“ҚАЗАҚ МҰНАЙЫМЕН ҒАНА ЕМЕС, ӘНІМЕН ДЕ БАЙ ЕКЕН!” – дейді шетелдік мейман Питер Штрубен

Soltüstık Qazaqstan

 romanogazzi@gmail.com

Облыстық филармонияда концерттік маусым аяқталды. Бірақ бұл әртістердің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған “Бабалар үні” атты мерекелік концертін ұйымдастыруға еш кедергі келтірген жоқ. Сахнада сан ғасырлар бойы халқымыз сақтап келген мәдениетінің інжу-маржаны, асыл қазыналары орындалды. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі осылайша ұлттық музыка өнерімізді ел кәдесіне жаратып, ән-күй өнерін әмбеге мәшһүр етуді көздейді.

Құрманғазының “Серпер” күйімен ашылған шымылдық, Тәттімбеттің “Саржайлау”, Нұрғиса Тілендиевтің “Махамбет” күйлерімен, халық және қазіргі сазгерлердің әндерімен жалғасын тапты.

Бір әттеген-айы, концертке жиналған көрермендердің қатары сирек болды. Төл өнерімізге деген құрметтің әлі де олқылығы осы тұста айқын көрінді. Алайда, көрермен қатары аз болса да, әртістердің өнері өз тыңдарманын таба білді.

Қазақтың әуезді әні мен күйін тапжылмай тыңдаған көрерменнің бірі – Питер Штрубен болды. Концертті бір деммен тыңдап, керекті жерлерін қойын дәптеріне жазып, суретке түсіріп отырған шетелдік мейманмен қатар отырғандықтан, оның ұлттық музыкамызды қалай қабылдағаны мені қызықтырмай қоймады. Бетховеннің жерлесі мамандығы бойынша мұғалім екен. Қазақстанға алғаш келуі. Петропавлдағы қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығында жергілікті мұғалімдерге үш апта әдістеме бойынша дәріс жүргізбек ниетпен келген екен.

– Қазақ музыкасын алғаш естуім. Өзім әуесқой музыкант болғандықтан, мені қазақтың музыкасы тебірентпей қоймады. Ғажап әлемге тап болғандай күй кештім. Халықтың ұлттық аспаптарының, әсіресе, домбыра мен қобыздың үні жүректі тербетті, тебірентті. Бояулары қандай қанық?! Қазақ халқы жерасты қазынасымен ғана емес, қайталанбас ұлттық музыкасымен де бай екен, – деді ол.

Онымен келіспеске болмайды. Расында да, филармонияның бұл жолғы концерті әрі дәріс ретінде өткен тамаша рухани кеш болды. Сахнада шырқалған әр ән мен күй қазақ тарихында алтын әріптермен жазылған айтулы шаралармен, елдің тұтастығын, елдігін сақтаған хандардың билік құрған уақыттарымен үндесіп отырды.

Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижерлік таяқшасын ұжымның көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров пен Әсет Әбдірахманов кезектесе ұстады. Қос дирижердің бойындағы қабілет оркестрдің үндестігін бір аспаптай ете түсті.

Концертте облысымызда дәстүрлі ән өнерінің жалғастырушылары Жанат Айтбаев бастаған, Біржан Есжан қостаған күміс көмей әншілер ауыздан ауызға тараған халық әндерін, тыңдарманға Бурабай мен Баянауылдың таулы тасынан жеткен Ақан сері мен Жаяу Мұсаның, Сегіз серінің, Иманжүсіптің белгілі музыкалық шығармаларын орындады. Аламан бәйгедегі көкпарды елестететін домбырашылардың күй-шашуы да делебені қоздырып, қанды қыздырды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp