«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ БАҒЫ ҚАШАН ЖАНАДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім ошақтарының мәртебесін асқақтатып, материалдық-техникалық жағдайын көтеру үшін “Орта білім беретін үздік ұйым” конкурсы 2012 жылдан бері ұдайы өткізіліп келеді. Алайда, биыл төртінші мәрте өткен конкурс талаптарына ауыл мектептерінің “тісі” батар емес.

Конкурс тиімді педагогикалық және басқарушылық тәжірибені анықтау, қорыту, тарату, педагогтер мен орта білім беретін ұйымдар басшыларының жеке және кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған. Рейтингтік көрсеткіштер негізінде өтетін конкурс қорытындысында жеңіп шыққан мекемеге “Орта білім беретін үздік ұйым” гранты беріледі. Оған белгіленген қаражат көлемі жыл сайынғы жалақының ең төменгі мөлшерінің (21364 теңге) 800 еселенген өлшемі бойынша өзгеріп отырады. Озық мектеп 17 млн. теңгеден астам грантты иеленіп, білім ошағының материалдық-техникалық базасын толық жақсарту мүмкіндігін алады.

Алайда, “Алмақтың да салмағы бар” дегендей, оңай олжа қайдан болсын?!  

Еліміздегі білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігі мен жоғары рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатындағы аталмыш сынаққа қатысушылар оннан астам өлшем бойынша іріктеледі.

Конкурстың өлшемдер тізіміне көз жүгіртсеңіз, оған қатысуға, жеңімпаз атануға деген “тәбетіңіз” бірден басылады. Өйткені, ол талаптарға ауыл тұрмақ, қаладағы мектептердің де барлығы бірдей төтеп бере алмайды. Дегенмен, осыған дейін өткізілген додаларда облыс бойынша қырыққа жуық орта білім беретін мектеп бағын сынап көрген. Солардың ішінен асығы алшысынан түсіп, үздік атанған төртеуі тиесілі грантқа ие болып, бұрын да жаман емес материалдық-техникалық жағдайын одан әрі түзеп алған. Оларды атап айтсақ: Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат (2011-2012 оқу жылы), Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған “БЭСТ” гимназиясы (2012-2013 оқу жылы), жалпы білім беретін бірінші лицей (2013-2014 оқу жылы) және дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицейі (2014-2015 оқу жылы).

Бұл мектептердің оқушылары қала, облысты былай қойғанда, республика, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда алдына жан салмай келе жатқан өңіріміздің мақтанышына айналған мүйізі қарағайдай білім ошақтары екенін оқырман жақсы біледі. Білім ошақтарының илеп отырғаны бір терінің пұшпағы болғандықтан, грантты қай мектеп алса да, оның білім сапасын көтеруге ықпалы тисе игі дейсің, әрине. Алайда, бұл беделді білім ошақтары тұрғанда, ауыл мектептерінің үздік атануы ақылға сыймайтын құбылыс сияқты. Осыны түсінген болу керек, аталмыш конкурсқа қатысуға ниет білдірген мектептер саны да жыл санап сиреп келеді. Биыл бар-жоғы бес білім ошағы үздік атануға ниет еткен. Өйткені, олар да бұл конкурстың қол жетпес арман екендігін түсінген сыңайлы.

Мәселен, конкурс өлшемдерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеудің үстіміздегі жылғы қорытындысы бойынша орташа ұпай көрсеткіші Аққайың (84,3, өткен жылы – 79, 68), Уәлиханов (81,8, өткен жылы – 83, 54), Тимирязев (81,4, өткен жылы – 80,25) аудандарында жоғары. Алайда, аталмыш конкурс аудан емес, мектептердің көрсеткіші бойынша өтеді. Уәлиханов ауданының №2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры Тұрлыбек Оспановтың айтуынша, аудан бойынша жеті түлек “Алтын белгісін” дәлелдесе, соның үшеуі – аталмыш мектептің оқушысы. Бірақ алғашқы жылдары бақ сынап көрген олар өздерінің конкурс талаптарына сай келмейтінін білгеннен кейін қайта талпыныс жасамаған. “Әйтпесе, мектепті жақсы аяқтап, еліміздің белді оқу орындарында білім алып жүрген түлектеріміз баршылық”, – дейді ол.

Білім беру жүйесінде басты назар оқытудың сапасына аударылатын болғандықтан, біз тек Ұлттық бірыңғай тестілеу, “Алтын белгі” мен үздік аттестат иегерлері төңірегінде ғана сөз қозғап отырмыз. “Үздік ұйым” конкурсының ережелерімен әр мектеп басшысы таныс және оның сіз бен біз білмейтін қыр-сырына да жақсы қанық. Соның бір мысалы ретінде мектептегі оқушы санының да көрсеткішке әсері бар екендігін айта кетуге болады.

“Қаладағы беткеұстар білім ошағының бірі ғой, олар неғып конкурсқа қатыспай жүр?” деген оймен Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей директоры Рәзия Қасымоваға қоңырау шалдым. Сөйтсем, басында өзінікі деген ғимараты жоқ мекеме де аталмыш конкурстан тысқары қалады екен.

Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін Тимирязев мектеп-гимназиясынан 2013-2014 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша үш оқушы “Алтын белгі” иегері болса, соның бірі – Әлия Байжанова облыс бойынша ең жоғары – 120 балл жинап, Айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Аталмыш мектептен үстіміздегі жылғы сынақта да екі оқушы “Алтын белгіге” қол жеткізген. Білім ошағын он екі жылдың ішінде 22 түлек “Алтын белгімен” аяқтапты. “Біздің білім ошағында оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдай жасалған. Мектеп Wi-fi арқылы интернет желісіне, e-learning – электронды оқыту жүйесіне қосылған, жаңа үлгідегі 9 кабинет жұмыс істеп тұр”, – деген мектеп-гимназия директоры Ирина Попова конкурстың барлық өлшемдеріне сараптама жасап шықты. Оның айтуынша, білім ошағында бәрі жақсы, тек мектепте жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдердің жоқтығы және Ресейден басқа шетелдермен халықаралық ынтымақтастық орнатылмағандығы “аяқтан шалып тұр” екен. Сондықтан барлық өлшемдер бойынша 100 пайыз көрсеткіш болмағандықтан, мектеп-гимназия ұжымы: “Бәрі алдағы уақыттың еншісінде”, – деп арқасын кеңге салып, конкурсқа қатысуға мүлде талпынбапты.

Иә, конкурстың толып жатқан өлшемдерінің арасында ұстаздардың жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде жүргізулері де қарастырылған. Бұл тіпті күлкіңді келтіреді. Жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер ауыл тұрмақ, қала мектептерінің барлығынан табылмасы анық. Оны облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова да жоққа шығармады. “Жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін кадрлар бірінші кезекте жоғары оқу орындарында даярлануы керек. Олар дайындалып шыққаннан кейін ғана мектептерге келеді. Әзірге ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту қаланың ішінде қазақ-түрік лицейінде ғана енгізілген. Қазақ мектеп-гимназиясы мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназияда эксперимент жүргізілуде”, – деген білім басқармасының басшысы конкурс ережесінің талаптары шынымен ауыл мектептеріне сай еместігін жасырмады. “2016 жылдан бастап ол “Мемлекеттік қызмет көрсету” болып белгіленіп, стандарт бекітілді. Құжаттарды тапсыру тәртібі, тапсыратын, қайтарылатын уақыты бәрі реттеліп, тексеріледі. Мемлекеттік қызмет болғаннан кейін тексерістен-тексеріс болады. Шынын айту керек, оған шыдайтын, ережеге сай келетін мектептер саны өте аз”, – деді Шолпан Таңатқызы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp