СҮЙІНДІК БАҚСЫ

Soltüstık Qazaqstan

 romanogazzi@gmail.com

Айыртау ауданының Дәуқара ауылында 1900 жылы дүниеге ке-ліп, ғұмыр кешкен Сүйіндік Жанысұлы емшiлiк, сәуегейлiк, көрiпкелдiк, бақсылық секiлдi туабiттi таңғажайып қабілеттерімен тамам жұртты таңғалдырған қасиетті адам болған. Әкесі Жаныстан Кенелдік, Сүйіндік, Шегендік, Аманжол есімді ұлдар мен Бәдіғұл, Қадиша атты қыздар тарайды. Бауырлары Кенелдік пен Шегендік ел басына нәубет төнген зұлмат жылдарда ауылдың бір топ азаматымен бірге “халық жауы” атанады да, жер аударылып, содан хабарсыз кетеді. Аманжол Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында қаза табады.

Жас кезінде жиі ауыра беретін Сүйіндіктің түсіне сол өңірде аты аңызға айналған бақсы Сарыбауыр Тастемір кіріп, батасын береді. Сол себепті ол өзінің бақсылық сарынын “Сүйіндік бақсы атандым, Тастемірден бата алдым”, – деп бастайтын болған.

Ел арасында Сүйіндік бақсының қып-қызыл ғып отқа сап қыздырған балтаны тілімен шыжылдата жалап зікір салғанын, өткір шалғының үстінде жалаңаяқ жүргенін, қырық инені бірден жұтып, қайтадан аузынан шығарғанда инелердің ірімтік-ірімтік болып қалғанын, жүйке ауруларын үшкіріп емдегенін, сынық салу шеберлігін, тамақ бездерін ешқандай із қалдырмай сылитын таңғажайып қасиеттері жайлы көздері көргендерден қалған аңызға бергісіз әңгімелер бар. Істелген дуадан жынданып, киізге орап, байлап-матап әкелінгендердің талайы Сүйіндік бақсы бір-екі рет зікір салып, ем-дом жүргізгеннен кейін құлантаза айығып, өз аяғымен кеткен кездері жиі болған.

Көршілес қонған Егіндіағаш ауылында Сүйіндік бақсымен түйдей құрдас Лиман деген басқарма болыпты. Ол құрдасына: “Сенде бар бақсылық менде де бар”, – деп сенбестік білдіреді екен. Бірде қыстыгүні Лиман атамыз жолаушылап келе жатады. Ай сүттей жарық. Дәуқарадан біраз ұзап шыққан кезде аппақ қардың бетінде қап-қара қозы маңырап жатыр дейді. Оны шанаға салып, енді жүрейін десе, аттың шананы орнынан жылжытуға шамасы жетпей, ышқынады. Сұлы жеп тұрған аттың ауылдан екі шақырым шықпай болдырып қалғанына таңғалған басқарма қозыны шанадан түсіріп тастағанда ат құстай ұша жөнеліпті. Артына қараса, қозы адамша сақылдап күледі. Лиман қорыққанынан есінен айрылып қалыпты. Ал ат болса, ауылға дейін тоқтамай шауып келіпті. Кейін Сүйіндік Лиманмен кездескенде: “Жолда не көрдің?” – деп сұрапты. Лиман атамыз осыдан кейін Сүйіндік бақсыны мазақтауын қойыпты.

Бірде Мүбәрак деген құрдасы Сүйіндіктің үйіне қонаққа барады. Көптен кездеспеген қос құрдас қуана қауышып, арғы-бергіні еске алады. Мейман ертеңіне: “Елге қайтайын”, – деп ат жеккізсе, Сүйіндік: “Тағы бір күн қонсаңшы”, – деп құрдасына қолқа салады. “Қой, қонақ бір қонса құт, екі қонса жұт” деген, жүрейін, ауылда да шаруа бар”, – деп Мүкең көнбейді. “Көнбесең, әуселеңді көрейін, кетіп көр”, – дейді Сүкең. “Жоқ, жүреміз”, – деп қақпадан шықса, жегулі аты осқырып, арындап маңына жолат­пай­­ды. Жағдайды түсіне қойған қонақ: “Жарайды, сен жеңдің, енді атымды жуасыт, әйтпесе, жетекті сын­­дыр­ар түрі бар ғой”, – деп райынан қайтыпты. “Ә, солай ма?” – деп күлген Сүйіндік: “Сап, жануар, сап”, – деп сауырынан сипап жібер­ген­де бір оқыранып қойып, көк ат бұрынғы қалпына келіпті.

Бірде Сүйіндік бақсы жоғарыда қызмет істейтін бір дөкейді емдейді. Әлгі кісі бақсыға алғыс ретінде жақын маңайдағы орман шаруашылығынан тақтай алуға рұқсат алып береді. Тақтайдың қат кезі. Содан Сүкең атын жегіп, тақтай алуға барады. Оны артқанша намаз уақыты болып, жайнамазын жайып жіберіп, бес парызының бірін өтей бастайды. Сол жерде тракторларына тақтай артып жатқан орыстар намаз оқып отырған ақсақалды көріп: “Мына шал үйінде тыныш жатпай ма, неменеге әуре болып жүр?” – деп өзара күңкілдеседі. Оны құлағы шалған бақсы намазын оқып болып, сырттан бақылап тұрады. Жұмыстарын бітірген соң әлгі жігіттер тракторына от алдырайын десе, ол міз бақпайды. Жігіттер сап-сау келіп тоқтаған трактордың от алмай қалғанына аң-таң болады. Қанша әуре болса да тракторды орнынан қозғалта алмайды. Содан бір мосқалдау кісі келіп: “Сендер анау тұрған шалдың сыртынан ғайбат сөз айтқан жоқсыңдар ма?” – деп сұрайды. Жігіттер ортада болған әңгімені айтады, сонда әлгі кісі: “Сендер ақсақалдан кешірім сұраңдар, бұл аруақты адам”, – дейді. Жігіттер Сүйіндік бақсыға барып, өздерінен бір білместік кеткенін айтып, кешірім сұрайды. Бір мезетте бақсы қолына балтасын алып, ақырып қалады да, трактордың қасында тұрған қайыңды шауып жібереді. Ағаш гүрс етіп жерге құлайды. Сол кезде трактор да от алады.

Соғыс жылдарының соңына таман Есіл ауданындағы Қарағаш ауылының қырық шақты қыз-келіншегі шошқа болып қорсылдап, леген төккен жерлерді қопарып кетеді. Осындай кейіпке енген әйелдерден шошынған ауыл тұрғындары жоғары жаққа хабарлайды. Қызылжардан арнайы келген кісілер, арасында дәрігерлер бар, бір апта тексеріп, аурудың себебін таба алмай, кері қайтады. Ауыл тұрғындары тығырыққа тіреледі, енді не істеу керек? Содан бір қарт адам: “Дәуқара ауылында Сүйіндік деген бір керемет бақсы бар. Сендер соны алдырыңдар. Бұл аурудың бір емін тапса, сол ғана табады”, – дейді. Сүйіндік бақсы оларға дуа жасалғанын біледі. Дуа жасаған сол маңайдағы қазақтар арасында “Дулен” деп аталып кеткен кемпір екен. Оның жасаған дуасының күші де керемет болса керек. Естерінен адасып, ауырып қалған әйелдерді емдеуге Сүйіндік бақсының келгенін естіген Дулен кемпір қарсы әрекеттер жасай бастайды. Сүйіндік те жындарын шақырып, екеуі біраз уақыт арбасады. Ақырында Сүйіндік бақсының аруағы жеңіп, әйелдер жазылып шығады.

Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып, “діншіл”, “партия саясатына қарсы” деген желеумен ер балаларды сүндеттеуге рұқсат бермеген кезінде Сүйіндік бақсы балаларды мұсылмандық жолға түсірген. Ол бұл шараны, негізінен, түнгі уақытта, есік-терезені бекіткен соң өткізіп отырған.

Бақсының балапан кезінен баулып өсірген бүркіті шау тартып, қартайып өледі. Иесі оның тұлыбын сол күйі өзінің ұстаханасындағы тұғырына отырғызып, дұға оқып, аяғынан таңып қояды. Сол бүркіті бертінге дейін өзінің тұрқын еш бұзбай, бірде-бір қауырсыны да түспей сақталған. Бұл да Сүйіндік бақсының аруағының құдіреті болса керек.

Сүйіндік бақсының ән айтатын өнері де ел аузында. “Қара домбырасын күмбірлетіп жырлай жөнелгенде еліге тыңдап, еріксіз ұйып қалатынбыз. Күмбірлеген үн, келісті мақам жан жүйемізді босатушы еді”, – дейді оның әуендерін тыңдағандар. Ол Айыртау өңірінің атақты айтыскер ақыны Мұса Асайыновпен дос-жар болады. Екеуі талай таңдарды бірге атырып, әсем де әуезді ән-жырларымен тыңдаушыларының құлақ құрышын қандырған.

Сүйіндік бақсы 1972 жылдың 2 қазанында жетпіс екі жасында дүниеден озды. Дәуқара ауылындағы зиратта жерленген бақсының бейітінің басына әлі күнге дейін адамдар тәу етіп, дұға оқып тұрады. Сүйіндік атайдың зікір салып, кісі емдеген көрігі, қысқашы, балтасы, домбырасы және басқа да заттары сол күйінде сақтаулы.

Бақсы өмірден озғаннан кейін оның ісін зайыбы Сартай (азан шақырып қойған есімі Нұрғиза) жалғастырған. Бұл кісі де аруақты болса керек. Сүйіндік бақсы қайтыс боларының алдында әжейге батасын беріп кеткен. Нұрғиза әжей де зікір салып, жас балалардың кірнесін емдеген. Осы төңіректегі біраз адамдарға әжейдің емінің шипасы мол болған.

Нұрғиза әжей он бір құрсақ көтеріп, сегізі кішкентайында шетінеп кеткен. Үлкен ұлы Серік те бақилық болды. Оның ұрпақтары бар. Ортаншысы Берік Қызылжарда тұрады. Кенже ұлы Ақмолда – Дәуқара ауылындағы қарашаңырақтың иесі.

Кеңес заманында адамның ақылы жете бермейтін небір ғаламаттар жасап, кісі емдеп, ел-жұртты ерекше қабілеттерімен таңғалдырған Сүйіндік бақсы секілді адамдарды дәріптеп жазу мүмкін болмады. Еліміз егемендігін алып, етек-жеңін жинаған шақта аталмыш мақаланы жазудағы мақсатым – біздің Айыртау өңірінде Сүйіндік бақсы секілді таңғажайып қабілет иесінің ғұмыр кешкенін бүгінгі ұрпақ біле жүрсін деген ой еді.

Жанат СӘБИТОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Айыртау ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp