«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

БАС ЖАРЫЛСА, БӨРІК ІШІНДЕ немесе Есіл ауданындағы аграрлық-техникалық колледждегі сорақылықтар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда үстіміздегі жылдың алты айында ғана өзіне-өзі қол көтерген 15 жеткіншек ажал тырнағынан арашаланса, алты қызғалдақ ғұмыр қыршынынан қиылды. Неліктен суицидпен күресте дәрменсізбіз? Бұл мәселе облыс прокурорларын да алаңдатып отыр. Осы және басқа да өзекті мәселелер облыстық прокуратураның алқа отырысында жан-жақты талқыланды. Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов қатысты.

Өткен жылы өңірімізде жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың 7 фактісі тіркелсе, биылғы жарты жылдың өзінде алты жеткіншек өз еркімен жарық дүниемен қоштасқан. Осыдан екі күн бұрын ғана машина жасау колледжінің оқушысы Қызылжар ауданында тұратын туыстарына қонаққа барып, әжесінің үйінде асылып қалған. Облыс прокурорының аға көмекшісі Раушан Қожахметова осындай жантүршіктірерлік оқиғаларды алға тартты.

Суицидке қатысты оқиғалардың төртеуі Есіл ауданындағы колледждерде орын алған. Ал қайтыс болған жасөспірімдердің екеуі – осы ауданға қарасты Петровка ауылындағы аграрлық-техникалық колледждің оқушылары. Бұл білім беру мекемесін қайғының қара бұлты өткен жылы торлай бастаған. Былтырғы жылдың мамыр айында аталмыш колледждің оқушысы жатақханада өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Алайда, колледж әкімшілігі селт етіп, орын алған оқиғадан тиісті қорытынды жасаған жоқ. Биылғы жылдың 14 ақпанында осы жатақхана қайта дүрліксе, соның салдары деуіміз керек. Тағы бір жас өзіне-өзі қол көтерді. Оқиға қайғылы аяқталды. Араға бір апта салып дәл осы жатақханада жеткіншек өзіне-өзі қол салуға әрекеттенді. Әйтеуір, ол аман қалады. Колледждің тағы бір оқушысы биылғы жылдың 20 мамырында көрші аудандағы үйіне барып, сол жақта өзіне-өзі қол жұмсап, өмірмен қоштасты.

Бір таңғаларлығы, колледж әкімшілігі айлап оқуға келмеген балаларды іздемейтін көрінеді. Қайғылы оқиға орын алғаннан кейін ғана іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ішкі істер органына хабарлаған.

Прокурордың аға көмекшісінің айтуына қарағанда, бұл колледжде суицид фактілерінің жиі орын алуына мекеме әкімшілігі кінәлі. Соның бір дәлелі – колледж қызметкерлерінің жыныстық ауруға шалдыққан жасөспірімді орталық аудандық ауруханаға апаруды қажет деп таппағандығы. Күйзеліске ұшыраған қыздың колледжден қашып кеткеніне де мән берген жан болмапты. Мұнымен қоса, тексеріс барысында осында білім алып жүрген бес оқушы қыздың жүкті екендігі анықталған.

Мекемедегі санитарлық жағдай да сын көтермейді. Оқушылар колледж жатақханасындағы аядай бөлмелерде 4-5 адамнан сығылысса, осы жатақхананың екінші жағындағы төрт бөлмелі жайлы пәтерде колледж директорының орынбасары отбасымен тұрып жатыр.

Не себепті колледж оқушылары өмірден безінуде? Бұл сұрақты облыс прокурорының міндетін атқарушы Арай Әлімов колледж директоры Айдар Қазиқановқа турасынан қойған еді. Түрлі сылтау айтып, ақталмақ болған басшы мардымды жауап бере алмады. Осыдан кейін аталмыш білім беру мекемесінде оқушылардың өзіне-өзі қол жұмсауы төтенше жағдай болудан қалғанына анық көз жеткізгенін айтқан Арай Әлімов: “Орын алған жағдайға талдау жасай отыра, тергеу басқармасының бастығына бұл материалдарды ендігі жерде Қылмыстық кодекс тұрғысынан зерттеуді тапсырамын”, – деді. Облыс прокурорының міндетін атқарушы бақылау барысында неше түрлі сорақылықтар орын алып отырған колледж басшысының осы күнге дейін қызметін сақтап келгеніне таңғалатынын жасырмады. Шынында да, бұл – ақылға сыймайтын жай.

Ел аумағында өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің саны бойынша біздің өңір Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейін, яғни төртінші орында тұр. Не себепті суицидпен күресте қауқарсыздық таныттық? Алқа отырысында бұл сұрақтың жауабын білу үшін құзыретті органдардың басшылары кезек-кезек мінбеге шақырылғанды. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жөнді жауап бере алмады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко оның бір себебі ретінде күйзеліске ұшыраған адамдармен жұмыс жасайтын мамандардың тапшылығын алға тартты. Бүгінде облыс бойынша суицидолог мамандар бар-жоғы үшеу болса, олардың екеуі ғана жасөспірімдермен жұмыс істейтін көрінеді.

Жиында жануарлар әлемін қорғау ісіне жауапты құзыретті органдардың жұмысын тексерудің қорытындысы да тыңдалды. Бұл салада жануарларды тіркеу, олардың санын есепке алу, квота бөлу мәселелерінде бірқатар заңсыздықтарға жол беріліпті. Браконьерлермен күрес жұмысы да жолға қойылмаған.

Жер қойнауын пайдалану бойынша заңдылықтардың орындалуын қадағалауға қатысты күн тәртібіндегі үшінші мәселені талқылау барысында жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланудың 4 фактісінің анықталғаны айтылды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp