«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ – ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, солтүстікқазақстандықтардың көп жылдан бері күткен Спорт сарайын салтанатты түрде ашты.

Алдымен Мемлекеттік хатшы “Жезқазған-Петропавл” автокөлік жолында жүргізіліп жатқан қайта жаңарту жұмысымен танысты. Өткен жылдың маусым айында басталған жұмыс барысында 11 километр жол жаңартылып, ендігі жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек. “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны – 5 миллиард 183 миллион теңге. Оған 100-ге жуық арнайы техника мен 170 адам жұмылдырылған.

– Бұл жол Астана, Петропавл және Ресей Федерациясының Қорған қаласын байланыстырады. Осы бағыт бойынша қатынаушылар саны өте көп. Жолдың өңір ғана емес, республика үшін де маңызы зор. Сондықтан қайта жаңарту жұмыстары әлі де жалғасатын болады. Жолдың қалған 60 шақырымына қатысты барлық құжаттар дайын, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Бұдан кейін облыс орталығында бой көтерген Спорт сарайының ашылу салтанатына қатысқан Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті спортшылармен кездесіп, облысымызда бұқаралық спортпен шұғылданатындардың саны өзге өңірлерге қарағанда жоғары екендігін атап өтті. Содан кейін салтанатты шараға жиналғандарды осынау маңызды күнмен құттықтап:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттың саулығы халықтың саламатты өмір салтын ұстануына байланысты екендігін ұдайы айтады. Осы орайда Спорт сарайының жас буынды дене тәрбиесіне, спортқа баулуда маңызы зор. Солтүстік Қазақстан облысы ел намысын қорғап жүрген спортшыларымен мақтана алады. Ал олардың ізін жалғастырар болашақ чемпиондар осы Спорт сарайында жаттығатын болады, – деді.

“Жас Өркен” шағынауданында орналасқан Спорт сарайында үш функционалдық блок, яғни жеңілатлетикалық манеж, мұз айдыны, велосипедшілер мектебі қарастырылған. Сондай-ақ, жаттығу, жалпы дене шынықтыруға даярлық, күш жекпе-жегі залдары бар.

Айнадай жарқырап жатқан мұз айдынында жергілікті көркем гимнасшылар өнер көрсетсе, “Құлагер” хоккей клубының кәсіпқой және жастар, жасөспірімдер, балалар командалары шаршы алаңға шықты. Олар енді көрші облыстардың мұз айдынына жалтақтамай, өзімізде жаттығатын болды.

***

Осы күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының кеңейтілген отырысы да өтті.

Онда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова көпэтносты өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бірлік пен ынтымақтастықтың ықпал етіп отырғандығын тілге тиек етіп, Елбасының бес институттық реформасында Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген міндетке тоқталды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов мерейлі жылда атқарылған жұмысты тілге тиек етіп, бірқатар солтүстікқазақстандықтардың аталмыш бағытта атқарып жатқан жұмысына жоғары баға беріп, алғысын жеткізді. Кеңейтілген отырыс барысында өңірімізде этносаралық бірлікті нығайту жолында жүзеге асырылған жұмыстар баяндалды. Мәселен, бүгінгі таңда Мағжан Жұмабаев ауданында 12 этнобірлестік жұмыс істейді. Сондай-ақ, 30-дан астан этнос қоныстанған ауданда шведтер мен австриялықтар да өмір сүреді екен. Ал М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Назим Надиров болашағын өзі туып-өскен қазақ елімен ғана байланыстырады. Курд ұлысына жататын жас жігіт Мемлекеттік хатшыға Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай еліміздегі барлық этнобірлестіктер жанындағы жастар қанатының форумын өңірімізде өткізу жөніндегі ұсынысын жеткізді.

Кеңейтілген отырысты қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы атқаруға тиісті бірқатар міндеттерді атап өтті.

***

Бұдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” жобасы аясындағы “Серпін – 2050” бағдарламасы арқылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және колледждерде білім алып жатқан студенттермен кездесті.

Бүгінгі күні өңірімізге Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан арнайы грант арқылы келген түлектердің саны – 650. Олар техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарын игеруде.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында атқарылып жатқан жұмысты баяндады. “Өңіріміздегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бәсекеге қабілетті мамандарды оқытуға әлеуеті жетеді”, – деді Шолпан Таңатқызы. Соңғы төрт жыл ішінде колледждердің материалдық базасын нығайтуға 625 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Әлеуметтік серіктестік арқылы модульдік бағдарламалар әзірленіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласының мамандары зауыттарда тәжірибеден өтуде. Сондай-ақ, алаңсыз білім алулары үшін “Серпін” бағдарламасының қатысушыларына республикалық бюджеттен 82 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат оларға шәкіртақы төлеуге, тамақтанулары мен киім-кешектеріне, жол жүру шығындарына жұмсалуда.

Мемлекеттік хатшымен кездескен студенттер оқу орындарында өздері үшін жақсы жағдай жасалып жатқанын айтып берді. Солардың бірі – былтырдан бері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уинверситетінде химия мамандығы бойынша білім алып жүрген Ұлдана Қойлыбек. Студенттің айтуынша, жоғары оқу орнында ғылыми дәрежесі бар оқытушылардан білім алуда. Жастар университетте ғылыми-зерттеумен айналысады, ал бос уақыттарында түрлі үйірмелерге қатысып, жергілікті жастармен жақсы тіл табысып үлгеріпті. Сөз алған басқа студенттер де аталмыш бағдарлама арқылы тегін жоғары білім алуға мүмкіндік туып отырғанына ризашылықтарын білдіріп, ертеңгі күні облыстың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосуға сөз берді.

