Мемлекет басшысының ұсынған жаңа экономикалық саясаты орта білімді жаңғыртуды талап етеді. Онда өзіндік ізденіс, сыни талдау, функционалдық сауаттылық дағдыларын дамытуды басшылыққа алу қарастырылған.
Орта білім беру сапасын арттыру стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады. Бәсекеге қабілетті білім беру жүйесіне жағдай жасау мақсатында халықаралық TIMSS, PISA, PIRLS мониторингтік ғылыми-зерттеулері жүзеге асырылуда. Бұл халықаралық зерттеулерге оқушылардың білім мен білік дағдыларын кешенді бағалау енгізілген. 2012 жылы біздің мектеп оқушылары мәтінді оқу сауаттылықтары және жаратылыстану ғылымдары пәндері бойынша білімдерін тексеретін халықаралық PISA зерттеуіне қатысты. Нәтижесінде мектебіміз облыс бойынша үздік көрсеткішке жетті.
Білім беру сапасын арттыру педагогикалық кадрлардың мәртебесі мен кәсіби құзыреттілік деңгейінің көтерілуіне тікелей байланысты. “Назарбаев Зияткерлік мектебі” дербес білім беру ұйымы мен Кембридж университетінің бірлесе әзірлеген деңгейлік бағдарламасы негізінде біліктілікті арттыру бойынша атқарылған жұмыстың арқасында білім берудегі қызмет көрсету сапасының артқаны байқалады. Бүгінгі күні Рузаев орта мектебінен алты педагог деңгейлік бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті. Мектеп педагогтерінің 56 пайызы – жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Педагогтер жыл сайын өткізілетін облыстық және республикалық конкурстар мен олимпиадаларға қатысады. География пәнінің мұғалімі Наталья Королишина республикалық экология-экономикалық білім беру бойынша оқу-әдістемелік құралдар конкурсының жеңімпазы болса, тағы бес педагог республикалық “Ұлағатты ұстаз” байқауының жүлдегері атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлжиян Нұрғалиева облыстық “Жүзден – жүйрік” сайысында 3-орынды иеленді.
Жаңа стандарт бойынша мектепте білім берудің оқу бағдарламасында өзіндік ерекшеліктер бар. Ол оқу пәндерінің қарапайымнан күрделіге қарай қағидасына, сондай-ақ, күтілетін нәтижеге бағдарлануына негізделген. Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларына “Мәңгілік Ел” идеясының құндылықтары мектепте оқытылатын пәндердің, шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны (өмір бойы оқыту, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік, ынтымақтастық, еңбек және шығармашылық) арқылы енгізілген.
Үстіміздегі оқу жылы мектебімізде “Мәңгілік Ел” оқу-тәрбие беру орталығы жұмысын бастады. Оның аясында оқушылардың таңдауы бойынша полилингвалды бағыттағы курстар, “Ұшқын” туристік және әдеби клубтары, спорттың жеті түрінен спорт үйірмелері құрылды. “Мәңгілік Ел” оқу-тәрбие беру орталығының жұмысы мектебіміздің әр оқушысын түрлі өмірлік жағдаяттарға даяр болуға тәрбиелеп, белсенді ұстаным қалыптастыруына септігін тигізеді.
Білімнің түп қазығы – мектеп, онда балаларымызға қандай тәрбие берілсе, еліміздің болашағы да сондай болмақ.
Лариса КОГТЕВА,
Рузаев орта мектебінің директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.