– Менің ұлым тым ынжық, өзінің пікірін, көзқарасын еркін жеткізе алмайды. Қазір орта буынға аяқ басқан баламның болашағына алаңдаймын. Бұл мінезімен ертеңгі күні әркімнің қолжаулығына айналып кете ме деген қаупім бар. Осының алдын алу үшін не істеуім керек?
– Сіздің алаңдауыңыз орынды. Жасөспірімдік жас (10-11 жастан бастап 13-14 жасқа дейін – бала мен оның ата-анасының өміріндегі ең күрделі де жауапты кезең. Бала бойында даму мен өмірдің барлық жақтарын қамтитын сапалық өзгерістер болатындықтан, осы кезеңді “дағдарысты жас” деп те атайды. Бұл кезеңді әр бала әртүрлі өткереді. Бірінде өз-өзіне сенімсіздік, жасқаншақтық болса, екіншісінде құлықсыздық, дөрекілік сияқты жағымсыз жайттар көрініс табады. Көпшілік жағдайда ата-ана баласын тәртіпке саламын деп, оның жеке пікірімен санаспай, басып тастайды. Оны әр қателігі, өздерінің өтініштерін орындамағаны, тағы басқа үшін жазалап, қатты кетеді. Тараптар арасындағы ерегіс жағдай қалыптасады. Бұл жағдай кей баланың наразылығын тудырса, енді бірі, керісінше жуасып, ұяңданып, барлығын ішке бүгіп қалады. Сондықтан ата-ана баласының өзіндік “Менін” қалыптастыруға, тұлғалық ерекшеліктерін анықтауға, жасөспірімдік кезеңде кездесетін қиындықтарды жеңуге көмектесуі тиіс. Ол үшін мына қағидаларды есте ұстаған жөн:
1. Баланы жетістік пен дәрежесі үшін емес, Алла жаратқан бітім-болмысымен қабылдап, сол қалпында жақсы көретініңізді сездіріңіз.
2. Қателігі үшін оны кекетіп, бетінен алмаңыз, басқалармен салыстырмаңыз.
3. Баланың әр сұрағына мұқият болыңыз және шыдамдылықпен жауап беріңіз. Онымен жеке сөйлесуге күнде уақыт бөліңіз.
4. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.
5. Әр жетістігі үшін мақтап отырыңыз. Баланың өзін емес, іс-әрекетін бағалаңыз.
6. Табысқа күшпен жетуге болмайды. Оған күш көрсетіп, тапсырманы орында деп талап етпеңіз.
7. Бала қателесуге құқы бар екенін білсін.
8. Үлкендер өзіне қалай қараса, бала да өзі туралы сол пікірде болады.
9. Өзіңізді баланың орнына жиі қойып отырыңыз.
10. Отбасылық мәселелерге балаңызды қатыстырып, оның жеке ой-пікірімен санасыңыз.
11. Оның сүйікті ісіне қажет заттарына қол жеткізуін қамтамасыз етіңіз.
12. Балаңыздың бастаған ісін ойдағыдай аяқтауына жағдай жасаңыз.
13. Мұғалімдермен, сынып жетекшісімен, мектеп психологімен тығыз байланыста болыңыз, бірлесе жұмыс істеңіз.
14. Баланың қызығушылығын ескере отырып, оның таңдауымен үйірмелерге (спорт, би, зияткерлік ойындар, өнер, т.б.) қатыстырыңыз.
Маржан ЖАНБАТЫРОВА,
Қожаберген жырау атындағы
№6 орта мектептің психологі.
Петропавл қаласы.