«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АРМАН ЖЕТЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Сексен көлдің саясындағы “Арқаның кербез сұлу Көкшетауында” өмірге келдім. Әкем отбасын құрып, өскен өлкесі Айыртау ауданына қарасты Қаратал ауылына барып үй алып, сол жерде қалмақшы болыпты. “Туған жерімнің түтінін түтетемін” деп жүргенде жұмыс бабымен Көкшетау қаласынан пәтер беріліпті. Бас ауруына айналған баспана мәселесі шешілген соң ауылға кетемін деген ойынан айныған әкем қаладағы жұмысын жалғастырған. Содан мен “қалалық” болып өмірге келдім. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп кешенінде білім алдым. Мектеп бітірісімен сыныптастарымның дені Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына білім қуып кетті. Ал мен ойламаған жерден Петропавлдан бір-ақ шықтым. Бұлай деуімнің себебі – мұнда туған-туысым, досжараным жоқ, әйтеуір, жатақханадан жалыққан кездерде әкемнің ауылдасы Серік ағамның үйіне барып тұратынмын.

“Армансыз адам – желкенсіз кеме”. Желкенсіз кемені жел қайда айдаса, сонда жүйткитіні белгілі. Мен оқуға қабылданған жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына оқуға түсуге келгендердің дені ақық армандарына қанат байлаған алғыр өрендер болатын. Сан тараптан алып ұшқан өрімдей жастарды аталмыш университеттің партасы тоғыстырып, араға төрт жыл уақыт салып бір-бірлерімізбен қимастықпен қоштастырды. Әрбіріміз кеше ғана кім боламын деген қиял жетегінде жүрсек, жоғары білім алған соң “шындықты шағып айтатын қоғамдық ойдың көшбасшысы” боламыз деген ұлы арманмен түрлі қызметтерге орналастық. Еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартқан курстастарыма сәттілік тілеп, өзім Петропавлда қалуды ұйғардым. Төрт жыл білім беріп, жатырқамай, жатсынбай бауырына басқан Қызылжар қаласы жаныма жақын. Бірінші курстан соң “Қазақстан-Петропавл” телеарнасына тәжірибеден өтуге барып, редакторлардың көзіне түсіп, жұмысқа қабылдандым. Бүгінде “24kz” республикалық телеарнасының өңіріміздегі меншікті тілшісімін.  

Журналист болып қызмет атқара жүріп ақиқаттың сөзін сөйлеп, оқырманның, көрерменнің көзі, құлағы және тілі бола білу үшін тілшінің бойында өзгеше қасиеттердің басым болуы керектігіне көзім жетті. Ең алдымен, журналиске білім керек екенін ұғындым. Оған жету үшін адамның талмай ізденіп, ерінбей еңбектенуі абзал. Білімді игеріп, қажетіне жарату үшін адам оны саралайтындай, дұрыс-бұрыстығын ажырата алатындай дәрежеде болуы қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темір қазықтар бар. Ол – білім!“ деген ұлағатты сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Әсіресе, төрткүл дүниені көз алдымызға әкелген ғаламтор атты алдымыздағы алып ақпарат айдынында адаспай, жаңалыққа құмар жұртшылыққа дұрыс хабар ұсыну үшін көзбен көріп, түйсікпен сезінген дүние аздық етеді. Көз алдымызда мың құбылған көрініске терең бойлау арқылы көпшіліктің көзіне көріне бермейтін тұстарды қағылездікпен аңғарып, сапалы жеткізе білу қажет деп ойлаймын.

Айдарбек БАЛҒАБЕКОВ,

журналист.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp