Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті мен білім басқармасы бірлесіп, өңіріміздің ардагер педагогтеріне еліміздің бас қаласы – Астанаға саяхат ұйымдастырды. Саяхатқа қатысты барлық шығынымызды облыстық кәсіподақ комитеті өз мойнына алды.
Ұйымдастырушылар ұсынған экскурсоводтар бізді елорданың Тәуелсіздік алаңы, Тұңғыш Президентіміздің мұражайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, бас қаламыздың жаңа нышанына айналған “Хан Шатыр”, “Бәйтерек”, тағы басқа да көрікті жерлеріне автобуспен апарып, армансыз аралатты. Түнгі Астананың әсем түске боялған кейпін тамашалау саяхатымыздың есте қаларлық сәті болды десем қателеспеймін.
Туристік сапарымыздың бағдарламасы жан-жақты да қызықты болды. Көптен басымыз қосылмаған біздер бұл сапардан рухани азық алып қана қоймай, бір-бірімізбен емен-жарқын әңгіме құрып, өткен-кеткен шағымызды еске алып, бір жасап қалдық.
Вазипа КУЛИБЕКОВА,
қалалық білім бөлімі
ардагерлер кеңесінің төрайымы.