«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖЕРДІҢ “ЖЫРЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жердің дауы ықылым заманнан оңай шешілмеген. Бүгінгі таңда да бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Облыс орталығында ғана жер телімдерін заңсыз оңды-солды үлестірген құзыретті органның “қайырымдылығының” салдарынан бүгінде ұлтарақтай жерге зәру жандардың кезегі кемімей тұр.

“Қызылжар өңірінде заң бұзушылықтардың алдын алу және жою мақсатында көтеріліп жат­қан ықпал ету шараларына қара­мастан, жер қатынастары сала­сында заң талаптарының өрескел бұрмалануы тыйылмай отыр”, – деген Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Жасұлан Смағұлов оның дәлелі ретінде өткен және осы жылдың ішінде жер туралы заңнамалардың сақталуына байланысты жүргізілген тексеріс нәтижелерін алға тартты. Оның барысында жер учаскелерін беруде және қайтаруда заңдылықтардың сақтала бермейтіні белгілі болған. Биылғы жылдың өткен бес айында ғана жер қатынастарына қатысты 86 заңсыздық орын алған көрінеді. Соның нәтижесінде екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 5 миллион теңге мемлекеттің пайдасына өндіріліпті.  

Таяуда ғана құны 3 миллиард теңгенің жер телімі мемлекеттің меншігіне қайтарылғанын тілге тиек еткен Жасұлан Смағұлов:

– Петропавл қаласы әкімдігінің Южный кентіндегі жалпы аумағы 235 гектар жер учаскесін “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының жекеменшігіне беру туралы қаулысының заңсыз екендігі анықталды. Сотқа арыздануымыздың нәтижесінде қыруар жер мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Бүгінгі таңда облыс орталығында жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған дайын алаңдар жоқтың қасы. Ал жер учаскелерін алу үшін кезекте тұрғандар саны 5 мыңнан асып жығылады. Бұл жерлерді сол азаматтарға беру керек. Жалпы прокурорлық әрекет етудің арқасында облыс тұрғындарының жер телімдеріне кезегін 24 пайызға кемітуге қол жетті, – деді.

Өткен жылы да облыс орталығындағы жер қатынастарына жауапты органның заңға қайшы қабылдаған шешімдері аз болмапты. Оған дәлел ретінде Петропавл қаласы әкімдігінің жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иесіздендіру туралы қаулысын айтуға болады. Оның негізінде облыс орталығындағы 77 жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысандарын бұзу мәселесі қарастырылады. Қадағалау органы әкімдіктің бұл қаулысын заңсыз деп тапты. Себебі, әкімдік белгілеген жер телімдері қаланың бас жоспарына сәйкес үй-жай құрылыстарының аумағына жататыны анықталды. Әрі аталмыш ауданға салынбақ болған жаңа құрылыстың жоспары мен жобасы бекітілгені былай тұрсын, жасалмаған да болып шықты.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің бұдан басқа да “былықтары” толып жатыр. Прокурорлық тексерістің нәтижесінде Ульянов көшесі, 59 мекенжайындағы жер учаскесі де заңсыз берілгендігі белгілі болды. Сонымен қатар, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот прокуратураның Сәтбаев көшесі, 17 “А” мекенжайында орналасқан жер учаскесін мемлекетке қайтару туралы арызын қанағаттандырған.

2013 жылы да облыс орталығының бас жоспарын белден баса отыра жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін үлестірген құзыретті мекеменің әрекеттеріне заңмен тосқауыл қойылған. Сол жылы анықталған фактіні қарау былтыр жалғасын тауып, сот тәртібімен құны 1 270 000 теңге болатын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

“Ата Заңымызда қоғам өмірінің дамуының негізгі діңгегі екені атап көрсетілген жер және басқа да табиғи байлықтардың дұрыс бөлінуі мен оң пайдаланылуы жайын тексеруде жұмыстарымыз жалғаса бермек. Мұндай заңсыздықтар көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады. Сол себепті мемлекеттің меншігіне немкеттілік танытып, жер мәселесінде олқылықтарға орын берген адамдар міндетті түрде тиісті жазасын алады”, – дейді қала прокурорының орынбасары.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp