«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Саян СЕЙФУЛЛИН: “ӘРБІР ЖАС ӨЗ ЕЛІНІҢ БАҚЫТЫ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТУІ ҚАЖЕТ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көп адам өз басының қарекетінен аса алмай күйбің тірліктің ағысымен кетіп барады. Осындай аласапыран уақытта туысы, досы, ет жақыны үшін, олардың тұрмысының түзеліп, кетігі бар дүниеге бір кірпіш болып қалану үшін жәрдемдесуге көшіңді бір сәтке де тоқтатпайтын өмір ырық бермейді. Жан дегендегі жақындарды былай қойғанда айналасындағы бейтаныс жандардың бақыты үшін күресіп, өліммен шайқасқан өміріне араша түскен жандарды нағыз ер демей, кім дерсің? Өмір мен өлім арасындағы күресті күнде өткеру, қызыл жалынды табандылықпен құрықтау өртсөндірушілердің негізгі жұмысы десек те, тап ажал тырнағына өз бетімен ілініп, одан құтылып шығу – жүрек жұтқан адамның ғана қолынан келетін шаруа. Біздің өңір сондай батыл да бастамашыл, қуатты да қарқынды жастардан, бейбіт күннің батырларынан кенде емес. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің жас маманы Саян Сейфуллиннің жақында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан “Ерлігі үшін” медалін алуы баршамыздың мерейімізді өсірді. Мемлекет басшысының қолынан үлкен марапатқа ие болғанын мақтаныш көрген жігітті арнайы құттықтап, әңгіме тиегін ағытқан едік.

– Саян, кез келген адам еңбегінің еленгеніне, жігерлендіретін жетістікке қол жеткізгеніне қуанары сөзсіз. Кеудеңізге тағылған “Ерлігі үшін” медалі сіздің өз салаңыздың нақ шебері, білгірі екендігіңізді айқындап тұрғандай ма, қалай?

– Алдымен мені осындай марапатқа жеткізген басымнан өткерген оқиғаның бірін баяндап берсем деймін.

– Сөзіңіз аузыңызда…

– Өткен жылдың желтоқсан айында Петропавлдағы Әуезов көшесінде орналасқан бесқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. Тілсіз жауды тізгіндемекке құрал-жабдықтарымызды қамдап, жұмылған жұдырықтай бес өртсөндіруші аттандық. Үйде кішкентай балалардың болуы мүмкін делінген алдын ала түскен мәлімет жүрегімізге қорқыныш пен батылдықтың ұшқынын қатар ұялатып, оқиға орнына да жеттік. Анықталған мекенжайға көлігіміз жете бере төртінші қабаттағы балконның қызыл жалынның құшағына оранып бара жатқанын көзім шалды. Көз алдыма бейкүнә, мына өмірдің қызыл-жасылынан, қайғы-қуанышынан бейхабар бейтаныс қос бүлдіршіннің жымиған бейнесі елестеп кетті. Олардың жас шамасын, мінез-құлқын дәл білмесем де, мендегі жанашырлық сезімі арамызды алшақтатып тұрған секундтарға бағынбай, жылдам алға бастырып келеді. Бар ойым қара бұлттай қою түтіннің иісіне тұншығып, бақытты шақтарының бір сәтте қорқынышқа ұласарына сенбей немесе мультфильмдерден көрген зәрелерін алатын жағымсыз бейненің өздеріне таяп келіп қалғанына иланып, көз жастарын тия алмай, дәрменсіздіктің қапасына қамалған екі бүлдіршінді құтқару ғана. Жалма-жан қасымдағы әріптесімді ерттім де подъездегі баспалдақпен пәтерге көтерілдім. Шарасыздықтан жамырап тұрған көршілер үйдің ішінде екі баланың бар екенін растады. Үш әріптесім балконның қызыл жалынына су бүркіп, ішке кіріп, сыртта тұрған бізге есікті ашты. Көз алдымыз – көк түтін. Қосымша тыныс алдыратын шлеммасканың көз-әйнегінен ештеңе көрінетін емес. Алла Тағала қолдады ма, әлде түйсігім жетеледі ме, ас үйге бет алып, ес-түссіз сұлап жатқан балалардың үстінен дөп түстім. Алаңсыз ойынға берілген шуақты сәттерінің астан-кестеңін шығарған тілсіз жаудан қатты сескеніп, бір-бірінің құшақтарына тығыла берген болулары керек, бір-біріне жақын жатыр. Лезде біреуін көтеріп алып, екіншісін әріптесіме нұсқап далаға шықтық. “Жедел жәрдем” көлігі келгенше оларға алғашқы көмекті көрсетіп үлгердім. Сәлден соң олар есін жиды. Әлгінде ғана көз алдымызда көк түтіннің арасына сіңіп бара жатқан бейнелердің аман-есен жарық тіршілікке, қалыпты өмірге оралғанына қуанып, көкірегімді сол сәтте қуаныш сезімі кернеді. Адамды ажал аузынан аман алып қалғаныма сеніңкіремей, ұзақ мең-зең күйде тұрдым. Осы оқиғадан кейін қос балапан Петропавлдағы ауруханалардың бірінде екі-үш күн жансақтау бөлімінде ем қабылдады.

Міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат алғаныма осы оқиға себепші болды.

Негізінен, біздің қызметіміз өмір мен өлімнің ортасында шырылдаған адамды құтқарумен өтеді. Бар нәрсенің бір демде жоқ болып, зәулім ғимараттардың, баспаналардың көз алдымызда күлге, төмпешікке айналатынына куә болатын кездеріміз де кездеседі. Адам болған соң уақытқа тәуелдіміз, ал тілсіз жау минуттарға бағынбайды. Өзге саланың мамандары, мейлі мұғалім, банк қызметкері, журналист болсын, ертеңгі күніне жоспар құрып, өзінше дайындалады. Біздер, өртсөндірушілер, үнемі жан күйзелісімен, адамдардың тағдырына араша түсудің қамымен жүреміз.

– Еңбегіңіздің жемісін көрдіңіз…

– “Ерлігі үшін” медалін алуға әріптестерімнің барлығы лайықты деп айтар едім. Алайда, бұл награда маған бұйырды. Айбынды Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып, құттықтау сөзін естіген сәтімде көреген тұлғаның еліміздің жастарына, өскелең ұрпақ өкілдеріне үлкен сеніммен қарайтынына көзім жетті.

Менің ісім кешегі қазақты, ұлтымыздың ұлтарақтай жерін бодандықтың бұғауынан аман алып қалған алаш зиялыларының, Бауыржан Момышұлының, Жұмабек Тәшеневтің ұлы әрекеттерінің жанында түкке де тұрмасы анық. Олардың ерлік жасауларына елге, жерге деген жүректеріндегі махаббаттың оты себепкер болды. Міне, бізде де, жастарда да, халқымызға, елімізге деген сүйіспеншілік, тіпті, адамзатқа деген құрмет болса, баршамыз нағыз ер атанар едік.

– Өртсөндірушілерді күн сайын ажалмен арпалысқа түсетін жандар дедіңіз. Жүгі ауыр, қиын да күрделі мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Бала күнімде өртсөндіруші болуды армандаған емеспін. Арнайы форма киіп жүрген Саянды үнемі көз алдыма елестететін едім. Қызылжарда туып-өстім. Петропавлдағы қалалық классикалық гимназияны бітірген соң Көкшетаудағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық институтына оқуға түстім. Мен оқыған оқу орнында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жігіттер білім алды. Бәріміз бір үйдің балаларындай казармада өмір сүрдік. Кейін оқуымызды тамамдаған соң арнайы жолдамамен әрбіріміз еліміздің әр тарабына жұмыс бабымен аттандық. Мен өзімнің өмірге келген топырағы киелі, “Мысыр шаһарым” – Қызылжардағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері болдым. Бүгінде сегіз жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келемін. Капитан деген шенім бар.

– Абай атамыздың қырық алтыншы қара сөзінде әрбір адамның өз-өзіне күніне, аптасына, тіпті, айына бір рет есеп беруі туралы айтылған. Сіздің бойыңыздан осындай қасиетті кездестіруге бола ма?

– Әрине. “Бүгін не істедім?”, “Өзіме де, өзгеге де пайдам тиетін қандай жақсы игі жұмысты атқардым?”, “Ертең немен шұғылданбақпын?” деген сауалдарды өзіме күнде қоймасам да, ара-тұра ұятымның, арымның алдында есеп беріп тұрамын. Кейде өрт құшағына оранған ғимараттарды аман сақтап, баладай мәз болып сол күніміздің сәтті өткеніне қуанып, біреуге өлшеусіз бақыт сыйлағандай арқамызды кеңге саламыз. Ал өртті ауыздықтауға сәл кешігіп, тірі бейненің көз алдымызда күлге айналғанын көрсек, есебіміз түкке де тұрмай қалады.

– “Жас қыран” жастар қосымшасының тұрақты сауалы “Сізді жастарға қатысты қандай мәселе толғандырады?

– Біз нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Оның талабы да, заңы да бөлек. Ұмтылған адамға мемлекет тарапынан мол мүм­кіндіктер жасалып отыр. Ша­ғын және орта кәсіпкерлікке қолдау көр­сетілуде. Жастар бизнесіне жол ашылды. Осыны жастар пайдалана білулері керек. Еңбек нарығына көз жүгіртсеңіз, кәсіби білімі бар мамандар жетіспейді. Ал жо­ғары білімді заңгер мен экономист, қаржы­гер жұмыс таппай жүр. Бүгінгі жастардың мүмкіндігі мол. Ғылым­мен айналыссам, шетелде білім алсам дегеннің жолын ешкім бөгемейді. Мем­ле­кет тарапынан жасалып жат­қан телегей-теңіз мүмкіндіктерді пайдалану үшін жас­та­ры­мызға ең керектісі – білім және кәсіби білік­тілік. Осы екеуін тең ұстаған жас ма­ман өмірден өз орнын таба алады.

Жақында республикалық журналдардың бірінен мақала оқыдым. “Аялдамада, көшеде, бақта, машинада, кафеде, үйде, мектепте, сабақ үстінде, тамақ жеп отырып, құлақтарына жіп тағып алып, изектеп отырған жұртты күнде көріп жүрген шығарсыз, автобуста бір жіпті екі айырып көгендегі қозыдай қосақталып шайқалған көлікпен бірге бұралаңдап тұратын өрімдей оқушыларды көріп жүрген шығарсыз, тіпті, жатарда құлағына салып жатып ұйықтап қалған балаңыздың құлағынан еппен алып әрі апарып қойған шығарсыз…” деп бастапты әңгімесін әлгі журналист. Міне, жаһандану деп оның аранына жұтылып бара жатқан жастардың келешегіне, түптеп келгенде еліміздің ертеңіне алаңдаймын. Өркениетке өз болмысын жоғалтпай ұмтылғандар жоқ демеймін. Бірақ жылтырағанға алданып, біркүндік ғұмырын ойлайтын жастарды көргенде жаным ауырады.

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp