Ұйғырдың ұлттық тағамдарының ішінде “Гүлтабақ”, “Болақ манты”, “Питер манты”, “Варак салхасы”, “Әсип”, “Лағман”, “Лох тоха”, “Кешилик тоха”, “Дунгиляк қыйманы” ерекше атауға болады. Ұйғыр халқы етті тартып, бұрыш, көк шөптердің бірнеше түрімен баптап беруге өте шебер.
Ұйғыр асханасының ең ұнамды және кеңінен таралған тағамдарының бірі лағман болып саналады. Бұл – арнайы дайындалған құймамен бірге ұсынылатын, жуан кесілген шиыршықтардан созылған қамырдың жіңішке жіпшелерінен дайындалған ұзын кеспе. Ұйғыр асханасының әрбір тағамының өзінің белгісі бар. Бұл тағамды махаббат тағамы деп атайды. Ұйғырларда жыл мезгіліне байланысты лағман 4 түрге бөлінеді. Көктемде бұл тағамның құймасына жасыл пияз, жусай өскіндерін, балдыркөк пен шалғамды қосып дайындайды. Жазда – қияр, сарымсақ, жусай, қысқа және ұзын үрме бұршақ, қызанақ, жасыл және қызыл бұрыш, баклажан, пияз қосады. Күзде сәбіз, кольраби, шомыр, шалқанды қосып әзірлесе, қыста лағманға кептірілген және тұздалған көкөністерді қосу – ұйғыр асханасының ерекшелігі. Сонымен қатар, лағманды дайындаудың түрлері де бар.
Диляфруз КӘРІМОВА,
үй шаруасындағы әйел.