Соңғы онжылдықта елімізді дамытуды тұрақты деңгейге шығаруға, қаржылық жүйені нығайтуға, нарықтық тетіктерді күшейтуге қол жеткізген кезде экономикалық өсімнің сапалық жаңа стратегиясын қамтамасыз ету үшін бірегей мүмкіндік жасалды. Принципті жаңа экономикалық саясат осызаманғы өркениеттің жетістігін барынша пайдалана отырып, дамудың мүлдем басқа көкжиегін белгілейтін болашаққа бағыт ұстанған.
Партиялық тәлімгерлікті енгізу партия жұмысының инновациялық сипайы болып табылады, оған республикалық “Нұр Отан” партиясының Орталық аппаратында құрылған сараптау тобының қызметі дәлел бола алады. Жұмыстың жаңа тетігі “Нұр Отан” партиясының сайлауалды бағдарламасын тиімді жүзеге асыруда партиялық бақылауды күшейтеді, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады, депутаттық фракциялардың жұмысын белсенді ете түседі. Бұл қызмет облыста болып жатқан оң өзгерістер туралы тұрғындарды ақпараттандыруға жағдай жасайды.
Жаңа құрылған республикалық сараптама тобының құрамына біздің өңірден мен де мүшемін. Мен басқаратын осындай құрылым өңірлік деңгейде де құрылып, бүгінгі күні ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Оның құрамына облыстағы ірі кәсіпорындардың, әрбір ауданнан шағын және орта бизнестің өкілдері енген. Осыған дейін республикалық сараптама комиссиясының отырысында “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауына сәйкес еліміздің кәсіпорындарында энергия тиімділігін арттырудың болашағы және оған қол жеткізу сияқты өзекті мәселе қаралды. Оған біздің облыстан да энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға байланысты атқарылып жатқан шаралар жайында ақпарат берілді. Өңір кәсіпорындары энергия секторында осы мақсатқа 2013 жылы 7,1 млрд. теңге жұмсады, ол 17,3 мың тонна шартты отын үнемдеуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығында машина-трактор паркі кезең-кезеңмен жаңартылып, жанармай тұтынуды азайтуға жағдай жасауда. Мемлекетімізді дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде энергия көздерін жаңартуды дамыту жалғасуда. Мысалы, 2013 жылы іске қосылған жел қуаты станциясының арқасында “Зенченко және К” КС-нің жаңартылған энергия көздерін пайдаланудағы үлесі электр қуатын тұтынудың жалпы көлемінде 1,3 пайыз болды, яғни алдыңғы жылғы дейгейден 10 пайызға көп. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Атап айтқанда, біздің облыста ірі жел парктерін салуға арналған жобаларды жүзеге асыруды бірнеше инвестор жоспарлап отыр.
Жылына 85 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын және заманауи техникалармен жабдықталған ірі “Молпродукт” сүт зауыты салынды. “Зенченко және К” КС жыл соңына дейін өндіріс көлемі жылына 10 мың тоннаны құрайтын жаңа сүт зауытын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Қазақстан бүгінгі таңда инновациялық бәсекелестікке қабілетті өзінің жаңа экономикасын белсенді түрде қалыптастырып жатыр. Елімізде жаңа өнеркәсіптік және инновациялық саясат әзірленген, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда, виртуалды экономика қалыптасуда.
Мемлекет басшысы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде “инновациялық индустрияландыру трендін” күшейту қажеттігін атады.
Инновациялық экономикаға көшу және еңбек өнімділігін арттыру бойынша облысымыздың кәсіпорындарында қыруар жұмыс атқарылуда. Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 38 млрд. теңгеден асатын 31 жоба енген.
Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуының болашағы машина жасау кешенінде бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруға байланысты. Петропавл ауыр машина жасау зауыты “Қазгеология” Ұлттық геологиялық барлау компаниясы үшін бұрғылау қондырғылары өндірісін бірлесіп игеруге қатысады. “ЗИКСТО” зауыты 500 мың шақырымға дейін жоғары жөндеуаралық ресурсы бар жартылай вагондар мен жүк қораптарын шығаруды игеруді, жүк вагондары қорабтарын қалыпты дәнекерлеу үлгісін әзірлеуді жоспарлап отыр. “Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды республикада бірінші болып пайдаланып, мұнай өнеркәсібі үшін бұйым шығаруға арналған өндірісті жаңғыртты. Киров атындағы зауыт темір жол және мұнай-газ кешендеріне, сандық теледидарды техникалық құрал-жабдықтармен ұйымдастыруға арналған радиоэлектронды аспаптар өндірісін дамытатын болады. “Әулие” кен орнынан алтын өндіру биыл басталмақ, оған 100-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз ететін кен байыту комбинаты салынатын болады. Жақын болашақта облыста инвестиция құйылу және инновациялық өнім шығару үшін қосымша жағдайларды қамтамасыз ететін индустрия аумағын құру жоспарлануда. Осы учаскеде тұрғын үй құрылысы комбинаты мен кірпіш зауытын салу қарастырылған.
Тағы бір экономикалық маңызды қадам – жылына 2,5 тоннадан асатын инертті және құрылыс материалдарын Ресей Федерациясына экспорттауға мүмкіндік беретін Уәлиханов ауданындағы Қызылту станциясынан РФ-ның Граничная станциясына дейін “Көкшетау-Барнаул” темір жол учаскесін қалпына келтіру болмақ.
Индустрияландыру картасы облысымыздың барлық аумағын іс жүзінде қамтып отыр деуімізге болады.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың хатшысы.