«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРДЫҢ ТАРТУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аққайың ауданына қарасты Смирново ауылында тұратын Құраловтар отбасы осыдан 13 жыл бұрын Өзбекстан елінен көшіп келген. Ерлі-зайыпты Мұрат пен Сайра – балаларының жарқын болашағы үшін елге, жерге оралып, туған мекенде тамыр жаюды мақсат еткен азаматтар.

– Біз – тарихи Отанымызға көшіп келіп, жұмыс істеп, қатарымыздан қалмауға тырысып жүрген көптеген отбасылардың біріміз. Төл ортамыздағы бауырларымыз бізді құшақ жая қарсы алды. Ең бастысы, баспанамен қамтамасыз етіліп, тиісті көтермеақыға қол жеткіздік. Мұның барлығы – Елбасының сындарлы саясатының арқасында жүзеге асып отырған игі бастамалардың жемісі, – дейді отағасы Мұрат Серғазыұлы.

Ұлттық салт-дәстүрді сақтап, балаларына қазақы тәрбие беруді мақсат еткен ата-ана “бізге жағдайды жасап беріңдер” деп алақан жайып отырған жоқ. Керісінше, қоғам жұмысына араласып, өздеріне жүктелген шаруаны барынша ынта-ықылас қоя атқаруға талпынып жүрген азаматтардың бірі болып табылады. Отағасы Мұрат Серғазыұлы диірменде жұмыс істесе, шаңырағын шаттыққа бөлеген асыл жары, балаларының аяулы анасы Сайра Сарсанбайқызы бүгінгі таңда Смирново №3 орта қазақ мектебіндегі шағын орталықта тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді.  

Сыйластықты ту етіп, сөздерімен де, істерімен де балаларына өнеге көрсетуге ұмтылған жарасымды жұп Қарлығаш, Ақерке, Назерке есімді құралайдай қыздарын аспандағы жұлдыздарына баласа, әке жолын жалғастырушы Нұрсейіт пен Нұрасылды жағасындағы құндызына теңейді.

– Қазақ халқы ғасырлар бойы аңсаған, армандаған азаттыққа қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің көк туы көгімізде желбіреген қуанышты күн жырақта жүрген біздер үшін де бақытты сәттің бастауы болып саналды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстағы ағайынға жолдаған ақ тілегі үмітімізді жалғап, ат басын ел жаққа бұруға себепкер болды. Халқының қамын, ұлтының келешегін ойлаған Елбасына ризамыз. Ендігі біздің парыз – қолдан келгенше жұмыс істеп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосу, – дейді Сайра Сарсанбайқызы.

Ұстаздық жолды таңдаған отанасы қоғамдық жұмысқа белсене қатысумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, ісмер жан – демографиямыздың өсуіне де зор үлес қосып жүрген алтын құрсақ ана. Он саусағынан өнер тамған Сайра Сарсанбайқызы қолөнермен айналысады. Шебер қолынан шыққан әр бұйымын ұлттық нақышта жасап, осы өнерге қыздарын да жұмылдырып, ине-жіпке икемді етіп өсіруді өзінің аналық міндеті санайды.

“Татулық – басты құндылық” деген қағиданы берік ұстанатын отбасы Қазақстанға көшіп келіп, қатарға қосылғандарын тағдырдың тартуы деп санайды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp