Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ажырасып жатқан отбасылар саны көбейіп барады. Бір кезде “үй боламыз, бала-шаға тәрбиелейміз” деп қиялдың қалайы шамын ұстап, шаңырақ көтергенімен, өмір сынына шыдай алмаған ерлі-зайыптылар заң түрінде ажырасқан соң, жолы ақыры екі жаққа бөлініп тынады. Жоқ, мұнымен олардың “әңгімесі” таусылмайды. Керісінше, өмірдің жаңа бір парағы басталады десек, артық айтқандық болмас. Бұл жерде олар енді бұрынғыдай бір-бірін іздеп, кездесуге асықпайды. Керісінше, бір-бірін қалайда көрмеуге, кездесіп қалса, танымаған адамдай өте шығуға тырысады.
Әдетте, ортада бала болса, ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеудің “әні” басталады. Яғни, біреуі тапқан ақшасын баласынан қызғанып, сот орындаушыларынан, әйелінен қашса, екіншісі соңынан қуып жүріп, қарызын төлетіп алудың амалдарын қарастырады. Бірақ заң үкімі орындалғанша да біраз уақыт өтіп, жүйке тозады. Қоғамда “тірі жетімдер” атанған балалардың осындай тәлкекке түскен тағдыры кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын ғана ойлайтын кейбір әке немесе шешенің осындай қатыгездігіне жаның ауырады. Құстар да, жыртқыш аңдар да өздері аштан бұратылып жатса да, балаларына тамақ тауып беруге, соларды өсіруге амал жасап, тырыспай ма? Осы жағынан алып қарағанда дала кезген жыртқыштан адам баласы әлдеқайда қатыгез болып бара жатқан сияқты. Бауыр еті – баласын өзінің мейірімінен айырғанымен қоймай, тамағына, киіміне, оқуына қажетті азғантай ғана ақшасынан қағу әкеге де, анаға да абырой әкелетін іс емес.
2015 жылдың 9 айы ішінде борышкерлермен жүргізілген жұмыс жайында мәлімет алу үшін облыстық әділет департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Олардың айтуынша, бөлімнің сот орындаушылары 119 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 665-бабы бойынша прокурорға, тергеушiге және анықтау органына, сот орындаушысына, сот приставына келмеу фактісі 34 рет тіркелген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 85 азамат сот үкiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамаған.
Мамандар кейбіреулердің алимент төлемеу үшін неше түрлі айлашарғыға баратынын айтқан. Оның ішінде өздерінің жұмыс істемейтіндігі туралы түрлі жалған құжат әзірлеу фактісі жиі кездеседі. Бұрынғы күйеуінен алашағын ала алмағандықтан, сот орындаушыларының көмегіне жүгінген әйелдердің бірі – Қ. есімді келіншек. Жақын аудандардың бірінде ұстаз болып жұмыс істейтін ананың баласы бүгінде жеті жасқа аяқ басқан. Оның бұрынғы күйеуінің қарызы 200 мыңнан асып жығылады. Бірақ баласына тиесілі ақшаны төлеуге асығып жүрген әкесі жоқ.
– Бұрын Петропавл қаласында болғанда ара-тұра сөйлесіп, аздап ақшасын өндіріп алатынмын. Ал қазір ол үйленіп, басқа қалаға көшіп кетіпті. Телефонын көтермейді. Бала алдындағы қарызы ай сайын өсіп барады. Маған оның ақшасының керегі жоқ, тым болмаса баласына киім-кешек әперіп, бір жағынан шығысса, көмек болар еді, – дейді амалы құрыған келіншек.
Елімізде баланы бағып-қағу, өсіру, оқыту сияқты маңызды мәселелердің барлығын әйелдердің мойнына артып қойып, алимент төлеуден жалтарып жүргендермен күресуге мән берілмей отырылған жоқ. “Baq.kz” ақпарат көзінің хабарлауынша, жалпы, қазір Қазақстан бойынша алиментті өндіруге қатысты 213 мың сот шешімі шыққан. Борышкерлердің төрттен бір бөлігі ғана өзі біліп, балаға ақша аударса, қалғандары түрлі сылтаумен бой тасалайтын көрінеді. Өткен жылы заңға енгізілген өзгеріс бойынша осындай борышкер 3 айдан артық алимент төлемесе, қылмыстық іс қозғалып, 2 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда мұндай іс-шаралар облыс аумағында да жоспарлы түрде атқарылуда. Облыстық әділет департаменті әкімшілік айыппұлдар өндіріп алу жөніндегі бөлім басшысы Аман Токушевтің айтуынша, бала алдындағы қарызын өтемеген азаматтар заң бекіткен ережені сақтамаса, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, мүліктері тәркіленеді, шетелге шығуға тыйым салынады. Аман Жамбылұлының сөзіне сүйенер болсақ, алиментті төлемеген азаматтардың басым бөлігі – ерлер, бірақ балаларына ақша төлеуді артық санайтын безбүйрек әйелдер де жоқ емес.
Шетелде алимент төлемейтіндермен күрес күшейтілген. Оларда тіпті борышкерлердің ұялы телефондарына ақша да аудартпайды екен. Бұл жолды біздің елде де қолданса, бәлкім, баласына қарызы бар адамдар ойланар?
“Әке көрген оқ жонар” дейді қазақ. Ата-ананың перзент алдындағы міндеті орындалмаса, баладан қандай қамқорлық күтуге болады?
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.