Өзіміз оқушы кезімізде алдыңғы аға-әпкелеріміздің кітаптарымен оқитынбыз. Қолымызға әлдеқалай жаңа оқулық тие қалса, өзгелердің алдында мәртебеміз өсіп қалатын. Сосын ол оқулықтың соңғы жағында арнайы кесте болатын. Оған оқулықты саған дейін ұстаған оқушының аты-жөні, пайдаланған жылы, кітаптың жағдайы қандай болғандығы жазулы тұрады. Таза, жақсы күйде сақталған оқулық болса, біз де оны шимайламай, беттерін бүктемей, сыртын тыстап, ұқыптап ұстауға, өзімізден кейінгілерге жақсы қалпында тапсыруға тырысатынбыз. Сыныптағы өз ішімізден сайланған “кітапханашы” да апта сайын оқулығымыздың тазалығын тексеріп, мұғалімге айтып отыратын. Осылайша бір оқулықты бірнеше буын оқушылар кезектесіп, тегін пайдаланып-ақ білім алып шығатын едік.
Ал қазір ше? Қазір ата-аналардың сөзіне қарағанда, көптеген мектептерде оқулық жетіспейді. Сонда алдыңғы оқулықтар қайда кетеді? Тегін оқулық деген бүгінде бар ма және олар кімдерге беріледі? Оқулық төңірегінде көкейде жүрген сауалдарыма жауап іздеп көрдім.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаның сөзіне қарағанда, әр оқу жылының соңында келесі сыныптарға көшкен балалар қандай баспаның оқулықтары бойынша оқитындығы жөнінде Білім және ғылым министрлігінен бұйрық келеді. Бұйрық қалалық, аудандық білім бөлімдеріне таратылып, жергілікті бюджеттен оқулыққа қаражат бөлінеді. Соған сәйкес мектептерде қай баспаның қанша және қандай оқулықтары жетпейтіндігіне талдау жасалады. Оның барлығы оқулықтар мен балалардың санына сәйкестендіріліп, көрсетілген оқулықтардың тізімдері жасалады.
Мектеп оқулықты ең алдымен аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына, сосын жеткенінше қалғандарына береді. Ата-аналар балаларының қандай оқулықтармен жұмыс істейтінін осы бастан біліп, сол кітаптарды дүкендерден сатып алуларына болады.
Қала бойынша оқулықтар сататын бірнеше дүкен бар. “Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла” дегендей, ата-аналар мектептің оқулық таратуын күтпей, олардың тізімі мен қай баспадан шыққанын біліп, алдын ала өздері сатып ала берулеріне болады.
Петропавл қаласындағы ең ірі “Знание” және Мағжан Жұмабаев атындағы кітап дүкендерінің сатушыларынан білгенім: оларда “Атамұра”, “Мектеп”, “Жазушы”, “Алматы кітап”, тағы басқа да баспалардың кітаптары болады. Тек олардағы кітаптардың бағасына үстемеақы қосылады. “Өз тәжірибемнен байқағаным, біздің ата-аналар мектепке әбден сеніп алған, “Қашан мектеп береді?” деп тосып отырады. Өзге ұлт өкілдері мамыр айынан бастап оқулықтарды сатып ала бастайды. Ал біздің ағайындар тап оқу басталарда кітап іздейді, оның өзінде бар кітапты қымбатсынады. Жалпы алушысы болса, кітап дүкенде болады”, – деді кітап дүкенінің сатушысы.
Оқулықтың жетпеуіне сонымен қатар, биылғы жылы бағдарламалардың ауысуы да түрткі болған сыңайлы. Мысал үшін, 6-7- сыныптардың биология пәнін алсақ, бұрынғы бағдарлама бойынша оқушылар 6-сыныптың бірінші жартыжылдығында өсімдіктануды, екіншісінде жануартануды оқып келген. Енді жаңа бағдарлама бойынша 6-сыныпта толығымен – өсімдіктану, 7-сыныпта жануартану оқытылады. Бір қызығы жаңа бағдарлама бойынша “Өсімдіктану” оқулығы әлі баспадан шыққан жоқ. Оқулықта жоқ тақырыптарды мұғалімдер өздері дайындайды және өсімдіктануды оқыту үшін 6-7-сыныптардың ескі оқулықтарын қатар алып жүр. Бұл Петропавл қаласындағы атағы дардай мектептердегі жағдай, ал Жамбыл ауданындағы бір мектепте сол ескі оқулықтардың өзі жеткіліксіз.
Бұл тек биология пәні бойынша туындап отырған мәселе емес, қазақ, орыс тілдері пәндерінің мұғалімдері де осындай қиындықты бастарынан өткеруде. Жаңа бағдарлама бойынша бұл оқулықтар да әлі баспадан шықпаған. Мысал үшін, 7-8-сыныптардың қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасына жаңадан енгізілген шығармалар бар. Оларды мұғалімдер Интернетті пайдаланып, дайындайды. Сондай-ақ, ескі кітаптармен араластырып оқытып жатыр. Қала мектептерінің мұғалімдері жоқ тақырыпты Интернеттен алды делік, ал ғаламторға қосылу үшін түнгі сағат 12-ге дейін тосып отыратын Тимирязев, Шал ақын, Айыртау аудандарындағы сияқты кейбір ауылдық жерлердің мұғалімдеріне обал-ақ.
Ұстаздардың айтуынша, білім берудің мемлекеттік стандарты мен бағдарлама өзгере берген соң оқулық мәселесі де шешілмей тұр. Баламалы оқулықтар көп, бірнеше баспа ұсынылады. Әрі қарай мектеп өзі таңдайды. Түптеп келгенде оқулықтың жетіспеушілігінің әлегін мұғалімдер тартып жүр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.