«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ОЛЖАС – БОЛАШАҚ ИНЖЕНЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің әр түкпірінен ғылымға әуес, жаңалық ашуға құштар жас өнертапқыштардың жиі бой көрсетуі өркениетке ақыл-оймен, озық технологиямен ұмтылған мемлекетіміздің болашаққа нық сенімі іспеттес, көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатады.

Петропавлдағы №16 орталау мектебінің директоры Данияр Уәлиевтің де еңбегі түрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда сыналып, жоғары бағаланып жүр. Робот жасау техникасымен шұғылданған жігіт өзінің ізденімпаздығының арқасында жеңіске жетіп қана қоймай, білгенін ізбасарларына үйретіп, шәкірт тәрбиелеуден де көпке үлгі. Ұлағатты, жаңашыл ойлайтын ұстаздан үйренгенінен үйренерін көп санайтын өнертапқыштың бірі – Олжас Қинаят. Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының биылғы түлегінің робот жасау техникасына деген қызығушылығы соңғы сыныптарда оқып жүрген кезде оянған. Бала кезінде адамның бейнесі пішіндес роботтарды ермексаздардан жасауға әуестенген Олжас есейе келе оны жанды бейнеге алмастыра алатын қабілетке ие болатынын ойламаған. Бос уақытының тиімді өтуіне көп септігін тигізетін ермегі, хоббиі, қызығушылығы кейін түрлі техниканың тілін меңгерсем деген асыл арманына ұласады.

– Бір күні мектебімізге Данияр Уәлиев келіп, талапты, талантты оқушылдарды өзінің “Робот техникасын құрастыру” атты үйірмесіне шақыратынын айтты. Мұны естіген мен, аспандағы Айды қолыма түсіргендей қуанып, лезде тіркеу парақшасына аты-жөнімді жазғызып қойдым. Өйткені, қызығушылығымның қанат жаюына бағыт сілтеген адам бұрын ұшыраспаған еді. Сол күннен бастап Данияр ағаймен бірге робот техникасын жасаудың қыр-сырына қанық болып келемін, – деген Олжас үйірмедегі бірге оқитын құрбысы Диана екеуі ең алғаш робот техникасын жасап шығарғанын айтады.  

Көз алдарында өз қолдарымен жасаған алғашқы туындылары жүруге, қос қолын және екі аяғын еркін қимылдатуға мүмкіндік алады. Тырнақалды еңбектері көзге ыстық, көңілге қымбат болғанмен, әлі де болса осал тұстары көп еді. Одан кейін екеуінің бірлесіп жасаған туындысы “Марсоход” деп аталады. Жапонияның “Кюрисити” роботының негізінде жасалған техниканың өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Біріншіден, оның аспан денелерімен, ғарыш әлемімен байланысты болуында. Жапон ғалымдары ойлап тапқан аталмыш марсоход талай жыл бұрын Қызыл планетада су болғандығына нақты дәлел тапқан. Жеті апта бойы зерттеу жұмыстарын жүргізген Марс бетімен жүретін көлік жерге жұмырланған тастардың суреттерін жібереді. Мамандардың пікірінше, мұндай пішін судың әсерінен болады. Қос өнертапқыш та өз техникаларын жапон ғалымдарының соны роботтарына ұқсатып жасаған. Ол үшін көп тер төгулеріне тура келді. Роботтың процессорына Ev3 атты арнайы бағдарлама орнатады. Аталмыш программа роботтың өз бетімен жүруіне, жолда кездескен кедергілерді алдын ала сезіп, одан айналып өтуіне ықпал жасайды. Сөйтіп, “Ақылды марсоход” өмірге келеді. Онымен Орал қаласында өткен “Альфоробо” атты республикалық байқауда бақ сынап, жүлделі екінші орынды иеленеді. Одан кейін қос өнертапқыш Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен республикалық олимпиадада да жұлдыздары жанып, бірінші орынды қанжығаларына байлап, облыс намысын қорғайды. Ағылшын тілінде жүргізілген сайыста мүдірмей, “Шығармашылық” категориясы бойынша жеңімпаздар санатынан көрінеді.

– Ең ауыр да сындарлы сынағымыз Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен халықаралық сайыс болды. Әлемнің елуге тарта елінің үмітін үкілеген өнертапқыштары қатысқан жарыста біздің еліміз тұңғыш рет бақ сынады. Тайланд, Бразилия, Малайзия сынды мемлекеттердің үздіктері, олардың ойлап тапқан түрлі роботтарымен таныса отырып, тілмен айтып жеткізе алмайтын әсерге бөлендік. Өзімізбен қатарлас өнертапқыштармен таныстық, пікір алмастық, болашақтағы жоспарларымызбен бөлістік. Олардың көргенде таңдай қақтырар жобаларымен таныса отырып, біздің еліміздің де өнертапқыштарының қалыспайтынын түсіндім. Есімдері дүниежүзіне белгілі айтулы ғалымдардың бағалауынан кейін “Ең жаңашыл жоба” атты аталымды жеңіп алдық, – дейді Олжас.

Бүгінде жетекшісі Данияр Уәлиевпен бірге қызу ізденісте жүрген Олжасты жапондық жас ғалымдардың жаңалық ашуға құштарлығы қызықтырады, олардың адамның сұранысын тудыратын жұмыстарын ғаламтор арқылы үнемі бақылап отырады. Оның таңдаған мамандығы – инженер. Болашақта адамдармен бірігіп жұмыс істеп, ортақ нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылатын, еліміздің мүддесі үшін әрекет ететін логикалық сана – робот техникасын дамытуды, қазақ техника ғылымының өркендеуіне сүбелі үлес қосуды армандайды ол.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp