«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТ-САПАР, АРМАНЫ АСҚАҚ ТҮЛЕКТЕР!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні 2014-2015 оқу жылында облысымыздың білім ошақтарын “Алтын белгімен” аяқтаған 37, “Үздік аттестатпен” тамамдаған 22 озатқа, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жұмыстардың 74 жеңімпазына Петропавл қаласының басты алаңында ерекше құрмет көрсетілді. Болашаққа нық қадам басқан өскелең ұрпақты өңір басшысы Ерік Сұлтанов құттықтап, оларға облыс әкімінің сыйақыларын табыс етті. Қошеметке бөленгендердің ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған өңіріміздің 56 түлегі де бар.

Биыл облыстың білім ошақтарын 3733 оқушы бітіріп шықты. Олардың өз қатарларынан оза шауып, мәреге зор жетістіктермен жеткендері облыс орталығындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында сап түзеді.

– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша қазақ-түрік лицейі, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат, Аққайың, Уәлиханов, Тимирязев, Қызылжар, Мамлют аудандары мен Петропавл қаласының мектептері үздік нәтиже көрсетті. 2014-2015 оқу жылында солтүстікқазақстандық оқушылар (71 адам) халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға белсене қатысты. Олар 16 жүлделі орын алып, 55-і грамоталармен марапатталды. Үздік нәтиже көрсеткен 8 оқушы Қазақстанның жетекші ЖОО-ларында оқитын атаулы гранттарға ие болды. Бұл – педагогтер мен оқушылардың және олардың ата-аналарының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Мемлекет тарапынан сіздердің бақытты өмір сүрулеріңіз үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің түлектерімен өткен кездесуде еліміздегі жасалған игі істердің барлығы жастардың болашағы үшін екендігін атап айтып: “Бүгінде сіздердің алдарыңыздан бүкіл әлемге жол ашық. Сіздер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа қарай қарыштап қадам басқан елмен бірге ержетіп келесіздер”, – деді. Ендігі сіздердің міндеттеріңіз жоғары оқу орындарында білім алып, елдің гүлденуі жолында еңбек ету. Сіздерді осындай салтанатпен құттықтай отыра, алдағы өмірлеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін! Үлкендердің сенімін ақтап, елдің мақтан тұтар азаматы атаныңыздар! Сапарларыңыз оң болсын! – деді Ерік Хамзаұлы.

Салтанатты сәттің төріне алғашқы болып Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары – 123 балл жинаған облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің түлегі Әсел Шарапова шақырылды. Облыс әкімі үздік нәтиже көрсеткен Әселге бағалы сыйлық табыс етті.

Ерік Сұлтанов 37 “Алтын белгі”, 21 “Үздік аттестат” иегеріне, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 56 түлекке, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жұмыстардың 74 жеңімпазына облыс әкімінің сыйақысын салтанатты жағдайда табыс етті. Биыл да қазақ-түрік лицейінің көш бастап, 5 “Алтын белгі”, 4 “Үздік аттестат” алғанын, 15 түлектің халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жұмыстардың жеңімпазы ретінде марапатталғанын атап айтқан жөн.

Түлектерді Ұлы Отан соғысының ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы Степан Башкиров құттықтады.

Үздік аттестат иегері Әсел Шарапова, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, “Парасат” мектеп-лицейінің түлегі Алдияр Қадыр, химиядан республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, ҰБТ-да 121 балл алған (Бірінші лицей) Светлана Сенчурова, “Алтын белгі” мен И.Вернадский атындағы халықаралық байқаудың алтын медалінің иегері (“БЭСТ” мектеп-лицейі) Дианэ Гатамова он бір жыл бойы оқытып, білім мен тәрбие берген білім ордасы мен ұстаздарына шын жүректен алғыстарын білдірді.

Шара барысында С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының актерлері “Бабалар үні” сахналық көрінісімен 2015 жылдың түлектеріне “Білім кітабын” ұсынды.

Бұл күні “Қазақстан балалары – Нұрлы Жолмен” бағдарламасы аясында “ART-Думан”, “Аңсар”, “Нәзік сезім”, “Черный бриллиант” топтары, “Алуа”, “Қуанамын”, “Арай”, “Қарлығаш”, “Дружные ребята” би ансамбльдері мерекелік салтанатты шалқыта түсті. Өз кезегінде салтанатты шараның иегерлері – мектеп түлектері “Қазақстан балалары – Нұрлы Жолмен” сөздері жазылған үлкен шар ұшырып, қоштасу вальсін биледі.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp