Өткен демалыс күндері өңіріміздегі 200-дей агроқұрылым мен кәсіпорын өз өнімдерін Астанада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шығарды. Бас қаланың тұрғындары отандық тауарларды 15-20 пайыз арзандатылған бағамен сатып алды.
Елорданың тұрғындарына 900 тоннадай сапалы да арзан ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. 100-ден астам тауар түрінің ішінде ет, сүт, макарон өнімдері де бар. Олар 60 негізгі сауда орнында бөлшек бағамен, ал картоп пен тағы басқа көкөніс көтерме бағамен де сатылып жатты. Картоптың бір килограмы 45 теңгеден саудаланды.
“Осы күнге дейін елордаға өз өнімдерін 10 облыс әкеліп сатқан болатын. Оның ішінде Солтүстік Қазақстанның өнімі ерекше сұранысқа ие”, – деді Астана қаласының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина.
Астаналықтардың ерекше сұранысына ие өнімдердің бірі – ет. Жәрмеңкеге өңірімізден еттің 60 тоннасы жеткізілді. Қара малдың еті – 950, қой және шошқа еттері – 850, жылқы еті 1200 теңгеден сатылды.
Астанаға тауар өндірушілермен қатар, өңіріміздің шығармашылық ұжымдары да барып, екі күн бойы өз өнерлерін көрсетті.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.