Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, жиналғандарды азаматтық қорғаныс қызметінің 20 жылдығымен құттықтады.
Алдымен, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің туы сахна төріне шығарылды. Салтанатта төтенше жағдайларды жою және оның алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс істейтін құтқарушылардың мінсіз де қалтқысыз қызметіне жоғары баға берілді. Осы орайда қандай қиындықтар орын алса да, өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің ерен еңбегі баршамызға үлгі-өнеге екендігін тілге тиек еткен өңір басшысы Ерік Сұлтанов құтқарушыларға жылы лебізін білдірді.
– Өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгенің өміріне араша түсетін құтқарушылардың еңбегі ерлікке пара-пар. Осы орайда солтүстікқазақстандық құтқарушылардың білімі, білігі, іскерлік қабілеті, жұмысқа жауапкершілігі жоғары екенін ерекше айтып өткім келеді. Облыс тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасайтын сала қызметкерлері әрқашан құрмет пен беделге ие. Бүгінде облыста төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында ілкімді істер қолға алынды. Құтқарушылар заманауи техникалармен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, жаңадан өрт сөндіру бекеттері ашылуда. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінде 927 адам еңбек етеді. Мамандардың білім, білігінің арқасында жыл басынан бері 126 адам құтқарылды. Алдағы уақытта да сіздердің Отан алдында мінсіз қызмет ететіндеріңізге кәміл сенемін, – деді Ерік Хамзаұлы.
Ел үшін төккен тер, еткен ерлік ескерусіз қалмайтыны анық. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс қызметіне 20 жыл толуына орай және облыстың өртке қарсы қызмет органдарындағы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі үшін Асқар Абығаев, Светлана Шаврина, Олег Эргардт облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болса, Франц Кондрат, Жанат Құрманғожин, Елена Шульгина, Жақсылық Сағитов сияқты өз ісінің майталмандары өңір басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері мен түрлі лауазымдағы құтқарушылардың бір тобына “Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл” мерекелік медальдары табыс етілді.
Салтанатты шарада азаматтық қорғаныс органдарының ардагері Олег Шагимарданов құттықтау сөз алып, кейінгі буын құтқарушыларға өзінің ағалық ақ тілеуін жеткізді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.