Петропавл қалалық Мәдениет үйінде “Қызылжар жастары” КТК одағы” облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджановтың бастауымен көңілділер мен тапқырлар клубының қазақтілді командалары арасында “Жайдарманның” облыстық кезеңінің ойындары өтті.
“Тарих, ата-ана және мектеп” ұранымен өткен сайысқа облысымыздың іріктелініп алынған үздік 21 команда қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер мен облыс орталығындағы Әскери институттың курсанттары болды.
КТК жастардың қызығып ойнайтын, көпшіліктің тамсана тамашалайтын ойынына айналды. Сахна мәдениеті мен шеберлігі, мимика, ой ұшқырлығы сияқты өнер атаулының түрлі жанрларын қамтитын аталмыш ойын шығармашыл жастардың шеберліктерін жетілдіре түсіп отырғанын көрсетеді. КТК ойындарының өзге шоулардан басты айырмашылығы да осында болса керек.
Өкінішке қарай, бұл жолғы ойында жергілікті “Көңілділер мен тапқырлардың” қалжыңдары әдеттегідей, қоғам мен саясаттағы түйткілді мәселелерге, елдегі жалпы ахуал мен егемен елдің жетістіктеріне толы болады деген үмітіміз ақталмады. Өз әзілдерінде саламатты өмір салтын ұстану, мемлекеттік тілді дамыту, өз елінің патриоты болу қажеттігін астарлы қалжыңдармен жеткізуге тырысып бағады деген ойымыз да жүзеге аспады.
Үш сағатқа созылған шара барысында кейбір командалардың көрсеткен өнері көрерменнің ойынан шыға бермегені анық. “Сын түзелмей, мін түзелмейді” демекші, барлық қатысушыларға ортақ бір кемшілік – әзілдердің бір сарында, бір тақырыпта, егіз қозыдай бір-біріне ұқсас болып келуі ойынның сәнін бұзды. Әрине, студент пен мектеп оқушысы болған соң әңгіме өз деңгейінде қызық болар тақырып аясында өрбиді. Бірақ айтылған әзілдің басым бөлігі автобустың ішінде болған оқиға, қыз бен жігіттің сөйлесуі, ауыл дискотекасы, “көгілдірлер” маңайында өрбіп, залды біраз жалықтырып алды. Мұндай арзан әзілмен бүгінде біреуді таңғалдыру қиын. Тағы бір ұққанымыз, қатысушылар сахна мәдениетінен хабарлары шамалы екендігінде. Қанша жерден КТК әзіл-шоу болғанымен, сауатты сөйлеу, өзіңді сахнада мәдениетті ұстау бәріне ортақ міндет емес пе?! Сахна төріне шыққан екенсің, өзің де, көрермен де сен үшін ұялмайтындай өнер көрсетуге тырысуың қажет. Командаларға аса қажетті музыкалық аппаратура да сын көтермейді. Керекті жерінде қайта-қайта өше берген бұл техникалық ақаулар жеңіске жетеміз деп жігерленіп келген кейбір құрама мүшелерінің көңілдерін су сепкендей басқан секілді.
Ойын өткізілмес бұрын командалардың барлық әзілдері ұйымдастырушылардың қатаң сүзгісінен өткен әзілдерге ғана сахнаға жол берілетіндігін ескерсек, көңіліңіздің одан бетер түсері анық. Сүзгіден шыққан үздік әзілдеріміз осы болса …
Тартысты өтті дей алмайтын сайыстың нәтижесінде финалдық ойындарға жолдаманы 21 команданың тең жартысы алды. Олар – “Сұңқар” (Ғабит Мүсірепов атындағы ауд.), “Анда-санда күліп қойып” (Мағжан Жұмабаев ауд.), “Шәжімбаев жастары” (Есіл ауд.), “Алтын жүрек” (Айыртау ауд.), “Ойпырмай” (Жамбыл ауд.), “Қызылту құрамасы” (Уәлиханов ауд.), “Тайынша ұландары” (Тайынша ауд.), “ЖаСтар” (СҚМУ) және “Оян, қазақ!” (СҚКПК).
Шара соңында сөз алған қазылар алқасының мүшесі, “Жайдарман” әзілдерінің авторы Қасиет Кәрім қазақтілді КТК бүгінгі күні үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырғанымен, онда жетілдірілуі тиіс тұстар әлі де бар екендігін атап өтті. Мәселен, ол қалжыңдарды көрермендерге ұсынбас бұрын сахна мәдениетін сақтау мақсатында оларды әбден сүзгіден өткізу қажеттігін қадап айтты.
Айта кетейік, қазанның 28-і күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында бәйгеге облыс әкімінің кубогы тігілетін “Жайдарман” республикалық фестивалі өтеді. Өнер көрсететін жергілікті командалардың қатарына республикамыздың өзге қалаларынан бірнеше үздік командалар қосылады деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.