Жуырда газетте жарияланған “Ар – ең жақсы патриот” деген мақаланы оқып отырып, менің де көңілімде жүрген кейбір түйткілді мәселелер ойыма келді.
Алып Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түсіп, колхоз-совхоздар құрыды, қорадағы мыңғырған мал “бартерге” кетіп, техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ауылдарда дырдай жігіттер екі қолдарына бір күрек таба алмай аңырап қалды. Дәл сол тұста Жамбыл ауданының Петровка ауылынан Бауман стансасына дейін тартылған көтерме жолға асфальт төселіп жатыр еді, ол да тоқтап қалды. Тозығы жеткен жолмен жаз жауында, қыс боранда қатынас қиындады. Жол азабын тартқан ауылдар сол төңіректегі елді мекендерден көше бастады. Октябрь, Жалтырша, Ақбалық, Ольговка ауылдары қаңырап қалды. Даңқты жазушы Ғабит Мүсіреповтің кіндік қаны тамған Жаңажол, одан әріректегі Қарақамыс ауылдары да жабылудың аз-ақ алдында тұр. Осы проблемаларды көтеріп, ең құрығанда Петровка – Бауман жолына қиыршықтас төселсе деген өтінішпен облыстың бірінен соң бірі ауысып жатқан үш әкіміне де бардым. Он шақты жылғы еңбегімнен онша нәтиже шықты деп айта алмаймын. Мен ауыл жаққа барған сайын кездескен адам: “Жол қашан салынады?” – деп сұрайды. Мен оларға: “Оны осында тұратын сен білуің керек”, – деймін. Мұны айтып отырғаным, қанша айтсам да сол адамдардың бірде-бірі жоғары жаққа проблемаларын айтып, хат жазбайды. Олар үшін біреу жазуы керек, біреу жүруі керек. Әй, қазағым-ай! Қашан оянар екенбіз?!
Кеңес Одағы кезінде совхоз директорлары да, колхоз басқармасының төрағалары да сол жердің “құдайлары” болды емес пе?! “Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс” дегендей. Оларға некен-саяқ біреулер болмаса, ешкім қарсы келе алған жоқ. Ал солардың көбінің ары – патриот бола алды ма? Болмаған сияқты.
Ол кезде сыбайлас жемқорлық деген ұғым болған жоқ. Жемқор деген ұғым болды. Менің пікірім бойынша екеуінің мән-мағынасы мынадай: сыбайлас жемқорлықта адам пара бере отырып, өз мәселесін шешеді. Мәселені шешіп берген адамның қалтасына көлденең табыс түседі. Бұл қылмыс болса да екі жаққа да тиімді. Сондай-ақ, бірнеше лауазымды тұлға өзара келісіп не мемлекеттің, не жеке тұлғаның қаржысын жеп кетеді. Ал жемқор өзінің ғана құлқынын ойлайды. Басқаларға пайдасы жоқ. Тіпті жемқорға көмектескендер зиян да шегіп жататұғын.
Бірер мысал келтірейін: журналист болғасын ауылдарға іссапарға жиі шығамыз. Сонда кейбір шаруашылықтардың, тіпті аудандардың басшылары орындарында болмайды. “Басшы қайда?” – деп сұрасаң хатшысынан: “Ол Түменге құрылыстық ағаш іздеп кетті”, – деген жауап аласың. Құрылыс материалдарын шаруашылық басшылары іздесін-ақ, аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы неге барады екен деп ойлайтынмын.
Бақсам, бұл іссапарлар басшыларға өте тиімді екен. Совхоз, не колхоз басшысы бір жаңа үй салуға кететін қаржыны қалтасына басып кетсе, аудан көлеміндегі басшы шаруашылықтар үшін қарағай, бөрене іздеп кеткенде әрқайсысынан бір-бір үйдің қаржысын алып, қалталарына басады екен. Әрине, оның белгілі бір бөлігі ол жақтағы орман шаруашылықтарының басшыларын “ішкізуге” жұмсалады. Бірақ басым бөлігі өздерінде қалатыны анық. Ол кезде әрбір шаруашылықта жылына кемінде 15-20 тұрғын үй салынуға тиіс болатын. Бастықтың қалтасында кеткен ақша солардың бірінің есебінде. Ол ақшаны жабу үшін прораб бір үйдің жоспарын, құрылыс жүргізген адамдардың, оларға ақы төлеген тізімдерін қабылдау қаттамасын, тағы басқа да құжаттар жасауы керек. Олай істемегендер ол қаржыны не өз қалтасынан төлейді, не абақтыдан бір-ақ шығады. Менің бір танысым – Мамлют ауданындағы сол кездегі “Меңгесер” совхозының прорабы басшының Түмен сапарында қалтасына басқан ақшасына кезінде негіз болатын құжат толтыра алмай қалып, түрмеде отырып шықты.
Тағы бір айта кететін жайт, кеңес заманында шаруашылық басшыларының басым бөлігі халықтың тұрмыстық жағдайын ойлаған жоқ. Халық қысқа отын-көмір дайындап, малына шөп шауып алды ма деп бастарын қатырмайтын. Керісінше, шаруашылық қоғамдық малға қажет жемшөп қорының 70-80 пайызын жасап алмайынша, тұрғындарға шөп дайындауға рұқсат бермейтін. Ал кәрі-құртаң болса, ормандар мен шіліктердің ішіндегі, көл жағалауларындағы техника жүре алмайтын жерлердегі шөпті қолшалғымен шабушы еді ғой. Соның өзіне рұқсат болмайтын. Олардың халық қамын қаншалықты ойлағанын осыдан-ақ көре беріңіз!
Бұл орайда халық қамын ойлаған бір адамды білемін. Ол – марқұм Есләмбек Рамазанов. Оны халық “тентек Есләмбек” деп атайтын. Өйткені, бөлімше басқарушысы бола тұра, ешкімге бағына бермейтін. Ол жаз шыға орман шаруашылығынан ауыл тұрғындарына ағаш жаздырып алып, механизаторларды түгел жұмылдырып, кестіріп, әрбір үйдің маңына әкеліп түсіртетін. Әр үйді көмірмен қамтамасыз ететін. Тұқым себу аяқталысымен қоғамдық малға шөп шабуға кірісіп, бұл жұмыс еңсеріле бастағасын әр үйге малының санына қарай шөп жеткізіп, үйгізіп беретін. Сонда қолына айырын ұстап өзі бірге жүретін. Ал күзгі орақ науқаны аяқтала қоймадан бірнеше жүк автокөлігіне астық тиеп, Пресновка ауылындағы диірменге апарып үктіріп, әр үйге отбасы мүшелерінің санына қарай ұн түсіріп беретін. Егер ауыл адамдары басқа жаққа тойға, не дұғаға баратын болса, көлікті аямайтын. Қыстың көзі қырауда қоғамдық малдарына жемшөптері жетпей қалған көршілес ауылдар өздерінде жұмыс күштері жеткілікті болуына қарамастан, отыз-қырық шақты ғана түтін түтетіп отырған Октябрь ауылынан трактормен шөп тасушы еді-ау! Қазір бұл дүниеде Есләмбек те жоқ, облыс картасында ол ауыл да жоқ…
Кеңес Одағы тұсында біздің облыста “Союзцелинвод” тресі” атты үлкен кәсіпорын болды. Бұл мекеме Мәскеуге ғана бағынатын, жерасты құбыры арқылы өңіріміздің барлық елді мекендерін, сондай-ақ, Ресейдің бізбен көршілес облыстарының бірқатар аудандарын таза ауызсумен қамтамасыз етіп тұрды. Ол Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген, жер жүзіндегі ең ұзын су құбыры деп есептелетін. Басшысы Қызылжар өңіріне өте сыйлы азамат – Қаттай Кеншінбаев болатын. Осы трест облыс көлемінде және қалада көптеген үйлер, мәдени-әлеуметтік нысандар салды. Сол кезде Мәскеуден аталмыш треске үлгілі ауыл салуға тапсырма берілсе керек. Ондағы үйлерге қаладағы пәтерлердегі сияқты суық және ыстық су, жылу бір орталықтан тартылуға тиіс екен. Әр үйге он бес сотықтан жер бөлінді. Оған Қызылжардан 15 шақырым жердегі Кривоозерка ауылының жері берілді. Осыған қызығып, Жарасбай Сүлейменов екеуміз де жер алдық. Бірақ қолымыздағы қаламнан басқа ештеңеміз болмағандықтан, үй сала алмадық та, еншілі жерімізге картоп отырғызудан аса алмадық. Ал ауылда екі-үш қабатты коттедждер қаптай бастады. Сұрастырып білсек, көбінің иелері совхоздардың директорлары, қала мекемелерінің басшылары болып шықты. Кейіндеу облыстық социалистік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімі директорлардың ондай құрылысқа қаржыны қайдан алғандықтарын тексере бастағанда көбі жаңа бастаған, тіпті құрылысы бітіп, ішкі әрлеуі қалған үйлерін тастай-тастай қашқаны есімде. Ал облысымыздан тысқары жерлерде, тіпті Мәскеу маңында үй салып алғандар қудалаудан құтылып кетті. Міне, “қызыл директорлардың” ары мен патриоттық сезімі осындай болған!..
