Ставрополка орта мектебінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған онкүндік өтті. Шара оқушылардың еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, оларды тіл мәдениетін сақтай білуге үйрету, қазақстандық патриотизм мен этносаралық келісімге тәрбиелеуді көздеді.
Онкүндік барысында әр этнос өкілдерінің балалары өз ана тілінде және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өлеңдер оқып, ән салды. Бастауыш сынып оқушылары аға тәлімгер Татьяна Перегородиеваның ұйымдастыруымен өткен “Менің Отаным – көпэтносты Қазақстан” тақырыбындағы сурет сайысына қатысып, кітапханашы Мария Скопиченконың атсалысуымен әзірленген “Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі” кітап көрмесін тамашалады. Гүлмира Жакишева мен Анастасия Гаркуша өткізген “Тіл – достық пен келісім тірегі” атты сыныптан тыс іс-шарада балғындар Отан, туған жер, тіл туралы тамаша өлеңдер оқып, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің мағынасына бойлады. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мадина Ермағанбеттің 3-сыныптағы “Әрі оқу, әрі ойын” тақырыбындағы сайыс сабағы қызықты да тағылымды болды.
“Тіл – ұлттық байлық” тақырыбындағы шығармалар сайысында орта буын өкілдері ерекше көзге түсіп, жүлделі орын алған оқушылар марапатталды. Жоғары сынып оқушылары орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нина Касьяненконың “Люби, цени и знай русский язык” тақырыбына арнаған ашық сабағында тілдің адам өміріндегі және қоғамдағы атқаратын рөлі, сөйлеу мәдениетін дамыту жолдары, орыс тіліне деген сүйіспеншілік пен қызығушылықты арттыру туралы ойларын ортаға салды. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Зульфия Кударбекованың “Мәңгілік Ел – мәртебелі тіл” тақырыбындағы әдеби-сазды композициясы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері Айша Кударбекова және Виктория Рогова бірлесіп “Менің отбасым”, “Қазақ халқы қонақжай” тақырыптарына ашық сабақтар өткізді. Онда оқушылар қазақ және ағылшын тілінде айтылған сөздерді тыңдай білу, ұғыну, түсіну, сөйлесе білу, айту дағдыларын дамытумен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеуді, этносаралық сыйластықты, Отанға деген сүйіспеншілікті қалай арттыруға болатыны жайлы пікірлерімен бөлісті.
Шараның полилингвалды жеке тұлғаны дамытуға, оқушыларды елжандылыққа, достыққа, келісімге, төзімділік пен өзара түсіністікке тәрбиелеуге ықпалы зор болды.
Нина КАСЬЯНЕНКО
Ставрополка орта мектебінің
орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.