«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҢЛАҚТЫҢ СУРЕТІ – МҰРАЖАЙДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әбілхан Қастеев – қазақ халқының ұлттық бейнелеу өнерінің тұтас мектебін қалыптастырған айтулы тұлға. Оның қай туындысын алып қарасаңыз, бәрі де құнды. Бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген суретші картиналарының басым бөлігі оның есімімен аталған Мемлекеттік өнер мұражайының алтын қорында сақтаулы. Халқының өмірін жан-жақты бейнелеген қылқалам иесі өз туындыларында қазақтың Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымов және Сүйінбай Аронұлы сынды біртуар тарихи тұлғаларының кескін-келбетін бейнелеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Осы картиналардың соңғысы облысымыздың бейнелеу өнері мұражайының қорында сақтаулы.

Амангелді Имановтың портретін салу үшін Әбілхан Қастеев Торғай елін бірнеше ай бойы аралап, замандастарымен кездесіп, қас-қабағы, мінез-құлқына дейін сұрастырған. Сол сияқты, Абай Құнанбаевтың бейнесін кескіндегенде де 1947 жылы Шыңғыстауға барған. Ол жайында “Егемен Қазақстан” газетінде үстіміздегі жылдың қаңтар айында Семейдегі Абай мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева “Қастеевтің беймәлім туындысы” атымен жарық көрген мақаласында айтып өткен. Мақала авторы Абайдың халық суретшісінің қылқаламынан туған бірнеше портреттері Семей мұражайының қорында сақтаулы тұрғанын және бұл суреттер тұтас өңірдің мақтанышы екендігін тілге тиек еткен. Жамбыл Жабаев: “Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай”, – деп, ал Мұхтар Әуезов “Айтыс өнерінің алтын діңгегіне” балаған ақын Сүйінбай Аронұлының суретімен де Қызылжар өңірі мақтана алады.  

Биыл туғанына 200 жыл толып отырған Сүйінбай Аронұлының суретін Ә.Қастеев 1972 жылы салған. 1815-1898 жылдары ғұмыр кешкен ақынның фотосуреті болмаған. Суретші ақынның кескін-келбетін оның ұрпақтарының ақыл-кеңесіне жүгініп жасаған екен. Ол жайында суретшінің 1972 жылдың 23 маусымында “Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген “Сүйінбайдың суреті” атты мақаласында айтылады. Бұл мақалада Ә.Қастеев былай дейді: “Алатаудай ақиық ақынның сурет бейнесін жасаумен шұғылданғаныма, міне, жылдан асты. Ақынның өмірі мен творчествосына қатысты деректердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сүйінбайдың фотопортреті жоқ. Сондықтан бұдан 70-80 жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұрын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы басқа анатомиялық кескіндері қандай еді деген сұрақтарға жеке-жеке анкеталық анықтамалар алдын ала берілді. Содан соң олардың барлығы біртұтас күйге келтірілді”.

Суретші жұмыс барысында Сүйінбай Аронұлының немере қызы Үкіжан Сыпатаева мен аталасы Мырзабай Сатаевпен ақылдасып отырған. Ақынның бет-әлпеті, пішін-келбеті немере ұлы – Тоғызбай Малыбаевқа келетінін естіген суретші оның да фотосуретін жан-жақты зерттеген. Сүйінбайдың өзге де туған-туыстарының кескін-келбетін назардан тыс қалдырмаған Ә.Қастеев отбасылық ортақ белгілерін анықтаған. Қыл-қалам иесінің бастаған ісін аяқ-тамай жұмыс орнынан тұрмайтын әдеті болған. Сүйінбайдың портретін салу барысында да осы мінезінен айнымаған. Соңғы штрихы енгізіліп, бояуы кепкен портретті ақынның туған-туыстарына көрсеткенде, Үкіжан Сыпатаева: “Сүйінбайдың кескін-келбетіне дәл келеді, мен осы бейнені Сүйінбай деп танимын” деген екен. Бұл сөзді жұмысына берілген бағаға балаған суретші мақаласында ақынның көмек көрсеткен туған-туыстары мен филология ғылымдарының кандидаты Сұлтанғали Садырбаевқа да алғысын жеткізген.

Ақынның осындай еңбекпен дүниеге келген түпнұсқалық портретінің облысымызда сақталуының өзі өңірімізге абырой екені даусыз. Бұл Ә.Қастеевтің облысымыздағы жалғыз суреті емес. Одан басқа пейзаж жанрындағы “Жоңғар таулары” (1965 ж.), “Сүдігер жырту” (1961ж.), “Жайлауда”, “Колхоз қырманы”, “Алматы өзенінің көрінісі” және “Натюрморт” (1961ж.), “А. Айтиленовтің портреті” (1951 ж.) атты картиналары да мұражайдың жауһарына айналған. Бейнелеу өнері мұражайының қызметкері Жібек Жүзенованың айтуына қарағанда, кеңес өкіметі тұсында облыстық бейнелеу өнері мұражайларының қорын Алматы мен Мәскеу қалаларының Суретшілер одағы жасақтаған. Сол кезде жергілікті мұражай Қазақстанның ғана емес, өзге елдердің де белгілі суретшілерінің туындыларымен толықты. Бұл дәстүр еліміз егемендік алғанға дейін жалғасын тапқан. “Сүйінбай” портреті сияқты жоғарыда аты аталған картиналар Петропавл қаласына суретші дүниеден озған соң 1985-1989 жылдар аралығында Қазақ КСР Суретшілер одағынан және көркемөнер көрмелері басшылығынан түскен. Бұл суреттің тарихы мұнымен аяқталмайды. Еліміз егемендік алған тұста картинаның екінші тынысы ашылды десек, қателеспейміз. Көкбайрағымыз желбіреп, Ұлттық валюта – теңгеміз айналымға шықты. Теңгенің дизайны жасалғанда Ә.Қастеев салып кеткен Сүйінбайдың портреті іске жарады. 1993 жылы 15 қарашада айналымға шыққан теңгенің алғашқы нұсқасындағы 3 теңгеде Сүйінбайдың портреті бедерленген. Банкнот жасыл-сұр түсті. Оның оң жағында халық ақыны Сүйінбайдың портреті орналасқан. Бұл да болса, Ә.Қастеевтің қылқаламынан туған суреттің тарихи маңызын көрсетсе керек.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

(Сурет облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp