Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин канадалық Давид Лемьені тізе бүктірді.
Нью-Йорктің “Madison Square Garden” аренасында сегіз раундқа созылған қос мықтының жекпе-жегі өте тартысты басталды, жерлесіміз алғашқы минуттардан-ақ белсенді шабуылға кірісті. Кездесудің бірінші раунды біздің атлеттің аздаған басымдығымен өтті. Келесі кезеңде де осы көрініс сақталып қалды. Әрине, жерлесіміздің қарсыласы шынында да осал емес, қауіпті әрі мықты. Бірақ кездесудің нағыз фавориті Головкин екеніне шүбә келтірген ешкім болмады. Жерлесіміздің қорғанысының осалдығын алға тартатын білгірлердің аузына құм құйылғандай болды. Себебі, бұл жолы Головкин қорғанысын жетілдіре түскені бірден көзге көрінді.
Бесінші раунд аяқталуға жақын қалған сәтте қарқынға қарқын қосқан Головкин кенет Лемьені оң бүйірінен дәл көздеп, нокдаунға жіберді. Оны ақырына дейін жеткізіп, жеңіске жетуіне гонг қана аман алып қалды. Алтыншы мен жетінші раундтар Головкиннің осындай басымдығымен өтті. Соның бәрінде қарсыласын ұрып түсіретін бір ғана соққы жетпей жатқандай болып көрініп тұрды. Ал жетінші раундта отандасымыздың жойқын соққыларынан канадалықтың мұрны қанап, жекпе-жек уақытша тоқтатылды. Ал сегізінші раундта Геннадийдің қарсыласын әбден ұрып-соғып, есеңгіреткені соншалық, Давид Лемьенің өмірі мен денсаулығына алаңдаған төреші ұрысты мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Геннадий Головкин кәсіби мансабындағы кезекті 34-ші жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандық боксшы осы жеңісі үшін 2 миллион доллар алады деп xабарланды, оның үстіне ақылы трансляциялар жүйесі “PPV”-ден түскен қаражаттың бір үлесін иемденеді. Ал оның қарсыласы 1,5 миллион долларға ие болмақ. Бұл – Головкиннің өз мансабындағы ең жоғары қаламақысы.
Сөйтіп, орта салмақтағы барлық белбеулерді топтастыру басты арманы екендігін бірнеше мәрте айтқан Головкин “IBF” белбеуінің иегері атанды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.