Кеңес өкіметі кезінде кісі өлсе “ажалы жетті” деп жерлей салатын, ал шаруашылықтың бір малы шығын болса: “Ол неге? Неден өлді?” – деп тергеуге алатын заман болды ғой. Анатолий Захаров, Руслан Бекузаров, Иосиф Миллер басқарған “Ленинский”, “Чапаев”, “Қарағанды” совхоздары мен тағы бірнеше шаруашылықта ғана жұмысшыларға тізім бойынша арзан бағамен ет сататын арнайы дүкендер болды. Басқаларынан “әкем өліп жатыр” десең де, бір килограмм ет жаздырып ала алмайсың. Қызғыштай қорғалған бірнеше мыңдаған мал айналасы екі-үш жылда көзден ғайып болды. Солардың бәрін кімдер, қалай жеп қойды екен, шіркін? Басқа дүние-мүлік қайда кетті? Осыны да кейбір басшылардың пайдаланып қалғаны жасырын сыр емес.
Бірде журналистік іссапармен Мамлют ауданындағы Ленин ауылына бардық. Ойымыз қазақ ауылының еліміз егемендік алған алғашқы жылдарындағы хал-ахуалын бейнетаспаға түсіріп, теледидардан көрсету болатын. Ауылдың кейпін көріп, шошып кеттік. Бұрнағы совхоз орталығы кезінде тұрғызылған ақшаңқан үйлердің сиқы өзгеріп сала беріпті, мәдени-тұрмыстық ғимараттарда саутамтық жоқ, тіпті кейбіреуі ұшты-күйлі жоғалған.
– Ауылдан береке қалмады. Бір директор тұралатып кетіп еді, соңғысы өз ауылымыздың төл тумасы болатын. Мал, дүние-мүлікті өз меншігіне түсіріп алса керек, өзі басқа жаққа көшіп кетті де, ғимараттарды бұзып әкете бастады. Балабақшаны, машина-трактор шеберханасын бұзып алып, енді клубқа қол сала бастағанында ауыл тұрғындары қолдарына айыр-күректерін ұстап шығып, ұрыс-керіспен әрең дегенде бұзғызбадық, – деген болатын сол кездегі ауыл әкімі Серік Бәкеев.
Осыған ұқсас мемлекет мүлкін талан-таржға салу оқиғалары облыста жиі орын алды. Туған ауылының болашағына балта шапқан, сонда тұрып жатқан туған-туысқандарын, ауылдастарын аямаған ондай адамнан не үміт, не қайыр? Өз басым, осы өңірде ауылының тағдырын ойлаған саусақпен санарлықтай азаматтардың ішінде Біржан Шәймерденовті ерекше айтар едім. Ол өз жерлестерінің жағдайын ойлап, қаладағы қызметін, жайлы пәтерін тастап, Аққайың ауданындағы өзі туып-өскен Дайындық ауылына қоныс аударып, шаруашылық басқаруды қолға алған. Қазір ауылдың өрісі толған мал, егін шығымдылығы жөнінен өңірімізде алдыңғы қатарда, емхана, клуб, мешіт жұмыс істейді, жылда бірнеше тұрғын үй салынады. Ауыл көшелеріне асфальт төселген, таза ауызсу тартылған. Механизаторлар мен малшылардың көбіне жеңіл автокөлік алып берді. Осындай тұрмысты көргендер Дайындыққа көшіп келуге ұмтылуда. Нағыз “оазис” емес пе бұл?! Міне, арлы азамат деп, патриот деп Біржанды айт!
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жолым түсіп Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы бір іргелі ауылға барғанымда, қолдарына балта, балға ұстай алатын тұрғындардың бәрі жабылып сап-сау тұрған механикаландырылған қырманды бұзып жатқанын көрдім. Әркім бір-бір бөлшектен бұзып алып жатыр.
– Бұл бөлшектерді не қыласыңдар? Заман осылай бола бермес, “Орнында бар оңалар” деген ғой. Сол кезде қырман керек болады ғой. Одан да күзет ұйымдастырып, сақтай тұрмайсыңдар ма? – деймін.
– Біз бұзбасақ, басқа біреулер ұрлап әкетеді, одан да бөлшектерді үйге апарып қойсақ, көрші ауылдардан іздеп келетіндер болады, соларға сатамыз, әйтпесе жемге, араққа айырбастаймыз ғой… – десті ауыл адамдары.
Өзін-өзі тонаған осы емес пе?! Ал сол аудандағы тағы бір ауыл тұрғындары совхоз кеңсесін бір түнде түгелдей бұзып әкетті. Таңертең мал шығарған жұрт кеше кешке ғана сап-сау тұрған үлкен ғимараттың орнын ғана көргенде, өз көздеріне өздері сенбесе керек. Естімеген елде көп деген осы. Ал қанша мал қорасы, қаншама мәдени-тұрмыстық ғимарат бұзылды десеңші?! Соның бәрін істеген өзіміз – ауыл тұрғындары.
Еліміз бөлек шаңырақ көтерген жылдардың басында ұсақ шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында үстемесіз несиелер берілді. Ол облыстық шаруа қожалықтары қауымдастығы арқылы берілді. Мен білетін екі жігіттің бірі сол несиеге жеке өзіне жеңіл автокөлік алып, оны қаладағы туысының атына жазып, өзі сенімхатпен мініп жүрді. Екіншісі теледидар мен магнитофон алыпты. Ол кезде ауылда ондай құралдар бола бермейтін. Бір тиын ақша көрмей, аштықтың аз-ақ алдында отырған ауылдастары оларға, әрине, қуана қойған жоқ. Басшыларына ерегіскен жігіттер астықты егіндік басынан басқа жаққа жіберіп, сатып отырған. Қоймадан трактор багына толтыра солярка құйып алып шығып, өз үйлеріне барып, бөшкеге қотарып, ұмыттыра беріп, қайтадан қоймаға жанармай алуға келеді екен. Бір адам бәрін бақылай ала ма? Ақыры екі шаруа қожалығы да банкрот болды. “Жарлы болсаң да, арлы бол” деп бекерге айтпаған ғой атам қазақ.
Міне, осындай келеңсіздіктердің бәрі елді мекендердің, әсіресе, қазақ ауылдарының азып-тозуына әкеліп соқты. Оның үстіне көпшілік ауылдардың тұрғындары әбден жалқауланып алғанға ұқсайды. Дырдай жігіттер “екі қолдарына бір күрек таппай” бос отырған ауылдан жазда жекеменшіктің малын бағатын бір адам табылмайды. Соңғы жылдары қоғамдық мал болмағасын шөптің шығымы да жақсы. Орман-тоғайлардың, көлдердің айналасы түгіл, бұрынғы егістік алқаптарда шыққан қалың шөпті қолшалғымен шабуға болады. Бірақ ауылдардан қазір бір шалғы таба алар ма екенсің?! Ат арба деген мүлде ұмытылған. Шіркін-ай, ауылда селтеңдеп жүрген жастар мына шөпті неге қолшалғымен шаппайды екен деп ойлайсың. Сонда қымбатқа шөп сатып алмас еді ғой.
Жуырда бір ауылда ауызашарда болдым. Ас беріліп, енді шай дастарқаны жайыларда ауызүй жақтағы әйелдер шу ете қалды. “Сонша не болып қалды?” – десек, шайға құятын сүт жоқ болып шықты. Сондықтан ауылдағы саудамен айналысып отырған үйге кісі жіберіп, Ресейден әкелінген қалбырдағы “Шадринск сүтін” әкеліп құюға тура келді. Сұрап білсем, бұл ауылда ешкім сиыр саумайды екен. Бұзаулар енелерінен бөлінбей, сиырлармен бірге жайылатын көрінеді. Не деген масқара?!
Әрине, Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарының бәрі бірдей осындай мүшкіл халге түсіп отырған жоқ. Жұрт қамын ойлайтын, жанашыр басшылары бар талай ауыл нарықтан өз орнын тауып отыр. Күн күркіресе – бісміллә деп, сырқаттанып қалса – көз, не жел тиді деп, қиындық көрсе – көппен көрген ұлы той деп, бейғам отыра беретін қазақпыз ғой. Бірақ нарық заманы ондай жайбарақаттығымызды көтере бермейді. Бұл орайда ұлы ойшыл ақын Абай: “Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айрылмас азап”, – деген екен. Ең құрығанда, мал ұстап, бала өсіріп, ауыл қамын ойлаған жөн емес пе?
Қайран, ауылдар-ай!..
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
мәдениет қайраткері,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Петропавл қаласы.