Ұстаз – ұлы мамандық. Оның иесі болу үшін ішкі жан дүниең сол таңдауға сай болуы керек. Ұстаздық деген ұлағатты ұғымның асқаралы биік шыңына екінің бірі шыға алмайды. М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Зухра Ауғанбаева “2015 жылдың үздік педагогі” атанды. Ол бұл атаққа күн-түн демей, ерінбей, қажымай- талмай еңбектенудің, төзімділік, тұрақтылық секілді қасиеттерді бойына сіңірудің нәтижесінде қол жеткізді. Сөйтіп, өзінің нағыз ұстаз деген атаққа лайық екендігін дәлелдеді.
Бала күнімізде мұғалім болуды армандамағанымыз кемде-кем шығар. Бүгінде облысымыздың мақтанышына айналып отырған Зухра Нұрмолдақызы да көрші балаларды жинап алып, олардың мұғалімі рөлінде талай ойнағанын ұмытпапты. Бір сәт бақытты балалық шағын есіне түсірген Зухра Нұрмолдақызы: “Ұнатып ойнайтын ойындарымыздың бірі бала оқыту еді. Мен мұғалім болуға таласатынмын”, – дегенде оның жүзінен сол кезге деген сағыныш табы байқалды. “Бал арманымның асқақтауына әсер еткен адамдардың бірі әрі бірегейі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген ұстазым Әлия Малдыбаева болмаса, мүмкін, бұл ойым мектепте оқып жүргенде өзгеріп кетер ме еді?
Біздің сынып оқушыларының дені аталмыш пән мұғалімі болуды көздеп, жоғары оқу орнына түстік. Тәжірибелі ұстаз өз пәнінің қыр-сырын ұқтырып қана қоймай, бізді тіл мен әдебиет әлеміне өзімен бірге ерте білді”, – деді.
Балалық арманы жетелеген Зухра Ауғанбаева 1991 жылы Петропавл педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына түсіп, 1996 жылы Солтүстік Қазақстан университеті болып өзгертілген оқу орнын үздік дипломмен тамамдайды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктеліп, бақтарын сынай келген пән мұғалімдері арасында өтетін республикалық деңгейдегі тартысты додаларға қатысу үшін ұстаз бірнеше кәсіби сатылардан өтіп, шыңдалғаны абзал. Зухра Нұрмолдақызы бұған дейін де бірнеше байқауларға қатысып, өзінің білім деңгейін талай сынға салып көрген. Ол 2001 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық “Жүзден – жүйрік” байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінде жүлделі І, республикалық додада ІІ орынға ие болған. 2012 жылы облыс бойынша “Үздік әдіскер”, ал республикалық кезеңде “Әдіскер-эрудит” аталымын жеңіп алады. “Өзім үшін маңызы зор бұл жетістіктер мені одан әрі қанаттандырып, ізденуге, талаптануға итермелейді. Себебі, кез келген байқауға қатысу өткенге есеп берумен қатар, болашаққа жоспар құру болып саналады”, – деген ұстаз негізгі ұстанымы алдына келген шәкіртіне пәнді меңгерту ғана емес, сонымен қатар оның ойлау, ойлана білу қабілетін дамыту екенін алға тартты.
Зухра Ауғанбаева ұстаз ретінде алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде “Пәнді риторика арқылы оқыту” мәселесін мақсат еткен. Ол бүгінгі күнге дейін осы мәселе төңірегінде еңбектеніп келеді. Бірнеше жылдар бойғы төккен тердің нәтижесі ретінде 2005 жылы “Қазақ әдебиеті сабақтарында пәнді риторика арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері” атты әдістемелік құралын жарыққа шығарған.
“Білім беру жүйесі бір сарынды дамымайды және онда мынаны істе, былай істе деген қағида жоқ. Қазіргі таңдағы оқыту жүйесі оқушылардың сауатты білімімен шектелмейді. Адами фактор мәселелері алдыңғы орынға шыққан бүгінгі таңда тұлғаның қоршаған ортаға бейім болып өсуі басты талап болып отыр. Ал нағыз шебер ұстаз осы екі дүниені бір арнаға тоғыстыра білетін білікті маман болуы тиіс”, – дейді Зухра Нұрмолдақызы. Сол себепті ол бар мүмкіндігін шәкірттерінің сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін шыңдауға негіздейді.
Бірізді жұмыс істеу мектепішілік әдістемелік бірлестіктер жұмысының сапасына қатысты өлшенеді. Сондықтан осы мәселе төңірегінде ол 2011 жылы “Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жұмысын жетілдірудің инновациялық жоспар-бағдарламасы”, ал 2012 жылы “Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жұмысын жетілдіру жолдары” атты әдістемелік құралдарын шығарған.
“Қазіргі таңда Кембридж университеті және қазақстандық ғалымдардың бірлесе жасаған деңгейлік оқыту бағдарламалары мұғалімдер әдістемелеріне етене еніп кетті. Бұл бағдарламаның негізгі түйіні “ойлану туралы ойлау” идеясына саяды. Үстіміздегі оқу жылында үш ай бойы бірінші деңгейлік курста оқыдым. Қазір сонда оқып-түйгенім жөнінде мектептегі әріптестеріммен тәжірибе алмасудамын”, – дейді Зухра Ауғанбаева.
Ол “Үздік педагог” байқауының республикалық кезеңінде де бар жинақтаған іс-тәжірибесін портфолио түрінде қорғаған. Нәтижесінде “Білім беру ұйымдарының үздік педагогі” төсбелгісімен марапатталып, “2015 жылдың үздік педагогі” арнайы куәлігіне және 1000 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сертификатқа ие болды. Бұл – Зухра Нұрмолдақызының ерінбей, қажымай, талмай, тынымсыз еңбектенуінің арқасында шыққан биігі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.