Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Беларусь Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовпен және елшіліктің сауда-экономикалық қызметінің жетекшісі Геннадий Клыгамен кездесті.
Өңір басшысы меймандарға облысымыздың әлеуметтік әлеуеті жайлы айтып берді. “Жарты миллион ғана тұрғыны бар Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы аймақ. Оның ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндіктері бар”,– деді Ерік Хамзаұлы. Екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту мақсатындағы кездесуде машина жасау, орман және ауыл шаруашылықтары салаларында ынтымақтастық орнату мәселесі сөз болды.
Бүгінгі таңда өңіріміздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Беларусь Республикасының машина жасау кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатқан. 5 дилерлік және сервистік орталық Беларусь елінен түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізумен айналысады. Ал “Агромаш Холдинг” АҚ-ы “Гомсельмаш” зауытындағы әріптестерімен бірлесе Қостанай дизельдік кәсіпорны базасында бірнеше жылдан бері диқандардың сұранысына ие астық және жемшөп жинау комбайндарын шығарады. Облыс әкімі өңіріміздегі шаруашылықтар Беларусьте шығарылған аграрлық техникаларды сатып алатынын айтты. “Алдағы уақытта “ҚАЗТЕХМАШ” зауыты секілді іргелі кәсіпорындар да шетелдік әріптестерімен бірге қажетті техникалық жабдықтар шығаруды ойластыруы қажет”,– деді Ерік Хамзаұлы. Осылайша кездесуде сұранысқа ие машина-трактор жабдықтарын өзімізде шығару мүмкіндіктерін қарастыру мәселесі сөз болды.
Беларусь өнімі көптеген елдерге экспортталады, сыртқы тауар айналымы дамыған мемлекет. Біздің елімізге де олардан азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, киім-кешек, тағы басқалары жеткізіледі. Былтыр бұл мемлекет пен біздің облыс арасындағы тауар айналымының көлемі 23,8 миллион долларды құраған, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Ал биылғы жылдың тамызына дейін экспортталған және импортталған тауар көлемі 6,2 миллион АҚШ долларына жетті. Алдағы уақытта бұған дейінгі байланыс одан сайын нығая түспек. Өйткені, облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов кездесу соңында ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейтін меморандумға қол қойды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.