Республикалық ақпараттық-насихат тобы өз жұмысын Уәлиханов және Ақжар аудандарының жұртшылығымен кездесулерден бастады. Бұл шараларға аудандардың әкімдері, ішкі істер департаментінің басшылары, полиция ардагерлері мен қызметкерлері және тұрғындар қатысты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадрлық жұмыстар департаментінің бөлім бастығы, полиция полковнигі Болат Қаженов кездесуге қатысушыларға Елбасының Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының негізгі қағидалары туралы айтып берді. “Бүгінде біздің кездесуіміз “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру аясында өтуде. Мемлекет басшысы қойған міндеттер еліміздің ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді, сондықтан барлық қазақстандықтардың ортасында түсінік пен қолдау тапты. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасудың күрделі жолынан өткен Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қылмыспен күресті ұйымдастыруда және елдегі құқық тәртібін нығайтуда көптеген күрделі мәселелердің шешімін тапты”, – деп атап өтті. Жүйедегі жүргізіліп жатқан реформалар туралы әңгімелеген ол сондай-ақ, Болат Қаженов полиция жұмысын халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіруге және полицияның жұртшылықпен өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға бағытталған “ҚР-ның ішкі істер органдары туралы” Заңның күшіне енгені жайында сөз етті.
Құқық тәртібін нығайту ісінде ішкі істер органдарымен бірге өзара іс-қимыл жұмысы үшін Болат Қаженов Уәлиханов ауданының әкімі Аман Төрегелдинге және Ақжар ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековқа ҚР ІІМ басшылығының атынан грамоталар тапсырды. Сол сияқты ІІМ-нің грамоталары және Алғыс хаттарымен “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының, жекеменшік кәсіпорындардың өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, АІІБ қызметкерлері марапатталды. Құрметке бөленгендердің ішінде 20 жылдан астам полицияның учаскелік инспекторы қызметін атқарған ішкі істер ардагері Нұрахмет Ғаббасов та бар. Ол ішкі істер органдарының беделін көтеруге қосқан үлесі және бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде қазақстандық полиция қызметкерлеріне патриоттық тәрбие бергені үшін қошеметтелді.
Кездесуге қатысушылар алдында Алматы қаласының ІІД ансамблі өнер көрсетті. Биылғы жылы осы өнер ұжымының құрылғанына 50 жыл толды. Алматылық полицейлердің орындауында халықтық және патриоттық әндер шырқалды. Олар көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады. Алда осы ақпараттық-насихаттық топтың жұмыс аясында алматылық ансамбль өз өнерімен Петропавл қаласының және Тайынша, Аққайың, Есіл, Шал ақын аудандарының тұрғындарын қуантатын болады.
Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.