Шал ақын ауданының тарихи-өлкетану мұражайында Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына орай “Асқақ рухты Қазақ хандығы” атты көрме ашылды. Көрменің мақсаты – ел үшін аянбай еңбек еткен көрнекті тарихи тұлғалардың ерліктерін насихаттау.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Көрменің негізін тарихи тұлғалардың фотосуреттері, карталар, кітаптар, жабдықталған жартылай киіз үйдің көрінісі, газет бетіндегі мақалалар құрады.
Шара барысында “дөңгелек үстел” басына жиналған қалың қауым Қазақ хандығы, “Мәңгілік Ел” идеясы, “100 нақты қадам” Ұлт жоспары тақырыптарын әңгіме арқауына айналдырды.
“Балқадиша” фольклорлық ансамблінің мүшесі Күлзия Таскенова жастарға салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді ұмытпай, ел үшін аянбай еңбек етудің қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Кеш соңында жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.
Маржан ТАУШАР,
мұражай қызметкері.
Шал ақын ауданы.