Дана халқымыздың “Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген нақылы тегін айтылмаса керек. Теңдік апайдың жолын қуып, бүгінгі таңда ұстаздық қызмет атқарып жүрген балалары да бар. Ұлы Алтай Елтайұлы Орман мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болса, келіні Альбина Шәкетқызы сол білім ошағының директоры, биология пәнінің мұғалімі.

Ұлағатты ұстаздың артында өнеге болып жарқын ізі қалды.

Гүлден МҮСӘЙІПОВА,

Орман негізгі мектебінің

мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі, кәсіподақ

ұйымының төрайымы.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp