«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАСЫЛ ЕЛ” – ТАЗА ҚАЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылдан бастап қолға алынған “Жасыл ел” бағдарламасы біздің өңірімізде де кең қанат жайған. Осы жылдар бедерінде 814,6 гектар алқап тазаланып, көгалдандырылып, 6813 түп көшет отырғызылды. “Таза жағалау”, “Жасыл жапырақ” акциялары ұйымдастырылды, 2394 жұмыс орны құрылды.

“Жасыл ел” бағдарламасының студенттер, екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген өрендер үшін тиімді тұстары көп-ақ. Біріншіден, олар жұмысқа орналасып, еңбек көрігін қыздырады. Екіншіден, ақ қайыңдардың, еңселі емендердің, шырайлы шыршалардың мекені болған біздің өңіріміздің экологиялық жағдайына үлес қосады.

Таза ауа, құнарлы топырақ, жасыл желекпен көмкерілген жер, бұлар – қызырлы Қызылжар өлкесін мекендеген баршамыздың ортақ игілігіміз. Оларды мәпелеу, баптау, сақтау – бәріміздің міндетіміз.

Мамыр айының соңы мен маусым айының алғашқы күндерінен бастап біздің ақпараттық насихат тобымыз өңіріміздегі барлық жоғары және орта, арнаулы білім беретін мекемелерді аралап, түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізді. Соның нәтижесінде “Жасыл ел” штабының құрамында еңбек етемін деушілердің саны артты. Оларға жастардың еңбек жасақтары мен құрылыс отрядтарының жұмыстары жайлы түсініктеме бердік, түрлі видеокөрсетілімдер көрсеттік. Сөйтіп, уақытша жұмысқа тұрғызу арқылы студенттерге әлеуметтік көмек көрсету және жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануға баулып, патриотизмге тәрбиелеу мақсатын жүзеге асыруға тырыстық.

Бүгінде “Жасыл елдің” құрамында жаз бойы жұмыс істеймін деушілердің саны артып келеді. Олар шіліңгір шілденің алғашқы күнінен бастап қызу жұмысқа кірісетін болады. “Жасыл ел” жастары облыстың 12 мемлекеттік орман мекемесі базасында абаттандыру, орманды санитарлық тазалау, тәлімбақтарда отырғызылған көшеттерге күтім жасау, сондай-ақ, орман ішіндегі техника жүретін жолдарды тазалаумен айналысатын болады.

Рима СОЛДАТЕНКО,

облыстық жастар бастамалары

орталығының маманы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp