«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛАҚПЕН ЕСТІМЕГЕНДІ КӨЗБЕН КӨРІП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз есту қабілеттері бұзылған балаларға арналған мектепте жұмыс істей отырып, оларды тәрбиелеу мен оқытудың қиындығын түсінеміз. Қазақстанда осы санаттағы мектептердің аздығы жағдайды қиындата түседі. Барларының өзі тек облыс орталықтарында және бір-бірінен бірнеше жүздеген, тіпті, мыңдаған километр алшақ орналасқан. Алайда, тәжірибе алмасу, бірлесіп зерттеулер жүргізу, оқушылардың жетістіктері мен іс-әрекеттерінің нәтижелеріне талдау жасау, бір-бірінің сабақтарына қатысу сияқты оқу үдерісіндегі әрекеттер әр өңірлердегі сурдопедагогтерге ауадай қажет.

Соңғы кезде мұғалімдердің ынтымақтаса жұмыс істеуге ұмтылысы байқалады. Саңырау балаларға арналған облыстық арнайы (коррекциялық) мектеп-интернат мұғалімдері 2009 жылдан бастап қазақстандық әріптестермен қатар Ресей Федерациясындағы педагогтермен де қарым-қатынас жасай бастады. Қорған облысының Шадринск қаласындағы сөйлеу және есту қабілеттері бұзылған балаларға арналған мектеппен кәсіби байланыс орнатылған. Шадринск қаласының біздің облысқа жақын орналасуы және on-line технологияларды қолдану бұл екі мемлекеттегі әріптестердің өңіраралық және халықаралық деңгейлердегі педагогикалық оқуларға, оқыту семинарлары мен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға бірлесіп қатысуына мүмкіндік берді.

Бірлескен жұмыс барысында қазақстандық және ресейлік мектептердің түйінді мәселелері бір-біріне ұқсас деген шешімге келдік. Бұл екі мемлекеттің де сурдопедагогтері үшін осызаманғы педагогикалық технологиялар, есту қабілеті бұзылған балаларды сауықтырудың инновациялық әдістері өзекті мәселе болып отыр. Оларға кохлеарлық имплантация қою, ерте жастан коррекциялық-педагогикалық көмек көрсету, инклюзивтік оқытудың болашағы, жастардың кәсіп-алды даярлығы, қосымша білім беру, оқуларын жоғары оқу орындары, колледждерде жалғастыру мүмкіндігі, осы санаттағы мүгедек балалардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселелері жатады.  

Ынтымақтастық аясында екі жақтың педагогтері бір-бірімен әдістемелік жаңалықтарымен бөлісіп, озық педагогикалық тәжірибелерін ортаға салады. Мәселен, біздің мектеп-интернаттың сурдопедагогтері “Естімейтін балаларға арналған тіл дамыту, математика пәндері бойынша жұмыс дәптерлерін пайдалану жолдары” (Н.Г.Пургина), “Естімейтін балаларды дактильдік сөйлеуге үйретудің мультимедиялық құралын” (С.Ю. Кондратова) оларға, Шадринск №11 арнайы жалпы білім беретін мектеп-интернат сурдопедагогтері “Мектептің бастауыш сыныптарында верботональдық әдістің дыбыстық-көру курсын пайдалану” (Г.А.Марциновская), “Қарым-қатынас клубы мектептегі коммуникативтік құзыреттілікті дамыту тәсілі” (С.Ю.Иванчикова) әдістемелік құралдарын бізге жіберді.

Жұмыстағы осындай қиыншылықтарға қарамастан, мектеп-интернат ұжымы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысады. Мысалы, мектеп-интернат тәрбиеленушілері саңырау және шала еститін оқушылар арасында өткен халықаралық пәндік Интернет-олимпиадаға қатысты. Бұл сайыста қазақстандық оқушылар информатика, орыс тілі, математика және физика пәндерінен жоғары нәтижелер көрсетті.

Біз ғылыми-әдістемелік басылымдар бетінде де өзіміздің озық үлгілерімізді ортаға саламыз. Мектеп-интернат педагогтерінің мақалалары Омбы, Пермь, Краснодар қалаларында шығарылатын педагогикалық басылымдарда жарық көреді.

Педагогтер арасында “Новая школа”, “Pedsovet.su”, “Завуч Инфо”, “ProШколуru” сияқты ашық педагогикалық форумдар мен Интернет-порталдарда көпке танымал. Оларға мұғалімдер өздерінің мақалаларын, сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарын жариялап, талқылауларға қатысады. Өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, әр өңірлердегі жаңалықтармен танысады. Педагогикалық қарым-қатынастың осындай жолдары жастарды тәрбиелеу мен оқыту сапасын арттыруға, сонымен бірге салыстырмалы педагогиканы дамытуға жағдай жасайды. Екі елдің педагогтері бірлесе еңбек ету барысында зерттеулер жүргізіп, тәжірибе алмасады, өздерінің қызметтеріне талдау жасай отырып, халықаралық стандарттарға ұмтылады.

Елена ИБРАГИМОВА,

есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернат директорының инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp