Астанадағы педагогикалық шеберлік орталығының жаттықтырушысы Сапура Жолдасбаева Петропавл қаласындағы №9 және №10 мектептерінің ұстаздарымен кездесті.
Шара барысында деңгейлік курстардан өткен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлден Әленова, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Айнаш Мейрамғалиева, Сәуле Жетмекова, Ләйла Әмрина “Lesson stadu” зерттеу сабақтарын өткізіп, оны ұжым және жаттықтырушы алдында талдады. Сабаққа қатысқан ұстаздар кері байланыс орнатып, өз ойларын білдірді.
Астаналық жаттықтырушы Сапура Жолдасбаева деңгейлік курстардан өткен әріптестеріне сабақты жоспарлау мен зерттеу барысында кездесетін қиындықтардан шығу жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп, ақыл-кеңесін берді. Оқушылармен топтық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді жолдарын ұсынып, коучинг пен тәлімгерлік әдістерді қалай пайдаланып өткізуге болатынына бағыт-бағдар сілтеді.
Деңгейлік курстардан әлі өтпеген біздерге тәжірибелі жаттықтырушының баланың жеке тұлғасын қалыптастыру, оның жан-жақты ойлауын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, бейімделуіне жағдай жасау, алдағы уақытта жақсы көшбасшы болу үшін берген кеңестерінің септігі мол болды.
Саягүл ЖАКУБАЕВА,
№9 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Петропавл қаласы.