«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУ ЕШҚАШАН КЕШ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осызаманғы мектеп пен педагог үшін “өмір бойы оқу” қағидасы басты ынталандырушы ұстанымға айналды. Өйткені, қазіргі күні өмір бойы оқып, жаңа білімді тауып, онымен сусындау – педагог пен мектептің маңызды міндеті.

Бүгінгі күні ауыл мен қала мектебінің арасында айырмашылық болмауы тиіс. Педагогтің жаңа талаптарға сәйкес кәсіби дамуы – басты міндет. Бұл орайда педагогтердің деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктіліктерін арттыруының көмегі мол. Өзім базалық үшінші деңгейлік курсты тамамдап, бағдарлама бойынша жеті модульді тәжірибеме енгізуді үйрендім. Бұл оқушылардың білім деңгейінің сапалық өсуіне оң әсерін тигізді. Оқытудың электрондық жүйесін оқу-тәрбие үдерісіне енгізу де өзінің жемісін беруде. Мен және әріптестерім онлайн режімінде интерактивті оқыту дағдысын жетілдірудеміз.

Мұғалімдерге арналған қашықтықтан оқыту мен интерактивті онлайн семинарлар жұмыстан қол үзбей біліктілікті арттыруға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге, оқудың икемді кестесіне мүмкіндік береді. Тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін әріптестермен үнемі қарым-қатынаста болудың маңызы зор. Онлайн семинарлар, электрондық хабарламалар арқылы сабақ жоспарларын құру тәжірибемізбен бөлісіп, форумдар мен блогтарда оларды талқылаймыз. Сондай-ақ, мұғалімдер өз пәндері бойынша желілік қауымдастық құра алады. Білім саласындағы ақпараттық технологиялар және “әдістемелік жұмыс орталығы мамандарының ұйымдастыруымен өткен “Оқушылардың білім алу кезіндегі кемшіліктерін жою үшін оқытудың интерактивтік әдістерін пайдалану” тақырыбындағы семинар-тренингтер желілік қауымдастық арқылы таратылды. Бұл да педагогтердің кәсіби шеберліктерін шыңдаудың ең тиімді жолы болды.  

Түрлі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, конкурстар мен олимпиадаларға қатысу да кәсіби дамудың қуатты мектебі болып табылады. Мұғалім осындай кәсіби шараларға қатыса отырып, өзінің білімі мен тәжірибесін шыңдайды. Олай дейтінім, мен “Үздік педагог – 2015″ конкурсына қатысып, облыстық кезеңде үшінші орынға ие болдым. Оған дайындық барысында көптеген ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді ақтарып, білім берудің жаңа әдістерін үйрендім. Өз әдіс-тәсілдеріммен бөлісіп, басқалардың тәжірибелерінен қажеттісін алуға мүмкіндік болды. Әріптестеріме айтарым, білім саласындағы педагогтердің өзара бәсекелестігі қажет. Жоғары жалақыға, сұранысқа ие болғың келсе, өмір бойы ізденістен, білімдеріңізді шыңдаудан жалықпаңыздар. Оқу еш уақытта кеш емес.

Талғат СЫЗДЫҚОВ,

Екатериновка орта мектебінің

тарих пәнінің мұғалімі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp