ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

Soltüstık Qazaqstan

 romanogazzi@gmail.com

Облыс орталығының тұрғыны Кемел Асқаров ұзақ жылдардан бері Екінші дүниежүзілік соғыста майдан даласында қаза тапқан әкесінің жерленген жерін іздеумен болған еді. Бар білетіні – әкесі Асқар Исақов 1943 жылы мамырдың 7-сі күні Калинин облысындағы Новосокольнический ауданындағы Бутинино селосы маңында қаза тапқан. Отбасына жолданған “қара қағазда” осы жай хабарланған. Әйтсе де, Ресей Федерациясындағы мұрағаттарға жолданған хаттар ешқандай нәтиже бермеді.

Кемел Асқарұлы 2010 жылы теледидардан Ұлы Отан соғысы жайлы түсірілген фильмді тамашалап отырып, Калинин облысының Псков облысы, ал Бутинино селосының Золотково болып өзгергенін біледі. Осыдан кейін петропавлдық қария Золотково селосының билік өкілдерімен хабарласып, олардан бауырластар зиратының фотосуретін жіберуді өтінеді. Көп ұзамай жіберілген суреттен Кемел Асқарұлы 302-ші дивизияның 17-ші атқыштар полкында әскери борышын өтеген әкесінің бауырластар зиратында жерленгені және оның есімі естеліктер кітабына енгізілгені туралы нақты ақпарат алады. Бұдан соң жерлесіміз 2010 жылы сол кездегі Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Владимир Путинге хат жазып, Золотково селосындағы 2600 сарбаз жатқан бауырлас жауынгерлер зиратына мемориалдық тақта орнату жөнінде өтініш білдіреді. Оған 2012 жылдың 9 мамырына дейін мемориалдық тақта орнатылып, оның бетіне Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің есімдері жазылады деген жауап келеді.

Сөйтіп, биылғы жылы Кемел Асқаровтың көп жылғы арманы орындалып, ол баласы Ерланмен бірге бауырластар зиратына барып қайтты. Ресей жеріндегі Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысқан қарияның айтуынша, мемориалдық тақтаны көру үшін Алматы, Ақтөбе, Атырау, Байқоңыр, Қызылорда, Шымкент және Ресей Федерациясының бірнеше қалаларынан келгендер аз болмаған.

Осылайша перзенттік борышын өтеген Кемел Асқарұлы жақында туған ауылына барып, әкесі жерленген жерден өзімен бірге алып келген бір уыс топырақты анасының зиратына жеткізіп, құлпытас орнатуды жоспарлап отыр.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp