Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта “CUBE” – өзгеше ойлайтындардың клубы жұмыс істейді. Клубтың негізгі мақсаты – олимпиадаға қатысушы баланы анықтау және оның ерекше ойлау қабілетін арттыру.
Клубтың негізін салып, ашылуына бастамашы болған – бірнеше жыл қатарынан олимпиадаларға қатысып, өзіндік тәжірибе жинаған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Мақсат Уатбаев.
Өзгеше ойлайтындар клубын ашу үшін ол біраз зерттеулер жүргізген. Көп ізденудің нәтижесінде Мақсаттың білгені – осы кезге дейін олимпиадалық бағыт қазіргідей дәрежеге көтерілмеген. Соңғы жылдары көптеген ұйымдар, соның ішінде шетел компаниялары олимпиадалық қозғалысқа үлкен қызығушылық танытуда. Өйткені әр компанияға өз ісінің маманы керек.
Мақсат Уатбаевтың айтуынша, “Олимпиадалық қозғалыс” – сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылардың ұйымы. Бұл қозғалыстың өзінің қағидалары, айырмашылықтары бар. Осы қозғалысқа енген балалар логикалық немесе өзгеше ойындар ойнайды. “Олимпиадаға қатысушы” дегеніміз – белгілі пәндер жиынтығын бағдарламадан тыс оқитын және ол өзінің сүйікті пәндерінен үйренгендерін өмірде қалай қолдануды білетін оқушы.
“CUBE” өзгеше ойлайтындардың клубы информатика, математика, физика пәндері бойынша логикалық ойлауға құрылған олимпиадалық есептер шығарады. Қазіргі кезде клуб “өзгеше ойлайтын” балаларды сол пәндер бойынша сынақтан өткізіп, іріктеп, олардың қабілеттерін одан әрі дамытуға көмектесуде. Бүгінде клубқа 7-10- сынып оқушыларынан жиырма шақты бала қатысып жүр. Олардың аптаның әр күніне арналған жоспарлары бар. Клуб мүшелері логикалық есептер шығарумен қатар теориялық білімдерін өмірмен сабақтастыра жұмыс істеп, функционалдық сауаттылықтарын көтереді. Олар мектептегі іс-шаралардың белсенді мүшелері. Мақсаттың бастаған ісін жалғастыратын Асылбек Жұмағали, Әнуар Қабдолла, Олжас Қайыргелді, Қанат Әлиманов сынды ізбасарлары да бар. Бұл оқушылардың барлығы түрлі деңгейлердегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз атанып, гимназияның мақтанышына айналғандар. “Өздерін “ерекше ойлайтын” деп санайтын оқушыларға клубымыздың есігі ашық. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, клубты облыс көлемінде ашпақ ойымыз бар”, – дейді Мақсат Уатбаев.
Нұргүл КАСЛЕНКИНА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы
облыстық дарынды балаларға
мамандандырылған гимназия-интернаттың
физика пәнінің мұғалімі.