***

Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы облыс орталығындағы Мир және Строительный көшелерінің қиылысында салынып жатқан 320 орындық балабақшаның құрылысында болды. Жобаның жалпы құны 713 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер – “Петрострой-Люкс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты үстіміздегі жылдың маусым айында бастап, қазіргі таңда 30 пайызын орындапты.

– Құрылыс кесте бойынша жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін бөлінген 150 миллион теңгені 100 пайыз игердік. Нысанның іргетасы қаланып, қазір бірінші қабаттың қабырғасы тұрғызылып жатыр, – деді “Петрострой-Люкс” ЖСШ-нің директоры Николай Кошиков.

Құрылыс басында Гүлшара Әбдіқалықова Петропавлдағы бөбектерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету мәселесін сұрап білді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайтудың арқасында бүгінгі таңда петропавлдық балалардың 57 пайызы балабақшаларға барып жүр. Жыл соңына дейін облыс орталығында жаңа 3 жекеменшік балабақша ашылып, 800 баланың арманы орындалмақ.

Өңіріміздегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысқан Мемлекеттік хатшы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне де барды. Мұражай ішін аралап көргеннен кейін Гүлшара Әбдіқалықова құрметті қонақтар кітабына игі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.

***

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы және Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова іссапар барысында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында іскер әйелдермен кездесті.

Шара барысында облыс әкімі мен Мемлекеттік хатшы кітапхананың бірінші қабатында ұйымдастырылған көрмені тамашалап, отандық өнімдерді өндіру бағытында еңбектеніп, өз кәсібін ашқан қыз-келіншектердің жұмыстарымен танысты. Содан кейін құрметті қонақтар “дөңгелек үстел” басына жиналған кәсіпкер әйелдермен емен-жарқын әңгімелесіп, ортақ ойларымен бөлісіп, түйінді мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.

Кездесуге төрағалық еткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов ел бірлігі, татулығын тілге тиек етіп:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Қазақстан – 2050” Стратегиясында мемлекет тарапынан әйелдер мен балаларды қолдау, оларға барынша қамқорлық көрсету жолдары айқын көрсетілген. Ендігі мақсат – сол сара жолмен жүріп, жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыру, – деді.

Әйелдер әрдайым біздің қоғамның тірегі болса, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы. Осы тақырып жайында сөз қозғаған Мемлекеттік хатшы дағдарысқа төтеп беру барысында қыз-келіншектердің де белді бекем буып, ерлермен қатар еңбектенуі қаншалықты маңызды екеніне тоқталып:

– Елбасы белгілеген бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының төртiншi – “Бiртектiлiк пен бiрлiк” деп аталған реформаның жүзеге асуында, оның өзегі ретiнде алты шынайы қадам ұсынылған. Ендігі меже – әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған бағдары айқын міндеттерді мінсіз орындау. Солтүстік Қазақстан облысында “Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс” акция аясында 260 іс-шара өткізіліп, 9 мыңдай адам жалпы сомасы 28 миллион теңгенің көмегін алған. Бұл сөздің іске ұласқанының бір дәлелі, – деді.

Ұлттық құндылық, патриотизм, отбасындағы өзара сүйіспеншілік, саламатты өмір салты жайында сөз қозғаған Мемлекеттік хатшы жұмыссыздықтың алдын алу, әсіресе, ауылдық жерлердегі әйелдерге қолдау көрсетіп, ұмтылғанның барлығын жұмысқа жұмылдыру маңыздылығын әңгіме арқауына айналдырды.

– Әйелдердің қолынан бәрі де келеді, егер жұмысқа баулып, оқытса, мықты-мықты металл жонушы, ағаш ұстасы да бола алады. Бұл – заман талабы. Біз осы қарқынмен жақсы еңбек етіп, “ЭКСПО – 2017” -ге қатысуымыз керек, – деген сөзімен Гүлшара Наушақызы қыз-келіншектерді жігерлендіре түскендей болды.

Сонымен қатар, кездесуде ажырасу мәселесі, біздің өңірде бала туу көрсеткіші басқа облыстарға қарағанда төмендеу екендігі, экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының маңыздылығы, соңғы 9 ай ішінде ана мен бала өлімі тіркелмегені және денсаулық, білім салаларының түйткілді тұстары қозғалды. Бірнеше жыл бұрын қолға алынып, кейін тоқтатылған “Ұрпақ қоры” бағдарламасын тілге тиек еткен Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта осындай бағдарламалар қолға алынса, 4 және одан көп баласы бар отбасыларға қолдау болар еді деген ойын ортаға салды.

“Барлығы отбасынан бастау алады” деген сөзді арқау еткен Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының ұсынысымен жүйеге енгізілген “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының қажеттілігіне тоқталып, алдағы уақытта жарасымды жұптар қатары көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілегін білдірді.

Отбасы институтын нығайту, әйелдердің экономика мен саясатта ғана емес, барлық салада сүбелі үлесі барын облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова өз баяндамасында айта келе, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайында толық мәлімет берді.

Кездесу барысында өз кәсібін дөңгелетіп отырған бірқатар білімді, білікті әйелдер сөз сөйлеп, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінің барлығы мемлекеттік қолдау арқасында жүзеге асып жатқанын ерекше атап өтті.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекетіміздің әлемдегі ең мықты дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін жұмысты барынша ширата түсу қажеттігін атап көрсетті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”,

Әсел ОРАЗБАЕВА,

журналист.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp