Тәртіп сақшылары заңсыз аңшылықпен айналысуға, ағаш кесуге, экологиялық қылмысқа тосқауыл қою мақсатында жүргізілген рейд барысында Мамлют ауданының Меңкесер ауылы маңында Петропавл қаласының 26 жастағы тұрғыны жүргізген “Toyota Land Cruiser” маркалы автомобильді тоқтатты. Тексеру кезінде көліктен мүшеленбеген сібір елігінің еті, “СZ 527” және “Вепрь-12-молот” маркалы аңшы мылтықтары табылды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды.
“Браконьер” іс-шарасы аясында 120 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 64 аңшылық және 18 балық аулау ережелерін бұзу фактілері бойынша хаттама толтырылды. Азаматтық және қызметтік қаруды, сондай-ақ, оларға патрондарды сатып алу, сақтау, қолдану мен тасымалдауға қатысты 35 құқық бұзушылық әшкереленді.
Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде ҚР Қылмыстық кодексінің “Заңсыз аңшылық” бабы бойынша полицейлер 7 қылмыстық іс қозғады. Ағашты заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға қатысты 52 факті анықталды. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс аумағында жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін – 218, балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін сақтамағаны үшін 186 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.
Есләмбек МӘКЕНОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің бастығы.