«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛЕҢ-ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жас қыран” жастар қосымшасы талантын талабымен шыңдап, өлең ағысына нәзік, сыршыл үнімен қосылуды көздеген өңіріміздің жас ақындарын оқырманға таныстыруды жалғастыруда. Бүгінгі кейіпкеріміз – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Айымгүл Қадырменова. Оның есімі жырсүйер жұртшылыққа етене таныс болмаса да, облыстық деңгейде өткізілген бірнеше дүркін жыр мүшайраларында жұлдызы жанып, жүлдегер атанып жүр. Көңіл ырғағын, жүрек үнін нәзік әуенмен жеткізуді көздеген Айымгүл болашағынан көп үміт күттіреді.

 

Жайма-шуақ жаз да келді жадырап,

Көңілдердің сыңғырлатып күлкісін.

Армандарым қалмас үшін адырап,

Жүрегімнің сұрайтыны – жыр, түсін.

Өмірімді өлеңменен өрнектеп,

Бар адамға бақ сыйлағым келеді.

Тағдыр дәмі бара жатыр кермек боп,

Өлең менің тағдырым ғой себебі.

Қуанышпен егіз туған ақынды,

Көру, сірә, түсінгенге мұң шығар.

Алысты да жатсына алмай жақынды,

Жырға ғашық нәзік жүрек құлшынар.

Күйбің тірлік, сан құбылған айнала,

Құлағыма үн қатады көмескі.

Ал мен болсам жымиямын жай ғана,

Өлеңімді оқығандай ең ескі.

Нәрестенің қуанғанын көрем де,

Жүргім келіп бала сынды тәй-тәйлап.

Жасырмай-ақ жайып салам өлеңге,

Сосын оны оқимын кеп айқайлап.

Мендік халді ұғына алмас бар адам,

Жырым менің жүрегімнің шындығы.

Үнсіз сүйіп, үкілеуге жараған,

Болса екен бар жүректің бір мұңы.

Айымгүл ҚАДЫРМЕНОВА,

 студент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp