«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЖЫМНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа тарихи кезең жағдайында 30 ең дамыған мемлекет қатарына ену жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында экономиканың алты саласына білікті мамандар даярлау көзделген. Петропавл қаласындағы қызмет көрсету саласы колледжі де осы талаптан шығуды көздеп, өңір экономикасында сұранысқа ие мамандарды оқыту үстінде. Білім ошағынан бүгінгі таңда 25 мыңнан астам маман үлкен өмірге қанат қақты. Мамандарды даярлауда колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ашамаеваның да қосқан үлесі зор.

Гүлнар Ерғалиқызы 1984 жылы Новосібір кеңестік кооперативтік сауда институтын бітірген. Ол Сергеевка қаласындағы қоғамдық тамақтандыру бірлестігінің директоры болып он бес жыл еңбек етті. Алайда, адамды заман билеген сонау жылдары Петропавлға көшіп келіп, №5 кәсіптік-техникалық мектепке оқытушы болып орналасқан. Содан бері өмірін ұстаз деген ұлы мамандықпен байланыстырып, шәкірт тәрбиелеу жұмысына етене араласуда. “Тәрбие – баланың өмірін дұрыс ұйымдастыру” деп білетін Гүлнар Ашамаева алдындағы шәкірттерінің оқумен қатар, дұрыс тәрбиеленуіне де баса назар аударады.  

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі экономика мен маңызды индустриялық басымдықтар сұраныстарына лайық болуы үшін ұжымда айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Аталмыш білім жүйесінде соңғы кезде әлеуметтік әріптестік қанатын кеңге жайып келеді. Білім ошағында әлеуметтік әріптестік, бизнес өкілдері және жұмыс берушілермен ынтымақтастық тәжірибесі қалыптасқан. Бұл бағыттағы жұмысқа да Гүлнар Ерғалиқызы басшылық етеді. 2005 жылдан бері колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқан ұстаз студенттердің қаламыз бен облыс аумағындағы кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтулері, сондай-ақ, кейін сол мекемелерге жұмысқа орналасулары бойынша әлеуметтік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бұл байланыстың одан әрі нығая түсуіне жағдай жасайды.

“Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Ол оқуды, ізденуді тоқтатқан кезде мұғалімдігі де жойылады”, – деп орыс педагогі Константин Ушинский айтқандай, Гүлнар Ерғалиқызы өз жұмысын жетілдіруден бір тынған емес. Оқу үдерісіне осызаманғы тиімді технологияларды енгізіп, олармен колледждің басқа педагогтерін таныстырып, студенттердің кәсіби даярлық деңгейін бағалауда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ол өзінің педагогикалық мол тәжірибесімен жас оқытушылар және өндірістік оқыту шеберлерімен бөліседі.

Оқу орнының инженерлік-педагогикалық ұжымы мен студенттері облыс, республика көлемінде өткізілетін шеберлік шыңдау конкурстарына, басқа да шараларға белсене қатысады. Колледж студенті Дарья Стригнер Атырау қаласында өткен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында жүлделі 2-орынға ие болса, өзім Гүлнар Ерғалиқызының жетекшілігімен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында “Өндірістік оқытудың үздік шебері” атандым.

Мен өмір жолымның осындай ғажайып жанмен тоғысқанына ризамын. Гүлнар Ерғалиқызы бұрын маған арнайы пәндерден сабақ берсе, бүгін де жол сілтер тәлімгерім, көп жылғы тәжірибесімен шын көңілімен бөлісіп, шабыттандыратын әріптесім.

Ол өз ісіне шексіз берілген білгір басшы және ұйымдастырушы, бойындағы осы ізгі қасиеттерін ізбасарларына таратушы. Ұжымның үлгі тұтар өнегесіне, мақтанышына айналып, зор құрметке ие болған Гүлнар Ерғалиқызы таяуда “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды. Бұл – әріптесіміздің еліміздің білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбегі мен өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін берілген баға.

Ольга МАКИШЕВА,

Петропавл қаласындағы

қызмет көрсету саласы колледжінің

өндірістік оқыту шебері.

СУРЕТТЕ: Г. Ашамаева.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp