«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҒАЛІМДЕРГЕ БІРЫҢҒАЙ ФОРМА ҚАЖЕТ ПЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таяуда аталып өтілген Мұғалім күні мерекесінен кейін редакциямызға қоңырау шалған ардагер ұстаз салтанатты шарада әкімнің қолынан марапат алуға сахнаға шыққан кейбір мұғалімдердің киім киісі көзіне оғаш көрінгенін айтып, реніш білдірген еді. Ол: “Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі емес пе? Ол өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті, сырт пішіні, киген киімімен де оқушыларына әсер етеді. Сондықтан мұғалімдер де бірыңғай формамен жүрсе, дұрыс болар еді”, – деді. “Ойды ой қозғайды” демекші, қарт ұстаздың бұл ұсынысына жұртшылықтың пікірін білген едік.

 

ИӘ

Жазира МУСИНА,

ата-ана:

– Мектеп ұстаздары біркелкі киім үлгісіне көшсе, мен олардың бұл таңдауын қос қолдап қолдайтын адамдардың бірі болар едім. Өйткені, мұндай жол арқылы оқу орындарындағы тәртіп күшейіп, әлеуметтік теңсіздік жойылады деп ойлаймын. Біз оқушылардың бірыңғай мектеп формасы туралы көп айтамыз, ал ұстаздардың киім киісі көлеңкеде қалып қоюда. Бұл дұрыс емес. Ұстаз сөзімен де, киім үлгісімен де, тіпті, керек десеңіз, жүріс-тұрысымен де оқушыға үлгі болуы керек. Кейбір жас мұғалімдер қысқа жең кофта, тырысып қалған юбка киіп, мектепке барады. Бұл жерде мұғалімдердің сырт киімі оқушының санасына тікелей әсер ететінін ұмытпаған дұрыс.

Естуімше, мұғалімдердің оқушылармен қатар біркелкі киім үлгісіне көшуі Батыс Қазақстан, Алматы қалаларында бүгінде қолға алынуда. Біздің өңірде де осындай жаңашылдық енгізілсе, артық болмас еді. Петропавл қаласындағы біліктілікті арттыру институтында мұғалімдер бір түсті костюм кисе, Назарбаев Зияткерлік мектебінде барлық ұстаздар классикалық үлгіде киінеді. Бұл да басқа мектептерге жақсы үлгі деп ойлаймын. Сондай-ақ, ұстаздардың бірыңғай үлгідегі киімдері ұлттық салт-дәстүрімізбен ұштасып жатса, жақсы емес пе? Біле білген адамға ұлттық киім де тәрбиенің бір түрі болып саналады. Бір жағынан, ою-өрнектің түр-түсіне қарай мектеп ұстаздарын танитын болсақ, екінші жағынан алғанда, бұл қадам – ұлттық құндылықты насихаттаудың бір жолы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, бүгінгі мұғалімдер ішкі білімі мен ой-өрісі сыртқы тұлғасымен астасқан парасат иесі болып саналатын ұстаздар атына лайық киіне білсе, нұр үстіне нұр болар еді.

ЖОҚ

Дина ӘБІЛМӘЖІНОВА,

Петропавл қалалық жалпы білім беретін №8 эстетикалық мектептің директоры:

– Шынымен де, мұғалімнің бала өмірінде ғана емес, жалпы қоғамдағы орны жоғары. Әсіресе, бүгінгі таңда жан-жақты тұлға тәрбиелеудің жауапкершілігі мұғалімдерге жүктелген. Олардан біз шәкірттерге сапалы білім беруді талап етуіміз қажет. Ал бірыңғай киім киюге мәжбүрлеудің қисыны жоқ деп ойлаймын. Оқушы ұстазының киім киісі, өзін-өзі ұстауына қарап бой түзейді. Сондықтан ұстаздар өзіне жарасымды, жинақы, үстіне қонымды киім киіп жүрсе болды емес пе?! Ең бастысы, әдептен аспау қажеттігін өздері де жақсы түсінеді. Онсыз да қазір ұстаздардың осы талапқа сай киінуін мектеп директорлары қадағалайды. Ендеше мектеп мұғалімдеріне бірыңғай форма енгізудің қажеті қанша? Ұстаз ашық-шашық, қысқа киім кимеуі керек.

Сондай-ақ, тым көзге тез түсетін түстердің де қажеті жоқ. Өзін-өзі сыйлайтын кез келген ұстаз осы талапқа сай киінеді деп те ойлаймын. Бір түсті белдемше, костюмдер ғана ұстаздарға лайық. Бұл – сырт көзге тартымды көрінетін, ұстазға жарасымды бірден-бір киім. Балаларға қойылған талаптың ұстаздарға да қойылуы, бір жағынан, ұят. Ең бастысы, киімінің омырауы, етек-жеңі жинақы болса болғаны. Сондықтан олардың бәрін бірдей балапан сияқты бір түспен киіндірмей-ақ белгілі бір талаптарға сай, тәртіппен киінсе жетіп жатыр.

 Әрине, оқушылардың бір-бірінің шекесінен қарамауы үшін олардың бірыңғай форма киюі дұрыс. Сол арқылы-ақ оқушы мен мұғалімді айыруға болады. Өткенге көз жіберер болсақ, бұрын мектептегі оқушылар арнайы үлгідегі киімдер киді. Тіпті, қымбат сақина-сырға, сағат тағу, аса қымбат киім киіп, ерекшелену болған жоқ. Ұстаздардың өзі қымбат заттарын мектепке тағып келуді ерсі санайтын. Жерлес ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі», – деген. Сондықтан ұстаз деген атқа кір келтірмеуді ойлаған әрбір тәлімгер ісімен де, сөзімен де, киімімен де, әдебімен де, яғни бар болмысымен айналасына үлгі болуды мақсат тұтады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp