МАЙДАНГЕРЛЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Soltüstık Qazaqstan

 romanogazzi@gmail.com

Талай ұл мен қызды әкесіз, ал талай ата-ананы баласыз қалдырған қанқұйлы соғыстың аяқталғанына биыл 70 жыл толды.

Қазіргі уақытта бейбіт аспанның астында алаңсыз тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз таңертеңнен кешке дейін тылда еңбек еткен ержүрек ата-әжелеріміздің, басын қатерге тігіп, майдан даласында кеудесін оққа тосып, ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың арқасы екендігі даусыз. Артында қалған ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлаған асыл жандар қашанда құрметке лайық екендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангерлер ерлігін бүгінгі және кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, оларды әр кез өнеге тұту – біз үшін парыз. Осыған орай, ел көлемінде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, майдангерлердің ерен ерліктерін ұлықтау мақсатында түрлі спорттық, мәдени шаралар өткізіліп жатқаны аян. Есіл ауданының өзім туып-өскен Тауағаш ауылында да батырларымызды еске алуға арналған ауқымды шара өтті. Аталмыш елді мекенде осы ауылдың тумасы Жасұлан Қазбековтың бастамасымен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 41 жауынгердің суреті мен аты-жөні жазылған мемориалдық кешен бой көтерді.

Аталған салтанатты шараға ардагерлердің туған-туыстары, кезінде көшіп кеткен бұрынғы ауыл тұрғындары, жастар мен жергілікті мектептің оқушылары белсене көмек көрсетті.

Жиында сөз сөйлеген Жасұлан Қазбеков соғысқа аттанып, асқан ерліктің үлгісі бола білген ардагерлердің қан майданнан оралған соң ауыл экономикасын дамытуға қосқан зор үлестері жайында әңгіме өрбітті.

– Батыр аталарымызды құрметтеу – біздің парызымыз. Олардың көрсеткен ерлік істерін кейінгі жас ұрпаққа насихаттау арқылы бүгінгі жеткіншектердің Отанға, елге деген патриоттық сезімдерін нығайта түсуіміз қажет. Жалпы, ел үмітін арқалап, жауды ордасында тұншықтырған ардагерлеріміз жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады, – деді Жасұлан ағамыз.

Одан кейін сөз алған ардагерлердің туыстары батыр аталарының құрметіне ұйымдастырылып жатқан шараларға мұрындық болған ел ағаларына, ескерткішті тұрғызуға бір адамдай атсалысқан ауыл жастарына алғысын білдіріп, ізгі тілегін арнады.

Әлбетте, ерлік – мәңгі ескірмейтін, ұрпақтар жадында сақталар қасиетті іс. Осы тұста, соғыс даласында жаумен айқасқан мыңдаған майдангерлер арасында Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының 112 азаматы да болды, олардың тек 41-і ғана елге аман-есен оралды, ал 71 боздаққа топырақ жат жерден бұйырды. Ауылда қоян-қолтық еңбек еткен ардагерлеріміздің өзі бүгін қатарда жоқ. Осы аталарымыздың ерліктерінің арқасында бүгінгі бейбіт заманның қызығын біз көріп отырмыз. Майдангерлердің рухына тағзым ету – қашанда адами қасиет. Сондықтан бабалар ерлігіне бас иген тауағаштықтар мен ауыл қонақтары мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін аталмыш шараға қатысушыларға ауыл мектебінде ас берілді.

Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

Тауағаш ауылының тумасы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp