«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛҚЫЛЫҚТАР ОРЫН АЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тексеру комиссиясы өз жұмыс жоспарына сәйкес Ақжар ауданының жергілікті бюджетін және аудан аумағын дамытуға арналған бағдарламаның орындалуын тексерген болатын. Тексеріс 11 мемлекеттік мекемені қамтыды.

Бақылау қамтыған жалпы сома 2425010,4 мың теңгені құрап, соның 571795,1 мың теңгесі бойынша қаржы тәртібін бұзушылық анықталды. Бұл аталған соманың 23,6 пайызы, соның ішінде бюджет кірістері бойынша – 1530,4 мың теңге, бюджет шығыстары бойынша – 540156,2 мың теңге, бақылау нысандарының қызметіндегі заңнамаға, сондай-ақ, оның міндеттерін және функцияларын жүзеге асырудағы басқа да олқылықтар 30108,5 мың теңгені құрады.

Бұдан бөлек, жалпы сомасы 152549,0 мың теңгенің рәсімдерін орындау барысында 33 қаржы тәртібін бұзушылық анықталды.

Жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижесі қаржы тәртібін сақтау деңгейінің төмендігін көрсетті. Бюджет нормалары және еліміздің қолданыстағы заңнамалары, бюджетті жоспарлауды көздейтін негізділік принциптері тиісінше сақталмаған, мемлекеттік сатып алу процесін жүзеге асыру саласында да олқылықтар бар. Мұнымен қатар іссапарлық шығыстарға, жалақы төлеміне, атаулы әлеуметтік көмектерге, орындалмаған жұмыстар көлемі үшін төлем жасауға, ұялы байланыс және ТМД, Балтық елдерімен сөйлесудегі шығыстарды өтеуге қатысты сын айтуға болады. Жасалған шарттардың аясында тауарларды дер кезінде жеткізбегені үшін айыппұлдық санкциялар ұсынылмаған, мемлекеттік мүлікті басқаруда және бухгалтерлік есепті жүргізуде қаржылық тәртіп бұзушылықтарға жол берілгені де белгілі болды.

Сонымен бірге, бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау кезінде Бюджет кодексінің және бюджеттік өтінімдерді құру және ұсыну қағидасының кейбір нормалары бұзылған. Барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері және тексеріс жүргізілген ауылдық округ әкімдіктері жалпы сомасы 75,9 млн. теңгеге қаржы тәртібін бұзуға жол берген.

Тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу процесін жүзеге асыру кезінде жалпы сомасы 38,4 млн. теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылығы анықталды. Тауарларды жеткізіп салуға, жұмысты орындауға арналған шартқа сәйкес қызмет түрі 15 күнтізбелік күнге жетпей орындалуға келісіледі. Мемлекеттік сатып алу жоспарында көзделмеген тауарлар, қызметтер және жұмыстар көрініс тапты. Қазынашылық органдарында шарттар уақтылы тіркелмейді, тұрғын үйді жалдау бойынша іссапар шығындары мемлекеттік сатып алу жоспарына енгізілмеген. Ал жабдықтаушылар біліктілік талаптарын куәландыратын құжаттар ұсынбайтынына көз жеткіздік.

Тексеріс барысында Бюджет кодексінің 44-бабындағы 3-тармағын және 2014 жылғы 17 қаңтардағы №2-027 нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісім бұзылып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға бөлінген 14085,0 мың теңге сомасындағы нысаналы трансферттер негізсіз игерілген деп танылды.

Бюджет кодексінің 4-бабындағы 12-тармақшасы, “Мемлекеттік мүлік туралы” 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-ІV ҚР Заңының 6-бабындағы 4-тармағындағы талаптар сақталмай, Байтөс ауылына көп сорғылы қондырғыны және екі резервуарды орнатуға бөлінген 13137,0 мың теңге тиімсіз жұмсалған. Көп сорғылы қондырғы мен резервуарлар жұмыс істемейтіні тексеріс барысында белгілі болды, сорғы станциясы электр жүйесінен ажыратылған. Іс жүзінде Байтөс ауылына су Булаев топтық су құбырынан орнатылған сорғылармен жеткізілмейді, резервуарлар пайдаланылмайды.

2014-2015 жылдарға арналған аудан бюджетін жоспарлау кезінде Қазақстан Республикасының бюджеттік жүйесінің қағидаттары сақталған. Сонымен қатар, кіріс көздері бойынша болжамдық түсімдер сомасын төмендету және негізділік қағидатын сақтамау жағдайлары да кездеседі, яғни бюджеттің жобасына қандай да болсын түсімдерді немесе шығыстарды енгізу қажеттігін және олардың көлемінің негізділігін айқындайтын нормативтік-құқықтық актілер мен басқа да құжаттардың негізінде бюджетті жоспарлау ойластырылмаған.

Тексеріс барысында Ақжар ауданын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасындағы жоспарланған көрсеткіштердің орындалмағандығы анықталды, кемшіліктердің себептеріне талдау жүргізілмеген, оларды жою үшін шаралар қолданылмаған.

Жоспарланған іс-шаралардың орындалмауы ауданның даму көрсеткішін төмендеткен және бағдарламаның орындалуына кері әсер еткен. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бағдарламаның іске асырылуының нәтижелілігіне және тиімділігіне тиісті мониторинг жүргізбеген. Бағдарламаның тиімділігін бағалаудың, оны іске асыруға қатысатын басқа да атқарушылармен өзара байланыстың жоқтығы байқалады.

Отырыстың қорытындысына сәйкес тиісінше қаулы қабылданды, ол анықталған қаржы тәртібін бұзушылықты жою және лауазымды тұлғаларды тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік мекемелердің назарына ұсынылды.

Қылмыстық белгілері бар материалдар облыстық прокуратураға процессуалдық шешім қабылдауға жіберілді.

Марат ЕБЖАНОВ,

облыстық тексеру комиссиясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp