Астана қаласында Қазақстан Республикасының жылдам радиобайланыс телеграфистерінің ашық чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионатқа Петропавл Әскери институтының курсанттары қатысып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері де қатысты. Олардың арасында Азия және әлем чемпиондары да бар. Жарыс қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай командалық топтарға бөлініп жүргізілді. Әскери институт курсанттары белсенділік танытып, дайындықтарын зая кетірмеді. Нәтижесінде курсант Төлеген Асхатов 1-ші орынды иеленсе, 2 –ші және 3-ші орынды сәйкесінше курсанттар Мерей Шоқыбаев пен Ержан Ботаев бөлісті. Осылайша олар командалық есепте көш бастады.
Жеңіске жету үшін барымызды салдық. Бұл жеңіс бізді осы сайысқа дайындаған оқытушыларымыздың жетістігі. Бізді жан-жақты дайындағандары үшін оларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді курсанттар.
Чемпион атанған курсанттар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскері бас қолбасшысының марапаттауына ұсынылып, курсант Төлеген Асхатов ІІ дәрежелі “Ішкі әскер қызметінің үздігі” кеуде белгісін тақса, курсант Мерей Шоқыбаев бағалы сыйлықпен, курсант Ержан Ботаев грамотамен марапатталды.
Айтөре ЕРГЕШБАЕВ,
Әскери институттың курсанты.