«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗТЕХМАШТЫҢ” ҚАРЫМДЫ ҚАДАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Индустрияландыру картасы аясында жұмысы жанданған “ҚАЗТЕХМАШ” машина жасау зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл күні облыстың ең ірі кәсіпорындарының бірінен саналады. Ауыл шаруашылығына қажетті техника жасауды қолға алған зауыттың алғашқы өнімдері де тұтынушы нарығына жол тартты.

Астық жинайтын комбайндар мен ауыл шаруашылығына қажетті техника шығаруға арналған бірлескен өндірісті “ҚАЗТЕХМАШ”, “Самұрық-Қазына Инвест” ЖШС-лері, “SAMPO Rosenlew Ltd” фин компаниясы мен польшалық “PRONAR” компаниясы қолға алған.  

Қазіргі таңда зауытта астық жинайтын комбайндар мен ауыл шаруашылығына қажетті техниканың 7-8 түрі шығарылады. Бүгінде 55 адам жұмыспен қамтылған. “ҚАЗТЕХМАШ” серіктестігінің бас директоры Сәбит Шәкенов сұранысқа сай өнім көлемін арттырған жағдайда қосымша жұмыс орындары ашылатынын айтып өтті. Мұнда жұмыс істейтіндердің көбісі – жастар. Өйткені, жастардың қызығушылығы жоғары. Жұмысқа да бірден араласып кетуге олардың мүмкіндігі зор. Кәсіпорын директоры шетелдің техника құрастырушы мамандары зауыт қызметкерлерін тәжірибеден өткізіп, оқытып үйреткенін тілге тиек етті. Бірнеше ай бойы шетелде техника жинаудың қыр-сырын меңгерген жігіттердің іс-қимылы да ширақ.

– Облыстың Индустрияландыру картасының екінші бесжылдық жоспарына кірген бұл жобаның ауқымы кең. Бізде шығарылатын техниканың барлығы сапалы. Бөлшек құралдар Финляндиядан, Польшадан әкелінеді. Бірақ шетелден жеткізілетін саймандардың орнына қазақстандық өнімдер болғанын қалаймыз. Өкінішке қарай, біздің елімізде техникаларымызға қажетті қосалқы бөлшектер шығарылмайды. Десек те, қазіргі таңда жергілікті кәсіпорындармен байланыс орнатудамыз. Қолдан келсе, қосалқы бөлшектер өзіміздің елде шығарылса дейміз. Өзіміздің өнімдерді тұтынғанымыз жөн. Бұл ел экономикасының өсуіне ықпал етеді. Кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне жол ашады. Отандық кәсіпорындар қажетті қосалқы бөлшектер шығарса, біз тапсырыс беруге әрқашан дайынбыз, – деді ол.

Бас директордың айтуынша, зауыт жобасы бойынша 128 адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта қажетті мамандарға сұраныс артады. Бірақ қазіргі таңда зауыттағы техника шетелдік мамандардың қатысуымен шығарылуда. Биылғы ораққа 25 комбайн қатысты. Сонымен қатар, шөп шабатын машина, тырнауыш, комбайнның дән құйылатын қорабы, тіркемелердің бірнешеуі жасалған. Бұл техника қазір сұранысқа сай. Бірақ қыста оларға сұраныстың азаятыны белгілі. Осы орайда Сәбит Шәкенұлы жылдың әр мезгіліне қажетті техника шығаруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Алдағы уақытта мұнда қар тазалайтын коммуналдық техника шығарылатынын ерекше екпін түсіре айтқанымыз жөн. Ал басты мақсат – өнім сапасын жоғалтпау. Сондықтан сырттан жеткізілетін қосалқы бөлшектер қазақстандық үлесті кеңейтуі үшін нақты шаралар қолға алынған. Қосалқы бөлшектерді сатып алуда еліміздің үлесін арттыру мақсатында арнайы жергілікті жоспар құру көзделген. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Десек те, ауызды қу шөппен сүртуге жарамас. Олар техникаға қажетті аккумуляторлар мен сүзгілерді Талдықорған, Жезқазған қалаларынан сатып алуда. Сондай-ақ, Астана қаласындағы “Локомотив құрастыру зауытымен” де байланысқа түсуде. Осы орайда зауыт басшысы шетелдік серіктестерінің көрсеткен көмегі ерекше екенін айтып өтті. Мамандарды тегін тәжірибеден өткізіп, тұратын жер мен ішер асқа дейін қамтамасыз еткен. Ал облыс әкімінің қолдауының арқасында көп мәселе шешімін тапқан. Өндірісті ұйымдастыру тұрғысынан емес, жалпы жаһандық машина жасау өндірісін дамытуға қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына зауыт қызметкерлері де дән риза.

Жобаны іске асыру үшін де қаржының аз кетпегені анық. Оны іске асыруға 1,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жылдар бойы қаңырап тұрған ғимараттың инженерлік-коммуникациялық жүйесі мен шатыры қалыпқа келтіріліп, аздыкөпті жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда сатылатын техникаға сервистік қызмет көрсетіледі. Белгілі бір уақытта техника істен шығып қалса, зауыт мамандарының сервистік тобы көмекке келеді. Техникалардың кепілдік мерзімі – 1 жыл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірдің егін алқабында жүрген комбайндардың сапасына кәсіпкерлер тарапынан ешқандай шағым түспеген. Керісінше, нарықтағы сұраныс жоғары көрінеді. Биылғы жылы 50 комбайн шығару жоспарланған. Ал жалпы жылына мұнда 400 комбайн шығарылмақ. Сәбит Шәкенов зауытты қазақстандық өндіріс алаңына айналдыру үшін көп еңбек ету керек дейді.

Болашақта бұл техникаларды экспортқа шығару көзделуде. Осы орайда Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарымен келіссөздер де жүргізілуде. Өзіміздің ішкі мұқтаждығымызды өтеп, сыртқа шығару үшін де алтын уақыт қажет. Бірақ зауыт мамандары өздеріне нық сенімді.

Зауыт алға жылжып, жаңа бастамаларға қадам басуда. Техникаларды сырлапқырлайтын, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін қосымша цех ашу жоспарлануда. Мұндағы жұмыс конвейер арқылы жүреді. Құрастырылатын техникалардың жұмыс ырғағы жауапты мамандардың көмегімен 9 кезең бойынша реттеледі. Өйткені, 30 мыңнан астам үлкенді-кішілі бөлшекті жинау бір мезетте мүмкін емес. Ал жұмысты компьютер арқылы реттеу – болашақтың еншісіндегі мәселе.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp