Қандай халық, ұлт, тіпті, жеке адам болсын арман-мақсатсыз, идеясыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Тәуелсіздіктің туын берік қолға алғаннан кейін оны мызғымастай ұстау үшін халыққа таусылмас қуат беретін ұлттық идея қажет.
1991 жылдары тәуелсіздіктің таңы атқан кезде ең алдымен экономикаға, содан кейін саясатқа көңіл аудардық. Ол шешімнің дұрыс болғанын өмір дәлелдеп отыр. Бірақ біз осы ширек ғасыр ішінде жеткен жетістіктерімізді көре алмайтын, тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмекші болған сыртқы күштердің бар екенін естен шығарған жоқпыз. Жаһанданудың әсерінен қоғамға жат, ұлтымыздың санасын улайтын идеялар батпандап кіре бастады. Қазіргі аласапыран заманда ел тәуелсіздігін сақтап, нығайту жолында Қазақстанды мекендеген өзге этнос өкілдерін ұлтымыздың төңірегіне топтастыру мақсатында жалпыұлттық идеяның қажеттілігі сезілгені сөзсіз. Осы орайда жарияланған тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек, қателеспейміз.
Жалпы ұлттық идеяның түп қазығы бірлікте, татулықта екенін барша қазақстандықтар түсінеді және қолдайды. Қазақ елін мекен еткен 130-дан астам этнос өкілдерін бір кісінің баласындай құрметтеп, олардың тілі мен дінінің, салт-дәстүрінің дамуына барынша жағдай жасап, қазақстандық біртұтас халықтың қалыптасуына алғышарт жасау қазақ ұлтына жүктелетін аса жауапты міндет екенін ұрпағымыз түсінді. Ендігі мақсатымыз – бүгінгі ел бірлігін, тұтастығымызды осы ұрпаққа аманат қылып қалдыру.
Ең құнды байлығымыз – татулық пен келісімді, этносаралық достықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін әрқашан насихаттап отыруды әрбір қазақстандық өз парызы санайды. Ұлт араздығын тудыратын жағдайдың алдын алып отыру мәселесіне басты назар аударылуда.
Жаңа қазақстандық патриотизм сезімін жас ұрпақтың бойына дарыту, ел бірлігін сақтаудың табысты кілтіне айналдыру тек білім мекемелерінің ғана емес, бүкілхалықтық міндетке айналуы керек. Сонда ғана қасиетті жерімізді қорғайтын жастарды дайындаймыз. Қорғанысы мықты ел ғана тәуелсіздігін сақтай алады.
Елу жылдай еліміздің болашағын тәрбиелеуге атсалысқан ардагер-ұстаз ретінде мемлекеттілігімізді нығайту бағытында жасалып жатқан зор тәрбиелік-саяси жұмысқа өте ризамыз. Алланың берген қуатының арқасында жас ұрпаққа елжандылық сезімді ұялатуға, бабалардан қалған құндылықтарды қадірлеуге үйретуге бар күш-жігерімізді аямаспыз деген ойдамын.
Қажымұрат НӘСИЕВ,
зейнеткер.