Сенбі күні облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара болып өтті. Тарихы сонау 1935 жылдан бастау алатын білім ордасының жүріп өткен жолы әр қилы. Қиын-қыстау кездері мектеп жұмысын тоқтатып, жабылып та қалған. “Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі”, – деп ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев айтқандай, еліміздің ертеңі болар жас ұрпақты тәрбиелеу осындай іргелі білім ұясына жүктелетіндіктен, оның ашылуына алғаш рет атсалысқандар, одан кейінгілер жолдарынан жаңылмай, игі дәстүрлерді жалғастыра білген.
Міне, содан да салтанатты мерейтойға еліміздің көптеген өңірлерінен ғана емес, көрші Ресейден келгендер де болды. Мектептің алғашқы түлектері қариялардың қатарында. Сондықтан да қазіргі шақта ұрпақ жалғастығын танытқандай сол адамдардың кейбірінің шөберелері осы киелі шаңырақтан білім алып жүр.
Концерттік бағдарлама бойынша ұйымдастырылған шара алдымен ұстаз әр уақытта зор тұлға саналатындығын айғақтайтын монологпен басталды. Одан әрі 2015 жыл ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы екендігі аталды. Бұл орайда Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, бірлік пен татулықтың негізі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Ата Заңымыздың 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын қалайша атап көрсетпеске?!
Білім ордасының мерейтойына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова жиналғандарға құттықтау сөз арнап, абырой биігінен көрініп жүрген мұғалімдерді марапаттады. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова да өз кезегінде шын ықыласты тілегін білдіріп, бірқатар ұстаздарға құрмет көрсетті.
Мерекелік шара одан әрі де қызу жалғасты. Поэзиялық қойылымдар, сахналық көріністер, мектептің 65, 70, 75 жылдық мерейтойларынан жазылған бейнетаспалар көрсетілді.
Салтанатты шара гимназия-интернат хорының орындауында мектептің гимні – “Алтын ұя” әнімен аяқталды.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.