Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжде семинар өткізді. Елуге жуық студент қатысқан шара екі кезең бойынша жүзеге асты.
Алғашқы бөлімде ұйымдастырушылар жиналғандарды Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізгі бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ, жастар ұйымдарының белсенділерімен бірге атқарылған бірқатар жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Кездесудің екінші бөлімінде қоғамның жегіқұртына айналған жемқорлықтың еліміздің дамуына тигізген кері әсері баяндалған бейнероликтер көрсетілді. Шынайы өмірдің өзінен алынған шағын сюжетті композициялар жастардың жемқорлық жайлы көзқарастарының қалыптасуына ықпал ете білді. Парақорлықтың жақсылыққа апармайтынын түсінген олар аталмыш тақырыпта өрбіген әлеуметтік сауалнамаға жазбаша және ауызша жауап берді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.