Алёна Петрова – облыстық кәсіпкерлік палатасының бизнес-жаттықтырушысы. Ол жұмыс барысымен өңіріміздің аудандарын аралап, ауылдағыларды кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстырады. Тренингке жиналған ауылдықтардың алдына шығып, жұмысын сөздің атасы – сәлемдесуден бастағаннан-ақ жиналған жұрт таңдана қарайды екен.
– Алғашқыда “Орыстың қызы қазақша амандасты” деген таңданыс болса, тренингтің аяғында маған қазақ тілінде түсіндіргенім үшін алғыстарын білдіріп, қолдап-қолпаштайды. Ал мен оларға іштей алғысымды жеткіземін, – дейді Алёна Андреевна.
Ол жалпы білім беретін бірінші лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айгүл Төлегенованың арқасында тіл үйреніп, бір жыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған кезде осы күнге дейін меңгергенін жетілдірген. Алайда, 1-курстан кейін көрші Ресейдің Омбы педагогикалық институтына ауысады да, тілдік ортадан қол үзеді.
– Егер оқуымды СҚМУ-де жалғастыра берсем, қазір қазақ тілін сіз сияқты жетік білер едім. Үш жыл Ресейде оқыған кезімде қазақ тілінде сөйлеуді сағындым. Тіпті, түсімде біреулермен қазақша тілдесіп жүретінмін, – деген Алёна Петрова жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жарты жылдай өзі білім алған жоғары оқу орнында жұмыс істегенімен, бір-ақ сәтте бәрін тастап, елге оралады. Себебі, туған жеріндегі халықтың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын сағыныпты. “Ресейде өз үйімде жүргендей сезінбедім. Бұл сезімді Қазақстанның солтүстігінен Ресейге көшіп жатқан көптеген қандастарым да басынан өткерді. Кейде өзімнен: “Неге осы жерде оқи бермей, Омбы педагогикалық институтына ауыстым?” – деп сұраймын. Мүмкін, жастықпен “Ресей – біздің тарихи Отанымыз” деген сөздерге елтіп кеткен болармын? Үш жыл Ресейде өмір сүргеннен кейін тарихи Отаным деп еліту мен онда өмір сүрудің арасы жер мен көктей екенін түсіндім. Бізді ондағы жергілікті билік те, халық та “гастербайтерлер” деп қабылдайды. Сондай-ақ, ондағы еңбек нарығында бәсеке күшті. Мен сапалы білім алуым үшін шығынданғаныммен, жұмыс істеген кезде оның қайтарымын көрмеймін. Яғни, менің алған білімім жоғары еңбекақымен бағаланбауы мүмкін, – деп ағынан жарылды.
“Туған жердің тынысы бөлек” деген ару Қазақстанның шекарасынан бері өткен кезде-ақ өзі аңсаған мейірімділікті сезінген. Осы сәттен бастап болашағын Қазақстанмен байланыстыруға бел буған Алёна Петрова жарты жылдан бері облыстық кәсіпкерлік палатасында бизнес-жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік білетін Алёнаның ең бірінші іссапарында Ақжар ауданына барғаны ол үшін қазақ тілінен берген емтихандай болған екен.
– Бизнес-тренинг өтетін кабинетке кірсем, түгел қазақтар отыр. Олардың арасында орыс тілін түсінбейтіндер де болады ғой. Сонда ең бірінші рет теория бойынша меңгерген қазақ тілін тәжірибеде қолдандым. Қазақтарға өз ана тілінде кәсіпкерліктің қыр-сырын сөздік қорым жеткенше түсіндірдім. Ол кезде менде қате сөйлеп қоямын ба деген үрей басым болатын. Қатты қиналдым. Бірақ бірде-бір кісі жіберген қателеріме күліп, бетіме баспады. Керісінше, қолдау көрсетті, қате айтқан жерімді түзеп отырды. Бастапқы кезде осылай қиналсам, кейін үйреніп кеттім. Қазір жұмыс барысында қазақ тілін жиі қолданатын болдым. Ақжар, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барғанда бизнес-тренингті қазақ тілінде өткіземін, – деген Алёна Андреевна қазақша білетін әріптестерімен де, кәсіпкерлермен де жұмыс барысында мемлекеттік тілде сөйлесіп жүреді екен. “Үйренуге, жаттығуға еш уақытта кеш емес” деген қағиданы ұстанатын ару болашақта тағы да бір екі-үш шет тілін үйренгісі келеді.
Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері хақ. Бүгінгі таңда елімізде көптілділік мәселесі көкейкесті болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр. Осыны айқын түсінген Алёна Петрова бәсекеге қабілетті маман болғысы келеді. Бұл – оның басты мақсаты.
“Анам Лариса Валерьевна қазақ тілінде сөйлей алмаса да, өте жақсы түсінеді. Ол кісі: “Мен қазақша түсінгенім үшін құрметке ие болып жүрмін”, – дейді. Біздің елімізде қазақ тілін білетін өзге этнос өкілдері үнемі қолдауға ие және мансап баспалдағында жақсы көтеріледі. Содан да болар, үйде ата-анам да ара-арасында менімен кәдімгідей қазақша әңгімелеседі. Әсіресе, анам менен қазақ тілінде: “Енді осыны істейсің бе?”, – деп сұрайды. Мен оған: “Бұйыртса”, – деп жауап беремін. Ал атам мен әжем “Құдай-ай” – деген сөзді жиі қолданады”, деген Алёна енді Қазақстаннан кеткісі келмейтіндігін жеткізді. Барамын десе, тілін білетін елдерге жол ашық. Бірақ енді жат елге барып, шетқақпай болғысы келмейді. Ендігі арман-тілегі – туған жерінде өсіп, өркендеу.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.